Home » Мақалалар » Ойын – мектепке дейінгі балалар іс-әрекетінің негізгі түрі

Ойын – мектепке дейінгі балалар іс-әрекетінің негізгі түрі

Кожакова Гаухар Кадыровна,
Астана қаласы әкімдігінің
№56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші

      Бала мен бала коллективінің дамуында мектеп жасына дейінгі балалар іс-әрекетінің негізгі түрі – ойын орасан зор роль атқарады. Философтар, тарихшылар, этнографтар, психологтар, педагогтар ойынның шығу тарихын, оның бала өміріндегі орнын, тәрбиелік мүмкіндіктерін зерттейді. Марсктік-лениндік педагогика ойын теориясына талдау жасай отырып, оның әлеуметтік-тарихи негіздері  туралы мына қағидаға сүйенеді: ойын алдымен баланың әлеуметтік  өмір жағдайларына, оның аға ұрпақ тәжірибесін меңгеруіне байланысты. Ойын теориясына  Н.К. Крупская елеулі үлес қосты. Балалар ойынының әлеуметтік сипатын, онда өмір құбылыстарының бейнелетінін атап көрсете келіп, ол алдымен ойынды қоршаған болмыс жөніндегі әсер мен ұғымды кеңейтудің құралы деп біледі. «Мектеп жасына дейінгі балалар үшін, — деп жазды ол, — ойынның айрықша маңызы бар: ойын олар үшін – оқу, ойын олар үшін – еңбек, ойын олар үшін – тәрбиенің мықты формасы». Ойын мектепке дейінгі балалар үшін – айналадағыны танып, білу тәсілі».

Ойын мен ойын әрекеті мазмұнының әлеуметтік сипаты  баланың қоғамда өмір сүретіндігімен байланысты. Ол алғашқы айлардан бастап-ақ маңайындағылармен қарым-қатынас жасауға ұмтылады, қарым-қатынас жасау мен қоғамдық тәжірибені игерудің қуатты құралы – тілді бірте бірте меңгереді. Бала ересектер өміріне белсенді қатысқысы келеді, бірақ бұл ықылас  әлі оның мүмкіндіктеріне сәйкес келмейді. Ойында үлкендердің қызметіне еліктеп, өзінің шамасы келетіндей дәрежеде олардың қуанышы мен ренішін түйсіне отырып, ол осындай өзіндік жолмен қоршаған өмірге етене араласады.

Балалар ойындарының тәрбиелік маңызын жоғары бағалай келіп, А.С.Макаренко былай деп жазды: «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің  қандай маңызы болса, нақ сондай маңызы бар. Бала ойында қандай болса, өскесін жұмыста да көп жағынан сондай болады. Сондықтан келешек қайреткерді тәрбиелеу алдымен ойында басталады.

Түрлі халықтардың және қоғам дамуының әр түрлі тарихи кезеңдерінде балалар ойындарын ұзақ қадағалау, олардың мазмұнын зерттеу ойынның негізгі қайнар көзі – адамдардың әлеуметтік өмірі, баланың, оның, семьясының тіршілік жағдайы деп қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Ойынның негізгі ерекшелігі ол балалардың қоршаған өмірді – адамдардың қимылын, іс-әрекеттерін, олардың бала қимылынан туған жағдайдағы қарым-қатынасын бейнелеуі болып табылады. Ойында бөлме теңіз де, метро станциясы да, темір жол вагоны да болуы мүмкін. Балалар жағдайға ойынның өздері ойлаған түпкі ниеті мен мазмұнына лайықты маңыз береді. Бұл ерекшелік Л.Н.Толстойдың «Балалық шақ» повесінде өте иланымды сипатталған.

Ойын процесінде сөйлесу қарым-қатынасы үлкен роль атқарады. Сөйлесе жүріп балалар пікірлесіп, әсер алысып, ойынның түпкі ниеті мен мазмұнын анықтайды. Ойында сөзбен уәделесу ұйымдастырушылық қызмет атқарады, балалар арасында өзара түсінісу мен достықтың, қоршаған өмірдің қайсыбір фактілері мен құбылыстарына бірдей көзқарастың пайда болуына және дамуына көмектеседі. Бейненің, ойын әрекеті мен сөздің өзара байланысы ойын қызметінің өзегі болып табылады, шындықты бейнелеудің құралы қызметін атқарады.

