Алиева Айна Капешовна
Нұр-Сұлтан қаласы
«Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада
резервінің республикалық мамандандырылған
мектеп-интернат-колледжі»
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі
Насиба Сидиковна Мусакулова
орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
«Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе – бұл заңдар өзге де күн тәртібінің жәрдемімен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ, дұрыс болмақ», — деген екен ежелгі ойшыл ғалым Арестотель.
Шынымен, өмір көрсетіп отырғандай, қазіргі кезде көптеген елдердің дамуының үлгі аларлық жағымен қатар көлеңкелі тұстары да қатар жүретіндігі белгілі. Ал осы елдің әлеуметтік жағынан жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуін, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрбір азаматтың борышы болып табылады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасының Заңның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың жолын кесу және ашу болып табылады. Осы заңмен азаматтардың лауазымдық өкілеттігін, мүмкіндіктерін пайдалана отырып, пайда табуы сыбайлас жемқорлық деп анықталған.
Мемлекеттік тиісті органдар сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі түрде жүргізіп, оның тамырына балта шабуға бағытталған мақсатты жұмыстарды атқаруда. Бұл мәселе еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Сондықтан да Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.
Бұл шараға Нұр-Сұлтан қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі де қатысып, өз үлесін қосуда. Аталған оқу орнында оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарастарын қалыптастыру мақсатында тұрақты түрде құқық бұзушылыққа қарсы күресу тақырыбында түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Олардың қатарында, мектеп-интернат мұғалімдерінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстелдер, сынып, тәрбие сағаттары және т.б. іс-шаралар өткізілді. Ондағы негізгі идея – оқушыларға жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша шараларды жетілдіру, оқушылар арасында заңдылық пен жемқорлыққа қарсы тәртіп орнату, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу.
Оқушылардың алған білімдері оларды өмірлерінде кез келген заң бұзушылықтармен байланыстырмай, керісінше олардың алдын алуына бағыттайтындай азық болса екен дейміз.
Біздің оқушылар жемқорлыққа қарсы!