Осы атаулы мерекеге орай Оралда жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінен құралған «Жайдарман» әзілкештері қала әкімінің кубогын сарапқа салды.
Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған фестивальге тоғыз команда қатысып, бақтарын сынады. «Жайдарман» ойынын көрермендер әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирден тамашалады. Олар қоғамдағы кейбір көріністерді астарлы әзіл-қалжыңмен жеткізіп, жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті.
Жастардың сайысы нәтижесінде Ж.Досмұхамедов атындағы Орал жоғары педагогикалық колледжінің «Космос» құрамасы 3-орынға лайық деп танылса, М.Өтемісов атындағы БҚУ атынан қатысқан облыстық жоғары лига ойыншыларының «Белес» құрамасы екінші орынға тұрақтады. Батыс Қазақстан инновациялық-теxнологиялық университеті педагогика факультетінің «Жаңа толқын» тобы «Жайдарман» фестивалінің жеңімпазы атанды. Сонымен қатар Ақжайық ауданы колледжінен келген «Ампер» жайдарман тобының мүшесі Ғимран Ерсұлтан «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алды.
Барлық топ алғыс хаттармен мараптталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.
Облыс орталығындағы «Қала күні-2020» мерекелік шарасы аясындағы іс-шаралар өз жалғасын табуда.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО