Бахитова Бибигуль Кеңесбайқызы
Алматы қаласы, Алмалы ауданы
КМҚК «№8 бөбекжай-балабақшасы»
меңгерушісі
Бүгінгі жаһандану үрдісінде әр ұлт, әр мемлекет өзіндік менталитетін, өзіндік бет-бейнесін сақтап қалуға тырысуда. Бізді де осы үрдіске ежелден қалыптасқан ұлттық құндылықтарымыз алып шығады. Сол себептен жас ұрпақты тәрбиелеуде басты ұстанар бағытымыз – ұлттық құндылықтар болуы қажет.
Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн. Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен ұлттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.
Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мұрат тұтқан. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Жаңа ғасырға аяқ басқан қазақ елі тарихын ұмытқан емес. Рухани мұралардың арқасында жас ұрпақтың бойына құнды қасиеттерді дамытуға тырысты. Адал, ақкөңіл, еркін ұрпақ тәрбиеледі. Ол қасиеттер салт-дәстүрлердің мазмұнында көрініс тапты.
Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Ол ұрпақ тәрбиесіне де тоқталды. Оның айтуынша адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Дала өркениетінде өмір сүрген көшпенділер мәдениеті тәрбиенің алтын бесігіне айналды. Салт-дәстүрлер арқылы бірнеше ұрпақ тәрбиеленді. Бұл үрдіс ұрпақтар арасындағы сабақтастықты, табиғи үйлесімділікті жалғастырды. Көптеген салт -дәстүрлер көшпенді өркениеттің мәдени мұрасына айналды. Соның бірі-сабантой мерекесі. Күзгі табиғаттың аясындағы адамдардың тіршілігі, еңбегі сипатталады. Адам-табиғат арасындағы сабақтастық бүгінгі білім беру жүйесінің үйлесімді дамуына мүмкіндік береді. Отбасы, балабақша ұлттық тәрбиенің негізін қалауда. Осы орайда Алматы қаласы №8 бөбекжай балабақшасы Сабантой мерекесін ұйымдастырған еді. Бұл іс-шараның мақсаты- достықты, бірлік пен берекені, молшылықты дәріптеу арқылы баланың бойына еңбекқорлықты, адамдардың арасындағы достық қарым-қатынасты қалыптастыру. Мәдени мұраның сабақтастығы, табиғи үйлесімділігі бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Осы үрдіс мереке барысында жалғасын тапты. Ұлттық ойындар, ертегі көріністері, қазақ фольклорының іңжу маржандары, қазақ музыкасы мен әуенді биі балалардың өнерінде көрініс тапты.
Балалар үшін ұйымдастырылған мереке әдемі, салтанатты көңіл күймен жалғасын тапты.
Сонымен қатар бұл мереке балабақшада жаңа форматта өткізілді. Ата-ананың іс-шараға қатысуы тәрбие үрдісіндегі жаңа тенденция болып табылады. Ата-аналар, әжелер және тәрбиешілер іс-шараға белсене қатысты. Аға буынмен бірге өткен әрбір іс-шара, ең алдымен, ұрпақтар сабақтастығы, рухани қазына.
Алтын күз, табиғаттың керемет бейнесі. Бау-бақшадан жиналған жемістер, жер-бетін көмкерген сары жапырақтар. Әр мезгілдің өзіне ғана тән қасиеті, сұлулығы бар. Бірі жаныңа жылулық сыйласа, бірі қайта туған жауқазындай бүршік атып жатады, ал бірі суығына үйретіп те үлгереді. Сары жапырақ, қоңыр салқын ауа – райы, жабырқаулы көңіл – күй, қара суық жер күзге тән қасиет. Осындай табиғаттың керемет бейнесін балабақшаны безендіру арқылы жеткізуге тырысқан ата-аналар еңбегі ерекше. “Күз сыйы” атты күзгі қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Ата-аналардың қолдарымен жасалған әртүрлі жеміс-жидектердің, көкөністердің әдемі бейнелері ұсынылды. Ата-аналардың қиялынан туған керемет қолөнер туындылары сүйсіндірді.
Сонымен қатар мереке ақ жаулықты әжелердің тамаша әндерімен жалғасын тапты. Сабантой мерекесінің сахнасын «Даналық» әжелер мектебінің ақ жаулықты әжелері шашуын шашып, құттықтау сөз айтып, өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.
Қазақ халқы әрқашанда бата беру дәстүріне құрметпен қараған. Бата беру дәстүрі жақсы тілекпен жалғасқан. Батаның ойы терең, ниеті түзу, сөзі нәрлі, көпке тигізер шапағаты мол. Ол халықтың қазынасы. “Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер- деген мақал-мәтелдер осының дәлелі.
Сонымен қатар педагогтар өз қолдарымен жасаған колөнер бұйымдарын жәрмеңкеге шығарды. Жәрмеңкеден түскен қаражат әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына көмек ретінде жұмсалады. Осындай жақсы іс шараны балабақшада дәстүрге айналдыру мақсатында балабақшада «Еріктілер клубы» құрылды. Бұл клубқа балабақша қызметкерлерімен қатар белсенді ата –аналар қосылуда. Ізгі ниетпен құрылған клуб мүшелері көптеген отбасыларына көмек қолын созуда. Бұл балабақшаның адами құндылықты бағалау, келешек ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіру дәстүрін көрсетеді.
Әр топ тәрбиеленушілері мерекеге арналған әсем әндері мен мың бұралған билерін паш етті. Сабантойдың барысында шебер аналар арасында «Күзгі дефиле», білекті әкелер арасында «Ұлтық ойындар», ақ жаулықты әжелердің қатысуымен «Күз тартуы» сайыстары өтті. Сайыс соңында үздіктер анықталып, мақтау қағаздарымен марапатталды.
Ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу балабақшаның маңызды міндеті болып табылады. Баланың табиғатқа, қоршаған ортаға деген ізгі қарым-қатынасы отбасында және балабақшада жалғасады. Сондықтан да балабақша мен отбасы үйлесімділік пен әдеміліктің нышаны іспеттес.
Отбасы, балабақша адамгершілік тәрбиенің алтын қазығына айналуы қажет. Қазақтың салт-дәстүрлерін балаға дәріптеу маңызды. Ата-ана мен балабақша арасында осы бағытта көптеген тәрбие іс-шараларын өткізуге болады.
Пайдаланған әдебиеттер
- Әбішқызы С., Сарманов Ж. «Ұлттық тәрбие – құндылығы мол дүние». -Алматы: Білім, -2018.
- Оразбекова К. Ұлттық психология мен халық тәрбиесі болашақтың бастауы -Алматы:Эверо -2018.
- Ғаббасов С. Халық педагогикасының, негіздері -Алматы:Мұра, 2020.