Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ КЕЙІПКЕРЛЕРДІҢ ЕСІМДЕР ҚОЛДАНЫСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРУ ИДЕЯСЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТАР

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ КЕЙІПКЕРЛЕРДІҢ ЕСІМДЕР ҚОЛДАНЫСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫ ҰЙЫСТЫРУ ИДЕЯСЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТТАР

Астана қаласы,
Дулат Бабатайұлы атындағы
№89 мектеп-лицейінің ШЖҚ МКК
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Алиева Д.Б.

Есімдер (антропонимдер) – дәстүрлі қазақ қоғамының өзіндік жүйесін айғақтаушы құжат. Оның аясында адамдар арасындағы түрлі қатынастар, тұрмыс-салт дәстүрлері мен құқықтық-нормативтік ережелері қамтылған. Сондықтан да ол тарих, этнография және лингвистикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеуге қатысы бар бай мұра болып табылады.

Адамдар өмір сүрген алғашқы қоғам пайда болғаннан бері олардың басын қосып, тұрақты бір топқа ұйыстырған қоғамдық байланыстардың (алғашқы қоғамдағы коллектив, этнографиялық топтар, әлеуметтік таптар т.б.) өмір сүргені тарихтан белгілі. Сол бір тарихи кезеңдердегі қоғамдық бірлестіктердің алғашқы формасы ру, тайпа түрінде қалыптасқан. Осы ру-тайпалардың бірлестігін құрып, олардың бір-бірімен жақындық дәрежесі айқындап, араларындағы желісі үзілмейтін сабақтастықтың өзіндік жүйесін түзуде қазақ халқы өте шеберлігімен көзге түсетіні ақиқат. Атап өткеніміздей, этнонимдерді түрлі ғылым салалары әр қырынан зерттейтіні белгілі, ала тілдік тұрғыдан алағанда назар аударатын өзіндік ерекшеліктері бар. Соның ішінде оның терминдік мәні мен оның қазақ тіл біліміндегі өзіндік ерекшеліктері арнайы зерттеп-зерделеуді талап етеді.

Этноним жөніндегі зерттеулер тарихын Аристотель заманымен байланыстырады кейбір ғалымдар. Біздің елімізде де жалқы есімдерді, соның ішінде этнонимдерді жеке ғылым саласы ретінде зерттеу жұмыстары қолға алынғалы біршама жылдардың жүзі. Ол еңбектердің көпшілігі жеке мақалалар мен жинақтар болып шықса, кейбірі өз алдына жеке монография ретінде жарық көріп отыр. Профессор Т.Жанұзақов этноним және этнонимия, этнонимика деген терминдерге төмендегідей түсініктеме береді: «Этноним – ру, тайпа, халық аттары; этнонимия – этнонимдердің жалпы, жиынтық атауы;  этнонимика – этнонимдер туралы  ғылым» [1, 94-95 б.]. Алайда, бұл терминнің қазақ ұғымындағы түсінігі еуропалық терминмен аса сәйкес келе бермейді. Бұл жөнінде Т. Жанұзақовтың зерттеулерінде славян халықтарының тіліндегі этнонимдердің көнеріп, тілде сиреп кеткенін, ал бізде этнонимдер мен жалқы есімдік мәнінен ауытқып, тұтастай жалпы есімдік мағынаға көше қоймағанын айтады [2, 455 б.]. Бұлардың ара жігін ашып тану әсіресе этнонимдерді тілдік тұрғыдан саралағанда аса қажетті мәселе.

Қазақ халқы өз ішінде ру, тайпа, жүздерден құралады, яғни этноәлеуметтік топтар өздеріне тән есімге ие. Ол есімдер оларды бір-бірінен ажырату қызметін ғана атқармайды, сонымен қатар олардың ұлттық болмысы тұрғысынан алғанда беретін мағынасының аясында көптеген ақпараттар сақтаулы. Көшпелі дәстүр ұстанған қазақ халқы үшін этнонимдік атаулар әр жүздің, тайпаның, рудың шыққан тегін, тұратын мекенін, түтін санын (отбасын), жан санын білдіретін көрсеткіш, сондай-ақ ұлтты біріктіруші, ұйыстырушы фактор қызметін де атқарады. Этнонимге қатысты терминдер туралы, атап айтқанда: этнос (халық, ұлт, тайпа), этникалық бірлік, этнология, этникалық топ т.б. терминдер туралы Ю.В.Бромлей өз еңбегінде толық талдау жасап, мән-мағынасын жете  түсіндіріп өтеді [2: 10].

