Home » Жаңалықтар » Қазақстан- Республикам менің!

Қазақстан- Республикам менің!

25 қазан — Республика күні мерекесі қарсаңында Алматы қаласы білім басқармасына қарасты Түрксіб ауданындағы № 15 бөбекжай балабақшасы мерекелік іс -шара өткізді.
Сахна көгілдір түспен безендіріліп, бүлдіршіндер концертті Әнұранмен бастады. 25 Қазан Республика күніне арнайы ұйымдастырылған концерттік бағдарламада бүлдіршінднр бірнеше патриоттық әндер орындап берді. Одан әрі өздеріне берілген тақпақтарын айтып, балдай тәтті тілдері көрермендерді сүйсінтті. Бүлдіршіндердің орындауларындағы қазақы, патриоттық әндер кез келген адамның бойын шымырлатып, ерекше әсерге бөледі. Балалар батырларша киініп, қолдарына қалқан ұстап, балабақша қабырғасын әуезді, рухты әндерімен тербетті. «Республика күні мерекесі құтты болсын!Бұл мереке ұлттық мереке!» деп ұрандатты олар.
Қыздар болса түрлі әдемі көркерілген ұлттық нақыштағы көйлектерін киіп, бір бірімен жарыса өнер көрсетті. Бірі ән айтса, енді бірі мың бұрала би биледі. Нұрзатұлы Бекасыл, Төлеген Адия, Ли Арина, Ерсайын Әлмаруа, Мақсатқызы Аниса, Айдархан Мариям және Дүйсенбай Ералылар жеке әндер орындады. Жиналған қонақтар кішкентай өнерпаздардың өнерлерін тамашалап, оң бағасын беріп қошемет көрсетіп ризашылықтарын білдіріп жатты.
    
Бүгінгі мерекеде: «Көгершін», «Қарлығаш», «Бұлбұл», «Аққулар», топтары, «Сұңқар», «Бүркіт» мектепалды топтарының бүлдіршіндері өнер көрсетті. Бүлдіршіндердің, сахнаға машықтап, қысылмай өнер көрсетулеріне үлес қосып жүрген тәрбиешілерді атап өтпеске болмас, Уткельбаева Индира Сейтовна, Нуржикеева Багдат Карловна, Кудайбергенова Акмарал Маданиятовна және Есибаева Гульнара Абсалимовна. Осы тәрбиешілердің еңбектері бір төбе.
2023-2024 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бағдарламаның басты мақсаты- балаларды тәрбиелеуде мектепке дейінгі мекемелерде отбасы және ата-анамен қарым-қатынасты нығайту болатын.
-«Біртұтас тәрбие бағдарламасын қамтып, талапқа сай жұмыс жасау мақсатымыз. Не жасасақ та ата-анамен бірлесіп жасаймын. Кез келген істі Ата-ана біліп, өзі сезініп, ұғынып, көз жеткізе алуы керек, деп ойлаймын. Мәселен, баланы отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, ұлтжандылыққа, қазақы тәлім- тәрбиеге бейімдеудің басы қасында тек мектепке дейінгі мекеме тұрған жоқ. Оған үйдегі ата-ана да атсалысуы тиіс. Олар да өз тарапынан демеп отырулары қажет-ақ.
«Ата-анадан өсіп ұрпақ таралған,
    
Жақсы-жаман болса бала солардан» демекші көбіне үйдегі ата-ананың рөлі маңызды. Сондықтан, жан-жақты бала тәрбиесіне атсалысуымыз керек деп ойлаймын өз басым. Бүгін де бұлдіршіндеріме дән ризамын, өнерлерін көрсетті», — дейді аталмыш балабақша меңгерушісі Дусалиева Айман Бейсеновна.
Иә, балабақша тәрбие бастауы, дана халқымыз «Баланың өскен бесігі-кең дүние есігі» деген сөзді тегін айтпаса керек. Шындығына келгенде баланың тәрбиесіне үйдегі ата -ана, содан кейін балабақшаның үлесі басым. Бүгінгі өткен іс-шара барысында аталмыш балабақша ұжымы мен ата-ана арасындағы тығыз байланысқа көз жеткіздік. Ендеше бізде өз тарапымыздан мереке құтты болсын демекпіз!

Журналист «BILIM AYNASY»
Алматы қаласы
Жұлдыз Смаилова

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.