Ойынның негізгі құрылымдық элеметтері мыналар: ойынның түпкі ниеті, сюжеті немесе мазмұны; ойын әрекеттері, рольдер; ойынның өзінен туатын және балалар жасайтын немесе ересектер ұсынатын ойын ережесі. Бұл элементтер өзара тығыз байланысты және ойынды балалардың өзінше бір іс-әрекеті ретінде көрсетеді.

Ойынның түпкі ниеті – бұл балалардың нені және қалай ойнайтынының жалпы анықтамасы, мәселен: «дүкенші», «аурухана», «ұшқыштар», «қызы мен шешесі» («отбасы»), «балалар бақшасы» және т.с.с. болып ойнау. Ол сөзде тұжырымдалып, ойын әрекеттерінің өзінде бейнеленеді, ойынның мазмұнында қалыптасады және ойынның өзегі болып табылады. Ойынның түпкі ниетіне қарай ойындарды азды-көпті мынадай типтік топтарға бөлуге болады: а)тұрмыстық құбылыстарды бейнелейтін ойындар («отбасы», «балалар бақшасы», «аурухана» және т.б. болып ойнау); ә) жасампаз еңбекті бейнелейтін ойындар (метро салу, ауылшы шаруашылық еңбегі, үйлер, фабрикалар, стадиондар тұрғызу және т.б.); б) қоғамдық оқиғаларды, дәстүрлерді бейнелейтін ойындар (мерекелер, демонстрациялар, қонақтарды қарсы алу, саяхаттар, т.б.).

Ойынның мазмұны оны қызықты етеді, ойнауға деген ықылас пен ынтаны қоздырады. Ойынның құрылымдық ерекшелігі мен түйіні – бала атқаратын роль.

Ойын процесінде рольге берілетін маңызына қарай көптеген ойындар рольді немесе рольді-сюжетті ойындар деп аталады. Роль әрқашан адамға немесе жануарға, оның қиялдағы қылықтарға, іс-әрекеттерге, қарым-қатынастарға қатысты болады. Солардың бейнесіне енген бала өзі қалап алған нәрсеге айналады, яғни белгілі бір рольді ойнайды. Бірақ мектепке дейінгі бала ол рольді жай ғана ойнап қоймайды, бар жанымен сол бейнеге енеді, оның шын екеніне сенеді. Мысалы: кемедегі капитан болып тұрған бала оның бүкіл қызметін емес, оның ойынның барысында қажетті жақтарын ғана бейнелейді, капитан команда береді, дүрбімен қарайды, жолаушыларға қамқорлық жасайды. Ойын процесінде балалардың өздері (ал кейбір ойындарда – ересектер) ойнаушылардың мінез-құлқы мен өзара қарым-қатынасын анықтайтын және реттейтін ереже белгілейді. Ереже ойынға ұйымшылдық, тұрақтылық сипат береді, оның мазмұнын баянды етеді және қарым-қатынас пен өзара қарым-қатынастардың одан ары дамуын, күрделене түсуін айқындайды. Сонымен бірге ойын ережесі жасқаншақ, ұялшақ балалардың ойынға белсендірек қатысуына көмектеседі.

Ойынды басқара жүріп, тәрбиеші баланың жеке басының барлық жағына: оның санасына, сезіміне, ерік-жігеріне, мінез-құлқына ықпал жасайды, ойынды ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиесінің мақсаттары үшін пайдаланады. Ойынның процесінде балалардың білімі мен ұғымы айқындалып, тереңдей түседі. Демек, ойын балалардың соған дейінгі білімдері мен түсініктерін баянды етіп қана қоймайды, сонымен бірге белсенді таным іс-әрекетінің өзінше бір формасы болып табылады, соның барысында олар тәрбиешінің басшылығымен жаңа білім меңгереді. Ойын бала үшін – нағыз өмір. Егер тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады.

А.П.Усова былай деп атап көрсетті: «Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру – оларды тәрбиелеу деген сөз. Тәрбиенің тиімді процесі ойын және ойынның өзара қарым-қатынастары формаларында жүзеге асырылатын себебі сол, бала мұнда өмір сүруді үйренбейді, өз өмірімен тіршілік етеді.

2 комментария

  1. Керемет кызыкты

  2. 😍😍😍 Керемет

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.