Home » Мақалалар » Тәрбие  жұмысын ұйымдастырудың белсенді әдістері

Тәрбие  жұмысын ұйымдастырудың белсенді әдістері

Тлебалдина Саягүл Магауяновна
Шығыс Қазақстан облысы
Көкпекті ауданы Көкпекті ауылы
«Ж. Шайжүнісов атындағы орта мектебі» КММди
ректордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Тәрбие үрдісіндегі жаңа реформалар мектептің даму үрдісіне айтарлықтай өзгерістер еңгізді. Тәрбиеде жаңа педагогикалық әдістер мен озық ақпараттық технологиялар пайда болды. Бүгінгі тәрбие үрдісінде дәстүрлі әдістердің орнын креативті ойлауға, шығармашылықпен шешім қабылдауға, белсенді іс-әрекет жасауға түрткі болатын жаңа технологиялар алмастырды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауында:  «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс.  Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек….» — деген болатын [1]. Бұл мемлекеттің стратегиялық мақсаты болып табылады. Сондықтан да жеке тұлғаға білім ғана емес, тәрбие де маңызды. Тұлғаның қоршаған әлеммен табиғи үндесуі генетикалық процесс болса, ал оның ішкі дүниесінің құндылығы  тәрбиемен тығыз байланысты. Енді біз тәрбие жұмысын ұйымдастырудың белсенді әдістеріне тоқталып көрелік.

Тәрбиенің әдістері мен оны топтастыру мәселесі көптеген ғалымдардың зерттеу нысаны болды. Ғалымдардың еңбектерінде тәрбие әдістерінің жүйесі, алғышарттары, педагогикалық-психологиялық негіздері т.б. талдауға алынды.

Тәрбие әдістері – тәрбие мақсат-міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушінің өзара байланысты іс-әрекеті[2].

Тәрбие әдісі – тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланыс                    іс-әрекетінде оқушылардың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсілдері.

Герцен атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік педагогикалық институтының ғалымдары (Т.Е. Конникова, Г.И. Щукина) жасаған тәрбие әдістерін жіктеу үш топқа бөлінеді. Біз соның ішінде, белсенді әдістерге тоқталсақ.

Тәрбиенің белсенді әдістері – тәрбиені қамтамасыз ететін әдістер жүйесі. Олардың қызығушылықтарын оятады және тәрбие мазмұнын жетілдіруге көмектеседі. Миға шабуыл, постер құрастыру, кейс-стади, дөңгелек үстел т.б. белсенді әдістер:

  • оқушының жағымды мотивациясын қалыптастырады;
  • танымдық іс-әрекетін дамытады;
  • жеке жұмыс жасау қызметін белсендендіреді;
  • оқу ақпараттарын тиімді қабылдауға көмектеседі;
  • шығармашылық және сыни ойлау дағдысын меңгереді.

Белсенді әдістерді қолдану мектепте сабақтан тыс тәрбие формаларында жүзеге асыруға болады. Атап айтқанда, ата-аналар жиналысын өткізу барысында. Жиналыста миға шабуыл әдісін қолдану арқылы тәрбиеге қатысты бүгінгі заманауи проблемаларды шешуге болады.

Интерактивті әдістерді қолдану барысында оқушылар:

— сыни тұрғыдан ойлауға;

— күрделі мәселелерді талдау негізінде шешуге және тиісті ақпарат-тармен алмасуға;

— балама пікірлерді табуға;

— ойластырылған шешімдер қабылдауға;

— пікірталастарға қатысуға;

— басқа оқушылармен коммуникациялық байланысқа түсуге үйренеді.

Белсенді әдістерге миға шабуыл, топтық тапсырмаларды орындау, пікірталас, мини-дәріс, жоба әдісі, кейс-стади, дебат, тренинг әдісі т.б. жатады. Интерактивті тәрбие әдістері өте тиімді, өйткені олар шығармашылық үшін кең мүмкіндіктер ұсынады, оқушылардың өзін-өзі жүзеге асыруына ықпал етеді. Бұл әдістер оқушыға білімді өздігінен іздеуге, шығармашылықпен айналысуға және тез шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Белсенді әдістердің бірі конференция.

Мысалы, ата-аналар конференциясында тәрбиеге байланысты өзекті проблемалар назарға алынады. Конференция барысында ата-аналар өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, баланы тәрбиелеудің тиімді жолдарын ұсынады. Тәрбиедегі келеңсіз жағдайлардың алдын-алуға көмектеседі.

Конференцияда әртүрлі тақырыптар қарастырылады. Атап айтсақ,  «Бүгінгі отбасының құндылықтары», «Отбасына психологиялық көмек», «Баланы ғаламторға тәуелділіктен қалай құтқаруға болады», «Баланы тәрбиелеуде қолданатын жаңа әдістер» т.б.

«Біз шығармашыл жандармыз» атты ата-аналармен оқушыларға арналған көрме ұйымдастыру тәрбие жұмысының  мазмұнын жетілдіреді.

Ата-аналармен және оқушылармен тәрбие  жұмысын ұйымдастырудың тиімді әдісі педагогикалық консилиум болып табылады. Консилиумға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі, педагог-психолог, әлеуметтік педагог,  ата-аналар және басқа мамандар қатысады. Консилиумда тәрбиеге қатысты мәселелер қарастырылады.  Консилиумның мақсаты – бала тәрбиесінде ата-аналарға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету [3].

Рөлдік, имитациялық және іскерлік ойындарды қолдану арқылы тәрбие мәселесіне қатысты сұрақтарды сараптауға болады.

