Home » Жаңалықтар » Қазақстан — туған елім, ұлы өлкем!

Қазақстан — туған елім, ұлы өлкем!

25 қазан — Қазақстан үшін ерекше маңызы бар күн. Бұл күн Республика күні ретінде аталып өтеді және еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады. Республика күні – ұлттық мереке, ол халықты бірлікке, отансүйгіштікке шақырады. Бұл күнде еліміздің түкпір-түкпірінде мерекелік шаралар өтеді. Мерекелік іс-шаралардың бірі бүгін
Алматы қаласы, Бостандық ауданы,
КМҚК №113 бөбекжай-балабақшасында «Қазақстан — туған елім, ұлы өлкем!» тақырыбында өтті.
    

Мектепалды «Бәйшешек» тобының тәрбиеленушілері мен тәрбиешілерінің іс-шараға үлкен жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Балалар «Менің Қазақстаным» әнін орындады.
Бұл ән – елімізге деген сүйіспеншіліктің көрінісіндей болды. Тәрбиеленушілер біздің мәдениетіміздің бір бөлігі болған “Жайдарман” және “Сарыжайлау” билерін билеп, қонақтардың қошеметіне бөленді. Үш кемеңгер дүлділіміз — Төле би, Қазбек би, Әйтеке бидің қанатты сөздері жатқа айтылды. Ұлттық аспаптарымызбен әуелетіп ән шырқап, туған жер туралы өлеңдер оқыды. Іс-шараға қонақ болған ата-аналар да балаларының өнерлеріне дән риза болып, балабақша меңгерушісі —
Кожанова Шолпан Ауелбековнаға, әдіскер — тәрбиеші — Утепова Гулжан Шарапиденовнаға, тәрбиеші-Дабылбекова Раушан Жунисбековнаға, музыка жетекшісі-Бейсенова Эльвира Шакизатовнаға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
    

Балабақша бүлдіршіндерге жоғары деңгейдегі ұлттық сана сезімді, рухани мұраларға және ұлттық мәдениетке деген құндылықтарды, отансүйгіштік, ана тіліне деген махаббат, ұлттық намыс сезімдерін қалыптастырып жатқанына куә болдық. Балдырғандар №113 бөбекжай-балабақшасының әсем безендірілген ғимаратында, жайлы жағдайда өскелең ұрпақты жан-жақты дамытуға көңіл бөлетін білікті мамандардан дәріс алып жатыр.
Болашаққа баспалдақ балабақшадан басталады. Жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп жүре беріңіздер!
Мереке құтты болсын!

«BILIM AINASY»
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.