Home » Мақалалар » ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ОҚЫЛЫМ, ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫЛАРЫН МЕҢГЕРТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ОҚЫЛЫМ, ЖАЗЫЛЫМ ДАҒДЫЛАРЫН МЕҢГЕРТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

Ташетова Аимхан Салемовна,
Астана қаласы әкімдігінің
«Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни атындағы №85 мектеп-лицейінің»
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
педагог-зерттеуші.

Аннотация

        Бұл мақалада қазақ тілі сабақтарында оқушы қажеттілігіне қарай оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмалар арқылы тілдік дағдыларды меңгертудің тиімді жолдары қарастырылған.  Оқыту мен оқуды тиімді түрде ұйымдастыру үшін әр оқушының ілгерілеуі мен ағымдағы түсіну деңгейін үнемі анықтап отыру маңызды. Жаңартылған білім мазмұны аясында оқушы қажеттілігіне орай оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыруға арналған тапсырмаларын ұйымдастыруда, қалыптастырушы бағалау жүргізіліп, оқушының оқу жетістіктері туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Оқыту тиімділігінің артуы оқушы табысын бағалау сапасына тікелей байланысты. Бақылаудың дәстүрлі құралдары талап етілетін білім, білік, дағдыларының деңгейін ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан барлық уақытта бағалау жүйесін дайындау өзекті мәселе болып келеді. Осы орайда қазақ тілі сабақтарында ең бірінші оқылым және жазылым дағдыларын қалыптасқанда ғана оқушылардың қазақ тілі пәні бойынша сауаттылықтары артады. Сондықтан қазақ тілі сабақтарында оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыру мақсатында бұл мақаланың өзіндік орны бар.

Еліміздің білім саласының алдында тұрған басты міндет – сыныпта алған білімдерін болашақта пайдалана алатын жеке тұлға қалыптастыру. Бұл мақсатты шешу – мемлекеттік тілді оқытудың тиімді де ыңғайлы жүйесі мен құрылымын қалыптастыру әрбір қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімнің міндеті деп білемін. Осы орайда жаңартылған білім беру бағдарламасының орны ерекше. Өйткені жаңартылған бағдарлама оқушылар бойында тілдік дағдыларды қалыптастыруға зор мүмкіндік жасап отыр. Ол тілдік дағдылар: тыңдалым және айтылым, оқылым, жазылым. Менің ойымша, қазақ тілі сабақтарында ең бірінші оқылым және жазылым дағдыларын қалыптастырғанда ғана оқушылардың қазақ тілі пәні бойынша сауаттылықтары артады.

Оқылым дағдысы – мәтінмен жұмыс, рецептивті (қабылдаушы) дағдылар қатарына жатады. Оқылымның мақсаты – мәтіндегі негізгі және қосымша ақпаратты әртүрлі деңгейде қабылдауы және түсіне білуі.  Нақтырақ тоқталатын болсам,  әртүрлі графиктік мәтіндердегі (кесте, диаграмма, сызба, шартты белгі) мәліметтерді салыстырып талдау, негізгі үрдістерді анықтау;

  • әртүрлі стильдегі мәтіндердің тақырыбын, автор көзқарасын, мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін, құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдау;
  • мәтіндегі негізгі ойды анықтау, берілген мәліметтер мен пікірлерді өңдеу және толықтыру;
  • БАҚ, энциклопедиялық, ғылыми-көпшілік, ғылыми еңбектерден деректерді ала білу, сілтеме жасау жолдарын білу, дәйексөз келтіру;

әртүрлі графиктік мәтіндердегі (кесте, диаграмма, сызба, шартты белгі) мәліметтерді салыстырып талдау, негізгі үрдістерді анықтау;

  • әртүрлі стильдегі мәтіндердің тақырыбын, автор көзқарасын, мақсатты аудиторияға сәйкес қызметін, құрылымын, тілдік ерекшелігін салыстыра талдау;
  • мәтіндегі негізгі ойды анықтау, берілген мәліметтер мен пікірлерді өңдеу және толықтыру;
  • БАҚ, энциклопедиялық, ғылыми-көпшілік, ғылыми еңбектерден деректерді ала білу, сілтеме жасау жолдарын білу, дәйексөз келтіру [1, 2-б].

