Абдикеримова Назира Жорабекқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы бойынша ПҚБАИ
мектепке дейінгі тәрбиелеу және инклюзивті білім беру
кафедрасының аға оқытушысы, Тараз қаласы
2020 жыл әлем елдерінің тарихында пандемия жағдайымен ерекше есте қалары сөзсіз. Бұл орын алған жағдай әр бір елдің экономикасы мен саяси-әлеуметтік жағдайына өзіндік ықпал еткені де белгілі. Оның ішінде білім саласы да тысқары қалмады. Елімізде тараған осы дүрбелеңге байланысты білім беру процесінің барлық деңгейі өткен оқу жылының төртінші тоқсанынан бастап қашықтан оқу жүйесіне көшті. Қашықтан оқу кезінде оқушыларға білім беру үшін түрлі платформаларды жетік меңгеріп, оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін цифрлық білім беру ресурстарын пайдаланудың қажеттілігі туындады.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің №827 Қаулысымен бекітілген «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында «Жаңа білім беру деректер мен формулаларды жаттап алуға емес, ең алдымен ақпаратты талдау дағдылары мен креативті ойлаудың дамуына екпін қойып, цифрлық экономиканың қажеттіліктеріне жауап беретін болады» — деп көрсетілуінде қазіргі білім беруде жас ұрпақтың бойында шығармашылық қабілеттер мен сыни ойлауды дамыту мақсаты тұр. Жалпы білім берудің барлық сатыларында цифрлық сауаттылықты арттыру үшін ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жетік меңгеру, электрондық оқыту жүйесінің компонеттерін терең түсіну, оқу процесінде аудио, видео материалдармен қатар қосымша білім беру контенттерін тиімді пайдалана алу мәселесі өзекті болып отыр. Бұл цифрлық білім беру ресурстарын дайындай алу, пайдалана білу дағдыларымен де тығыз байланысты.
Цифрлық білім беру ресурстары білім беру мазмұнын анықтайтын электрондық оқыту жүйесі компонеттерінің бірі болып табылады. Цифрлық білім беру контенті – бұл интерактивтік формадағы оқытуды қамтамасыз ететін оқытылатын пәндер бойынша цифрлық дидактикалық материалдар, фотолар, дыбыс және бейнефрагменттер, статистикалық және динамикалық моделдер, виртуалдық шындық және интерактивтік моделдеу объектілері, т.б.материалдар.
Қашықтан оқу жүйесіне көшкен кезде білім беру процесі үшін қажетті осы бағыттағы материалдарды дайындауда «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалдары республикамыздың барлық аймақтарында белсенді жұмыс атқарды. 2
020-2021 оқу жылының алғашқы тоқсанында оқытылатын барлық пәндерден цифрлық білім беру ресурстарын дайындады. Соның ішінде Жамбыл облысы бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы 1 сыныпқа арналған математика, сауат ашу, орыс тілі, дүниетану, музыка, көркемеңбек пәндерінен бейне сабақтарын әзірледі. Барлық дайындалған сабақтар «Өрлеу білім беру» каналына орналастырылып, көпшіліктің кең көлемде пайдалануына мүмкіндік берілді. Бүгінгі таңда осы дайындалған цифрлық білім беру ресурстарын пайдаланушылар тарапынан бейнесабақтардың жоғары сапасы туралы оң пікірлер берілуде. Осы бағыттағы атқарылатын жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табуда. Өйткені – бұл қазіргі заман талабы.
Қазіргі уақытта цифрлық білім беру ресурстары оқу тілімен сәйкес қазақ, орыс тілдерінде ұсынылған. Сонымен бірге, цифрлық білімдік ресурстар тәуелсіз түрде әрбір пайдаланушы үшін ыңғайлы әр түрлі форматтағы ақпарат болып табылуы тиіс. Цифрлық білім беру ресурстарын педагогтар сабақ жүргізу үшін де, оқушылар оны өз беттерімен сабаққа дайындалу үшін және анықтамалық материалдар ретінде де пайдалана алатын болады. Цифрлық білім ресурстары педагогтарға оқытудың әр түрлі мақсаттары үшін оқу материалын қалыптастыруға мүмкіндік беруі тиіс.