Еркебай Нұрғазиз, №8 Төле би атындағы
гимназияның 8 «Б» сынып оқушысы,
сынып жетекшісі Темірова Марал,
Жамбыл облысы Тараз қаласы
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж.Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегі күнгі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында пандемия жағдайындағы еліміздің хал-ахуалын айта отырып, болжам бойынша алдағы екі жылға созылуы мүмкін індетті ел болып жеңу керектігіне баса назар аударды. Президентіміз Жолдаудың бесінші бөлімінде білім беру сапасын арттыруды тапсырды. Себебі, кеңінен орын алып отырған пандемия бүкіл әлемнің білім жүйесі үшін ауыр сын болып отыр. Иә, қалыптасқан бүкіләлемдік пандемия жағдайы өмірдің барлық саласына өз ықпалын тигізді, ал біздер, оқушылардың денсаулығын сақтау, індеттің таралуына жол бермеуге байланысты, онлайн форматта білім алып жатырмыз. Сонымен қатар өткен оқу жылының төртінші тоқсанын біз қашықтан оқып бітірдік. Қашықтан оқыту барысында біраз тәжірибе жинақтағанымызбен, олар әлі де жеткіліксіз болып отыр.
Осы олқылықты толтыруда «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдары пандемия жағдайында педагогтерді, ата-аналарды және оқушыларды қолдау мақсатында қашықтан оқыту бойынша 2020-2021 оқу жылының 1 тоқсаны бойынша барлық пәндерден сабақтар әзірлеп, олар Youtube-тегі «Өрлеу» білім беру арнасына жүктеліп, барлық пайдаланушыларға қолжетімді болып отыр. Осы сабақтарды мен өзім де үй тапсырмасын орындау, сабақта өткен материалдарды қайталау және бекіту барысында қосымша қолданамын. Сабақтар өте сапалы жасалған, түсінікті әрі қарапайым, мысалдармен дәлелденген. Ең бастысы, кез келген уақытта ашып, үнемі және қайта-қайта пайдалануға ыңғайлы. Республиканың барлық оқушылары осы сабақтарды пайдаланса деп тілеймін және бәсекеге қабілетті оқушыларды дайындау үшін ұлағатты ұстаздарымыз да бізбен бірге үнемі ізденіс үстінде болып отыр. Сол себептен біз, оқушылар да жан-жақты даярлығы мол, білімді болуға ұмтылуымыз керек, себебі Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, «еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ».
Әрине, барлық оқушылар секілді мен де сүйікті мектебімді және сыныптастарымды сағындым, бірақ, қазіргі кезде қалыптасқан уақытша қиындықты бірлесіп жеңеміз деп ойлаймын. Сонымен қатар қашықтан оқыту барысында бізге білім беруде бар күш-жігерлерін аямай еңбек жасап жатқан Тараз қаласындағы №8 гимназияның мұғалімдеріне алғысым шексіз.
Алда келе жатқан кәсіби мереке – Мұғалімдер күнімен барлық педагогтерді шын жүректен құттықтаймын! Бізді білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, бойымызға жақсы қасиеттерді дарыту, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде дарынды тұлғалар – ұстаздарымыздың еңбегі зор. Мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сəттілік тілеймін!