Т.Жанұзақов тілімізде қолданылатын мынандай этнонимдік терминдерді көрсетеді: ру, тайпа, тайпалық, одақ, халық, ұлт, ел, жұрт, арыс, ұлыс, жүз, сүйек, тек, нәсіл, ата, ата-баба, жеті ата, бұтақ, үрім, баулы, тармақ, ұрық, қабыз, тақта, сой т.б. Ол бұл терминдердің кейбірі диалектілік сипатағы қолданыстар екенін де атап өтеді, сонымен қатар түркі тілдеріндегі нұсқаларына да тоқталады [2, 456 б.]. Түркі сөздерінің көбіне ортақ термин шежіре орыс тілінде родословная, ал ата-баба – предки деп аталып келген еді. С.Нұрханов сол родословная терминін рунама, этногенез терминін ата-тек деп алған [3:84-87]. Аталған терминдердің аясындағы қазақ халқының тұрмысы мен салтына, саяси-экономикалық, құқықтық-нормативтік принциптеріне негізделіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі ақпараттарды тек ұлттық тұрғыдан ғана, экстралингвистикалық факторларға сүйене отырып түсіндіруге болады. Қазақ тіліндегі этнонимдік терминдерді славян тілдегімен қатар қоюға болмайды дегенде, Т.Жанұзақов осы ерекшеліктерге арқа сүйеген болса керек.

Этнографиялық әдебиеттерде, соңғы кездерде, ру, тайпа, халық, ұлттардың жиынтық атауы ретінде этнос деген терминді көбірек қолданып жүр.

Шығу тарихы жағынан көне этнонимдердің бір тобы – лақап этнонимдер. Лақап ерте заманда этноним өмірінде де, кісі аты қызметінде де кеңінен қолданыс тапқан. Сондықтан да болар, лақап есімдер ғасырлар бойы халық аузынан бірден-бірге жалғасып, күні бүгінге дейін жетіп отыр. Көне заманға тән лақап этнонимдер шежіреде тым аз, санаулы ғана.

Лақап этнонимдердің қойылу, қалыптасу және замана, дәуір мезгіліне сай қолданылуындағы алуан түрлі тарихи себептер бар. Қазақ ру, тайпа аттары, шежіренің материалына және көрнекті зерттеушілердің мәліметіне қарағанда (XVIII=XIX ғасырларда), олардың басым көпшілігі кісі аттарынан жасалып отырған. Ол кісі аттары әуелгі баста ата атынан, жеті атадан соң ру аты дәрежесіне ие болып отырған.

Қазақ шежірелеріндегі этнонимдер (ру, тайпа аттары) екінші жағынан алып қарағанда – кісі аттары. Шежіренің құрылымы мен ондағы аңыздар негізінен қалыптасқан этнонимдер туралы емес, жеке адамдар туралы баяндайды. Сондықтан, шежіре аясында қарастырар болсақ, этноним деп жүргендеріміздің барлығы – кісі есімдері, сол атаулар кісі аттарының жаңғыру, екінші адамға қойылып қайталануы секілді кісі есімінен ру атына, одан қайтып кісі есіміне айналып жүре береді. Мұндай алмасуларды ономастикада трансонимизация құбылысы деп атайды. Ал тіліміздегі ру, тайпа, халық аттары мен кісі аттарының өзара байланысы, ауысу процессі тарихи дәуірлермен ұштасып келе жатқан құбылыс. Алайда күні бүгінге дейін ру, тайпа аттары кісі аттарынан қойылған ба, әлде кісі аттары ру, тайпа аттарынан қойылған ба? деген мәселе өз шешімін таба алмай келеді [1: 97]. Бұл сұрақтың күн тәртібіне қойылуының өзі еуропалық тіл біліміндегі зерттеулердің үлгісмен байланысты болса керек. Қазақ қоғамындағы этнонимдердің тарихынада бұл мәселе аса өзекті болмаса керек, өйткені атап өткеніміздей, қазақ этнонимдері мен антропонимдерінің арасында бір-бірінен ажыратып қарайтын нақты шекара жоқ.

Қазақ есімдерінің немесе этнонимдерінің құрамында бірінен-біріне өту дәстүрлі құбылыс, ал тіл білімінде кісі есімдерінен жасалған этнонимдерді антропоэтноним, ал этнонимдерден жасалған есімдерді этноатропонимдер деп атайды. Бұл терминдер қазір этнонимика ғылымының құрамында орнығып, ғылым әлеміне кеңінен танымал болған.