Заманауи мектеп мұғалімі тәрбиенің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгерген тұлға ретінде қалыптасып келеді, ал инновация мен технология қарқынды дамып келе жатқан ғасырда мектеп мұғалімінің ата-аналармен және оқушылармен  жұмыс жасау барысында кеңес берудің пайдасы зор.  Кеңес беру арқылы мұғалім ата-анаға және оқушыға әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсетеді. Кеңес беру әртүрлі педагогикалық және психологиялық тақырыптардың аясында жүргізіледі. Ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты мынандай тақырыптар ұсынуға болады: «Отбасындағы бала тәрбиесінің мәні», «Тәрбиенің заманауи сипаты», «Баланың психологиялық портреті», «Әлеуметтік желі және бала тәрбиесі», «Ғаламтордың пайдасы мен зияны», «Дін және тәрбие»  т.б. Осы тақырыптардың аясында мұғалім ата-аналарға және оқушыға кеңес береді. Бұл тақырыптар ата-ананы ойлануға және талқылауға үйретеді.

Сонымен қатар жиі қолданылатын әдістердің бірі – тренинг.

Тренингтер қатысушылардың өзара әрекеттесе отырып, мәселені әр қырынан талқылауын қамтамасыз етеді. Тренинг ағылшын тілінен аударғанда «train»-жаттықтыру, жаттығу деген мағынаны білдіреді. Тренинг – өзін-өзі тануға, өзін-өзі реттеуге, тұлғааралық қарым-қатынасқа, коммуникативті және кәсіби біліктілікке бағытталған психотерапиялық, психокоррекциялық және тәрбие әдістерінің жиынтығы.

Тренинг барысында оқушылар көптеген сұрақтарына жауап іздестіреді. Сол арқылы шешім қабылдауға үйренеді. «Отбасындағы жылу», «Ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас», т.б. тақырыптарда тренинг өткізу педагогикалық қарым-қатынастың стилін өзгертуге мүмкіндік береді.

Тағы бір әдістердің бірі – коучинг. «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында коучинг ұйымдастыруға болады. Мақсаты: Ата-ананың бала өміріндегі орны мен рөлін айқындау,  ата-аналардың педагогикалық-психологиялық білімін жетілдіру. Атап айтсақ, «Біздің топтың жүрегі» жаттығуы арқылы жүректің адам ағзасындағы маңыздылығы туралы мағлұмат беріп, ата-ана мен баланың жүрегінің тұтастығын дәлелдеу. «Отбасылық құндылық ағашы» жаттығуы барысында ата-аналар топпен жұмыс жасайды. Отбасындағы құндылықтарын бейнелеу арқылы ағаштың суретін салады. Бұл тапсырма ата-аналардың шығармашылығы мен креативті ойлау дағдысын қалыптастырады[4].

Сонымен қатар әртүрлі тақырыпқа арнап, оқушыларға жоба жазуға болады. Мысалы, «Оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыру», «Дені сау қоғам құру» т.б. Бұл тақырыптар салауатты өмір салтын тәрбилеуге септігін тигізеді. Дені сау ұрпақ тәрбиелеу мемлекеттің маңызды стратегиясы болып табылады.

Жобаны жазу барысында оқушылар тақырыпқа байланысты фактілер мен аргументтер іздестіреді. Тапсырмаларды орындау барысында оқушыдан ақпаратты жүйелеу және талдау, фактілерді, құбылыстарды жалпылау, қорытынды жасау қабілеті талап етіледі.

Тәрбие сағатын өту барысында оқушыларға Синквейн құрастыртуға болады.  Белгілі бір тақырыптар беріп, оқушылар сол бойынша,  қысқаша мәліметтер келтіреді. Синквейн құрастыру оқушының коммуникативтілігін айқындайды.

Әлемдік білім беру мен тәрбие  бағытында соңғы жылдары белсенді әдістерді қолдану аясы кеңейді. Білім алу және тәрбиені ұйымдастыру мүмкіндіктері артты: қашықтан білім алу және тәрбие іс-шараларын өткізу, виртуальды кеңістіктегі әртүрлі тренингтер, онлайн-курстар, тәрбие тақырыбына өткізілетін вебинарлар, вертуальды лабораториялар, вертуальды көрмелер, тәрбиеге байланысты бейнедәрістер, мобильді оқу, электрондық және цифрлық білім алу ресурстары, оқыту мен тәрбиені ұйымдастырудың әртүрлі платформалары т.б.

Демек, қоғамдағы қарқынды даму қадамдарының жыл сайын жаңа өмір салтын құруына орай, мектеп мұғалімдері де орын алған өзгерістерді дұрыс қабылдап, өз әлеуетін көтеруге ұмтылуы қажет. Мектептің тұтас педагогикалық үрдісі осы мүмкіндіктерді дамытуға септігін тигізеді.

Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім  беру реформасының басты мақсаттарының бірі инновациялық технологияларға сүйене отырып, оқушының ақпараттық құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік жасау. Бұл мүмкіндіктер тәрбие үрдісі арқылы жүзеге аспақ. Себебі, тәрбие жеке тұлғаның әлеуетін дамытатын құндылық.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Н.Ә.Назарбаев Елбасының Назарбаев Университеті студенттері алдында сөйлеген сөзі. 5 қыркүек, -2012.
  2. В.А.Сластенин Педагогика -М:Образование, -2009.С165
  3. І.Ж.Ізімғалиева Ата-анамен жұмысты ұйымдастырудың тиімді формалары http://www.zkoipk.kz/kz/ss2/896-conf.html
  4. Коучинг ата-аналар жиналысы: Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі https://infourok.ru/kouching-

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.