Баймуратова Анар Шамиқызы
Алматы қаласы Наурызбай ауданы
№174 мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жыр оқысам, жадырайды қабағым,
Жыр оқысам, нұрланады жанарым,
Мен өмірдің қуанышын, қызығын
Жақсы жырдың жолдарынан табамын…
Ия, поэзия әлеміне көз салсақ, қазақ халқының арман-мұраты, шаттығы мен қайғысы, ең алдымен, ақын жүрегіне жиналған, ақын өлеңдеріне арқау болған. Осындай рухты жырларын халқына паш етіп жүрген қазақтың талантты тұлғалары қаншама. Бүгін Алматы қаласы, Наурызбай ауданы, №174 мектеп-гимназияда жас ақын, республикалық, халықаралық жыр байқауларының жүлдегері, «Қаламымнан сағынышым сырғанап…» атты жыр кітабының авторы Алтыншапақ Хаутайқызымен онлайн жүйесінде кездесу-сұхбат өтті. Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің апталығында өлеңге құмар, талабы зор жас ақындар үшін арнайы жоспарланған бұл кездесудің мақсаты – еліміздегі халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген жас ақындарымыздың өрнегі мол жырларын оқуға насихаттау, олардың өнегелі өмір жолдарын өскелең ұрпаққа өнеге тұтып, жас ұрпақтың кітап оқуға құлшынысын арттыру, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту, жырға, оны түсініп оқып, көркемдеп жеткізе білуге үйрету.
Кездесу басталғаннан-ақ жылы әсерге толы болды, қазақтың ақын қызы оқушыларға шығармашылық жолға қалай келгендігін қызықты етіп баяндап берді. Ақынның өзі де балаларға мейірімін төгіп қарады, үні де, өлеңдері де «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиді. Оқушылар да көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауаптарын ала алды. Ақыннан өлең сұрап, шабытты жырларымен сусындады. Жырға құмар, талантты шәкірттеріміз де өз туындыларын оқып, ақын апаларының ыстық лебізіне бөленді. Онлайн жүйесінде өтсе де, әсерлі, әдемі, жыр тербеген жағымды сәт болды. Осы орайда, уақытын бөліп, шәкірттерімізге шығармашылық шабытын арнаған Алтыншапақ Хаутайқызына, кездесуге жауапты болған әріптесім Назерке Жанатқызына алғыс білдіргіміз келеді. Әдебиетіміз бен мәдениетімізді жақсы көріп, ұлттың ұлықты ұрпағы болып өсуі үшін осындай рухани, тағылымы терең кездесулердің берері мол. Бүгінгі кездесу соның бірден-бір дәлелі болды. Ең бастысы, еліміз аман болып, ұрпағымыз елдің ертеңіне өз үлесін қоса алатындай білімге, өнерге, білуге құштар болып өссе, еліміздің болашағы бұдан да көркем бола түсеріне сеніміміз мол. Алтыншапақ Хаутайқызының да кеш соңында гимназия шәкірттеріне деген ізгі тілегі осы болды. Еліміз аман, болашағымыз баянды болғай!