Қазақ этнонимдерін тілдік тұрғыдан жіктеп, талдағанымызда, олардың жасалу негізінде белгілі бір заңдылық бары, семантикалық  топқа бөлінетінін байқаймыз. Ал тіліміздегі есімдерге назар аударсақ, олардың басым тобы осы этнонимдік топтардың бәрінен де жасалып отырғанын көру қиын емес. Олардың жасалу тәсілінде, тіл заңына бой ұру байқалады. Мысалы: найман этнониміне бай сөзін қосып, біріккен тұлғалы Найманбай, сол тәрізді Қыпшақбай, Қаңлыбай, Үйсінбай, Арғынбай, Қоңыратбай, Алшынбай, Ноғайбай т.б. сияқты кісі есімдері жасалған. Ал осы қазақ этнонимдерінен жасалған кісі есімдерінің астарында тұтас бір ұлтты ұйыстыру идеясы жатқанын аңғарамыз.

Негізінде ру аттарының көне дәуірлердегі сипатына тілдік тұрғыдан талдаулар жасағанда, олардың тікелей кісі аттарынан жасалмағанын, кейбірінің тайпаға сырттан, яғни басқа тайпалар тарапынан осы этноәлеуметтік топтың белгілі бір ерекшелігіне байланысты таңылғаны байқалады. Сақ, ғұн немесе көне түркі дәуірлерінен жеткен тайпалар туралы деректердің кейбірінде этнонимдердің шығу уәждері туралы мәліметтер кездеседі.

Қоғамдық құрылыстың өзгеруімен, түрлі дәрежедегі сыртқа байланыстардың дамуымен бірге ру аттарының структурасы да, лексикалық құрамы да өзгеріп отырады. Қазақ шежіресіндегі араб, парсы, моңғол сөздерінен жасалған этнонимдер осының толық  айғағы болып табылады.

Этнонимдерден жасалған кісі есімдерінің және де оған керісінше кісі есімдерінен жасалған этнонимдердің лингвистикалық әрі тарихи тұрғыдан мәні зор екені даусыз мәселе. Бұндай этнонимдер әсіресе XV-XIX ғасырлардағы деректерде көбірек кездеседі. Тайпа ішіндегі рулар атауларынан жасалған кісі аттары кейіннен ру атына қайтадан ауысып, алмасып отырған. Ру аттарынан жасалған кісі аттары материалдарынан сол рудың қай заманда өмір сүргенін білуге болады.

Тілімізде көрші халықтар аттарынан жасалған кісі есімдері мен фамилиялары да бар екені мына төмендегі мысалдардан көре аламыз: олар – Орысбаев, Өзбеков,  Ноғайбаев, Қырғызбаев, Түрікбаев, Әзірбайжан, Ойрат, Мадияр, Малқар т.б. Адамға бұлайша ат қоюдың тарихи-әлеуметтік себептері болса керек. Оның басты себебі – қазақ халқының аты аталып отырған халықтармен ұзақ ғасырлар бойы мәдени байланыс, қарым-қатынас жасап, достық, туыстық ынтымақта болғанында.

Этноантропоним терминіне тереңірек мән беріп, оның тарихи негізіне көз жіберіп, саралап анықтау барысында байқағанымыз: бастапқы кезеңдердегі ру аттары адам аттарынан жасалмаған, ал кейінгі этаптардағы ру аттары адам аттарынан алынып отырған. Бұл құбылысты шежіре материалдарынан айқын көреміз. Этникалық негізгі басты тұлға тайпа болғанымен , тайпалық одақ одан жоғары сатыда тұрады, яғни ол халық болып қалыптасудың алдындағы саты.

Ал тайпалық – одақ бірнеше тайпаның басын қосатын жиынтық атау, тарихи категория.

Қазақ этнонимдерінің қолданысындағы ұлтты ұйыстыру идеясын зерртеу – бүгінгі таңда қазақ тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі. Себебі, кез-келген тарихи шежіре, тілдік деректерде этнонимдердің өн бойынан белгілі бір ұлт пен ұлыстың, тайпаның, рудың арман-мақсатымен қатар, ұлттық дүние танымының қалыптасуына үлкен рөл атқарғаны даусыз.

Қазақ этноантропонимдерінің қолданысындағы ұлтты ұйыстыру туралы ақпараттар – тап, ру, тайпа арасындағы ортақ мақсаттарды, әсіресе қандас туыстық, сол арқылы қазақтың тұтастығын үнемі ойға салып отырады. Көпшіліктің жадында берік сақталған байырғы ру-тайпалардың хандық аясындағы этноқұрылымдарға іргетас болуы айрықша ескерілген. Былайша айтқанда, атауы ел жадында сақталған іргелі ру-тайпалар хандық аясындағы жаңадан жасақталған этноқұрылымдардың ұйытқысы болған. Өйткені, көшпелі ру-тайпалардың таным-түсінігіндегі ең киелі жаралым болып табылатын этнотекті негіз етпей тұрып жұртшылықты бір мүддеге жұмылдыру мүмкін емес еді. Түптеп келгенде, қазақ шежірелерінің басым көпшілігіндегі исі қазақтың «Алаш» немесе «Қазақ» деп аталатын бір кісіден таралуы да этнотұтастықты көксеуден туған ұлы шарттылық, дәлірек айтқанда, ұлы бірлік идеясы деуімізге болады [5: 62].

