Ағымдағы жылдың 2 мен 11 қазан аралығында Алматы қаласы білім басқарамасының ұйытқы болуымен жиырма шақты балабақша меңгерушілері болып іс-сапарға аттандық. Әріптестеріммен бірге екі мемлекеттің үш қаласын аралап, білімімізді жетілдіріп қана қоймай шет мемлекеттің мәдениетіне, тұрмыс-салтына, тарихына үңілдік. Жалпы халықаралық тағылымдамадан өтіп, мол тәжірибе жинап қайттық.
Ұлт болашағы-білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан балаларға балабақша қабырғасынан жүйелі білім беру қазіргі педагогтардың негізгі міндеті. Педагог-тәрбиешілер үнемі ізденіс үстінде жүреді, меңгерушілер мен тәрбиеші және ата-ана бірлесіп өсіп келе жатқан жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, отансүйгіштікке баулып келеміз. Бұл жолғы сапарымызға өзіміздің біліміміз бен тәжірибемізді одан әрі дамыту, жетілдіру үшін шықтық.
Ең алдымен Малайзия астанасы Куала Лумпур қаласынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан ұстаздар қалашығы Танджунг-Малимдегі “Universiti Pendidikan Sultan Idris” балабақшасына бардық. Озық мектепке дейінгі мекемелердің бірі саналатын білім ошағынан балаларды оқыту, тәрбиелеу әдіс-тәсілдері ұлттық оқу бағдарламасына сәйкестендіріп жасалына ды. Оқу кешенінің техникалық базасы, мамандары мықты екені бірден байқалады. Бүкіл Малайзиядағы балабақшалар саны мен оған қатынайтын бала саны жайлы мәлімет жинақтау біздегі Ұлттық білім беру базасы сияқты ақпараттар жүйесі жұмыс істейді.
Бала тәрбиесіне қатысты ерекшеліктері көп. Мәселен, олар балаларды ерте жастан, 3 айлық кезінен қабылдайды екен. Әр бес балаға бір тәрбиешіден тағайындалады. Ас мәзірі ай сайын бекітіліп, әр баланың қалауына қарай жасалады. Балаларға 4 жасынан бастап ғұсыл, дәрет алу, намаз оқуды үйретеді. Намаз оқитын арнайы бөлме де қарастырылған. Тазалық, имандылық мәселелері баса назарда. Сонымен қатар, бала қауіпсіздігіне ерекше ден қойылған. Азаматтық қорғаныс, төтенше жадай мекемелерімен жоспарлы жұмыс күнделікті өмірдегі қауіпсіздіктің маңыздылығын түсіндіреді
Ерекше қабілеті бар, ерекше қажеттіліктерге мұқтаж балалармен ауқымды жұмыс жүргізіледі . Осындай әр үш балаға бір тәрбиешіден берілген және бөлмелері де қажеттілігіне сай жабдықталған. Кең әрі жарық, бала көңілін аулайтын түстермен әсемделген бөлмелер, тәжірибелі мамандардың балалармен сөйлесу шеберлігі, асқан сабырлылықпен сабақты түсіндіруі балаларды білім алуға баурауы сүйсінтеді. Тәжірибе алмасу барысында бала денсаулығын нығайту, салауатты өмір салтын ұстана отырып, салиқалы өмір сүру қағидалары жан-жақты қамтылды.
Одан кейін Қытай мемлекетінің Сучжоу қаласындағы “ Suzhou Etonhouse ” және Ханчжоу қаласындағы “ Hangzhou Ennoble ” балабақшаларын аралап танысуға мүмкіндік туды. Мекемелердің көркем безендірілгені бөлмелерінің табалдырығын аттай сала көзге түскен нәрсе ол- қабырғаларда балаларды қызықтыратын суреттер, сандар, әріптер, белгілер салынған. Оларды күнделікті көріп жүрген балалар ақырындап санасына сіңіре береді. Қытай балабақшалары бала бойында патриоттық сезімді қалыптастыруды алға қойған. Кешенде сапалы білім мен тәрбиеден бөлек, робототехника, өнер және шығармашылық, қоғаммен байланыс сынды қосымша үйірмелер бар. Балалардың сөйлеу қабілетін жетілдіру, ән мен музыкаға икемділіктерін арттыру, дене пішінінің дұрыс дамуы мен қалыптасуы үшін жасалатын арнайы жаттығулар, балалардың өзіндік зерттеу жұмыстары өте қызықты өтеді. Әсіресе бүлдіршіндер зерттеу жұмыстары барысында шығармашылықпен өздігінен дербес әрекет етіп, жаңа білімдер алады. Тағы бір атап өтетін нәрсе — балалардың ойнайтын ойыншықтарының басым көпшілігі табиғи материалдан жасалған. Пластмасса, темір сияқты материалдар жоқтың қасы. Балалар саз балшықты қолдана отырып түрлі бұйымдар мен мүсіндер жасайды. Тек жасап қана қоймай майда топырақтың ылғалданғаннан кейін саз балшыққа айналу жолын зерттейді.
Балаларды тазалыққа баулып, шашқан ойыншықтарын, отырған орындарын өздеріне жинатады. Бұл да – тәрбиенің бір қыры, баланы қоғамға бейімдеу әдісі. Ерте жастан қоқысты сұрыптауға да үйретеді.
Иә, бала мектепке бармай тұрып, жан-жақты жетілуі, мықты болып өсуі қажет. Бала денсаулығын нығайта отырып, білім мен тәрбие беруде озық тәжірибеге сүйенген ұжымның еңбегі көпке үлгі.
Бүгінде балаға жан-жақты білім беру қазіргі қоғам сұранысы. Бұл сапар қатысушылардың кәсіби деңгейін арттырып, ойлау қабілетін кеңейтіп, сондай-ақ педагогикалық практикада қолдануға болатын жаңа білім мен дағдыларды игеруге септігін тигізетіні сөзсіз. Шетелдік мамандардың озат тәжірибелерінен үлгі алуға болатын тұстар көп екен. Мысалы, біздің де балабақшаларымызда робототехника үйірмелерін ашуға болады. Ата-аналармен қарым-қатынасты нығайтып, мектепке дейінгі білім беру ісіне белсене қатыстырсақ құба құп. Осы орайда сапарға шығуға мұрындық болған Алматы қаласы білім басқарамасына шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Керемет кездесуден әсер алып, әріптестермен тәжірибе алмасып, рухани байып, қоржынымызды тың идеялармен толтырып қайттық. Балабақша жұмысын ұйымдастыруда осы алған білімімізді іске асырып, ілгері дамытып, жақсы нәтижелерге жететінімізге сенемін.
Жетісу ауданы,
КМҚК «№170 бөбекжай балабақшасы»
меңгерушісі
Шаризат Бегадилевна Орманбекова