Қазақ шежірелеріндегі тайпалар атауы (қаңлы, үйсін, арғын, алшын, қыпшақ, найман, қоңырат, т.б.) халық санасына жалқы есім тұрғысында орныққан. Яғни, тайпалар атауына нақты тарихи тұлғаның есімі ретінде қарайтын дәстүр қалыптасқан. Бұл, әрине, халықтың қарапайым таным-түсінігі. Мұндай таным-түсініктің бір ұшы Адам ата мен Хауа анаға барып тірелетін діни наным-сеніммен де сабақтас. Шындығында, өзге де халықтар секілді қазақ халқының да тарих сахнасына шығуына ұйытқы болған ру-тайпалар атауының басым көпшілігі жеке адамның есімі ғана емес, негізінен бір кездегі этножаралымның өмір-салты мен тіршілік-әрекетіне қатысты атау болып келеді. Осы уақытқа дейін ру-тайпа атауларының мән-мағынасын  (этимологшиясын) саралауға ден қойған ғалым-зерттеушілердің пікірлері әр тарапты болғанымен, сол этнонимдердің тарихи жеке тұлға еместігі жөнінде олардың пікірлері, негізінен, бір жерден шығып отырады.

Кейбір тарихи тұлға есімінің тұтас ел-жұрт атауына ұласып, этнонимдік сипат алатын кездері де тарихта баршылық. Мәселен, оғыз этнонимінің  Оғыз қағаннан, ноғай этнонимінің Ноғай ханнан, өзбек этнонимінің Өзбек ханнан бастау алатыны сияқты. Ойдың түйіні – қазақ шежіресіндегі тайпа атауларына белгілі бір тарихи жеке тұлғаның есімі тұрғысында емес, шежірелік кейіпкер немесе символ этноним ретінде қараған абзал дегенге саяды. Былайша айтқанда, ру-тайпа атауы – қазақ қауымы үшін этносты ұйымдастыратын символдық мәні зор киелі құбылыс. Ру-тайпа атаулары дәл осындай мән-мағынасымен  қазақтың жалпы этникалық жадынан орын алған [5: 63].

Қорыта айтқанда қазақ арасындағы шежіре материалдары  XV-XXI ғасырлар аясындағы кісі есімдерінің үлгілерін айтарлықтай толық түзіп шығуға мүмкіндік береді дегенге саяды. Бұл ретте қазақ антропонимдерін тарихи кезеңдер бойынша жаңғыртпалауға (реконструкциялауға) шежірелік деректердің мейлінше ұрымтал баспалдақ екені ден қойдырады. Шежіре жүзінде тайға таңба басқандай болып 19-22 ұрпақтың сабақтастығы көрініс тапқан. Бұл – қазақ халқының қазақ этнонимін иемденіп тарих сахнасына шықаннан бергі бес-алты ғасырдың аясы деген сөз. Осы кезеңдегі ұрпақаралық уақыт межесін айқындау да қиын шаруа емес. Демек, қазақ арасына кең тараған шежірелік антропонимдерді пайдалана отырып, қазақ антропонимикасын былайғы жұрттың қолы жете бермейтін ғылыми өреге көтеруге  болады. Түптеп келгенде, мұның өзі ұлттың өзін-өзі тереңірек тануына дес беретін, сол арқылы қазақ ұлтының қандай арман-аңсарға бой алдырып, тарихтың қандай зобалаңын бастан кешкенін бажайлауына мүмкіндік тудыруға тиіс. Әрине, мұндай әзденістердің  шапағатын тек қана жер басып жүрген тірілердің көретіні хақ.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Жанұзақов Т. Қазақ ономастикасының мәселелері. — Алматы: Ғылым, 1986. – 136 б.
  2. Жанұзақов Т. Қазақ ономастикасы. Атаулар сыры 3. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2007. – 524 б.
  3. Бромлей Ю.В. Этнос и этнография М., 1973. C. 180
  4. Нұрханов С. Этнография мен этнолингвистиканың өзекті мәселесі. – Алматы: 1969. – 120 б.
  5. Ақселеу С. Шығармалары. Алты томдық. T.4. Қазақтың ауызша тарихы. Шежірелік деректерді пайымдау. – Астана: Фолиант, 2010. -728 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.