Жазылым дегеніміз не? Жазылым – бұл оқушылардан үйлесімді мәтін құру үшін көптеген күрделі дағдыларды меңгеруді талап ететін міндет. Бұл жерде күрделі дағдылар деп оқушылардың сөздік қорларындағы сөздерді тиімді пайдаланумен қатар, оларды жазуда тыныс белгілерді де назардан тыс қалдырмауын айтамыз. Сондықтан жазылым басқа дағдыларға қарағанда өнімді дағды болып табылады. Жазылым басқа да сөйлесім дағдыларымен бірлікте жүзеге асады. Себебі оқушы оқылым және тыңдалым, айтылым дағдысы негізінде өзінің жазылым дағдысын дамыта алады. Жазылым дағдысы – бұл жазу емес. Жазылым дағдысы – шығармашылық ойлау. Оқушының өз ойын шығармашылық тұрғыдан жеткізе білуі оның бойында жазылым дағдысының қалыптасқандығын көрсетеді. Оған:

  • жанрлық ерекшеліктерін ескере отырып, әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыру (баяндама, мақала, лекция, баяндама тезистері, аннотация, түйіндеме, рецензия, мақала, репортаж, сұхбат, ақпарат, информациялық хабар, очерк жазу);
  • мәтін құрылымын сақтай отырып, әртүрлі графиктік мәтіндегі деректерді салыстырып, маңызды тұстары мен үрдістерді талдап жазу, өзіндік тұжырым жасау;
  • қажетті ақпараттарды орынды қолданып, көтерілген мәселе бойынша өз ойын дәлелдеп эссе жазу («келісу, келіспеу» эссесі, дискуссивті эссе, аргументативті  эссе).

Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың оқылым, жазылым дағдыларын меңгерудің тиімді жолдарын қалыптастыратын әртүрлі тәсілдер бар:

біріншіден, бұл мәтіннің қарапайым бірліктеріне: сөзге, ұсынысқа, абзацқа назар аудару;

екіншіден, мәтін құрылымын және оның логикалық байланыстарын талдаусыз мәтінді түсіну. Оқушылар оларды бекіте отырып, жоспар, тезистер, конспектілер, сызбалар мен кестелерді құрастыруды үйренеді;

үшіншіден, мәтінді түсіну – бұл көптеген мәселені  шешу жолы деуге болады. Балаларға сұрақтар қоя отырып, мәтінмен (автормен) диалог жүргізуді үйретуіміз қажет.

Күнделікті тәжірибеде білім алушылардың дағдыларын қалыптастыру үшін, меңгеру деңгейін өлшеу үшін қалыптастырушы бағалаудың түрлі әдістерін қолдануға болады: «Екі жұлдыз, бір тілек», «Қолмен белгі беру», «Бағдаршам», «Жинақтау парақшасының индексі», «Бір минуттық эссе», «Сөйлеу үлгілері», «Үш минуттық үзіліс», «Ауызша бағалау», викториналар, сұрақтар және т.б. Қалыптастырушы бағалаудың әдістерін, оқу әрекеттерін ұйымдастырудың әр кезеңінде, тақырыпты түсіндіру, тапсырманы орындау, білім алушыларға кері байланыс беру кезінде қолдануға болады. Қалыптастырушы бағалаудың әдістерін жеке, жұптық және топтық жұмыстарды ұйымдастыру кезінде де қолдануға болады. Қалыптастырушы бағалаудың ажырамас элементі мұғалім тарапынан және білім алушылар арасында қойылатын сұрақтар (сауал, диалог, әңгімелесу және т.б.) болып табылады. Сондықтан сұрақтарды тиімді құрастыру техникасын меңгеруі, сыныпта диалогті қолдану мәдениетін дамытуы маңызды. Сұрақтардың түрлеріне қарай көптеген топтастырулар бар. Көбінесе қолданылатын сұрақтар тобы: ашық және жабық сұрақтар. Ашық сұрақтар талдауды және бағалау ақпараттарын талап етеді, қиялдауға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға ынталандырады. Жабық сұрақтар қысқа жауапты қажет етеді, мысалы, деректің, оқиғаның кезеңін атау, түсінгенін анықтау және т.б. [9,122-б]

Бүгінгі күннің басты талабы – болашақта өркениетті елдердің жоғары технологиясын меңгеріп, дүниежүзілік білім кеңістігінен көріну, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде оқытуда әлемдік озық үлгілерді тиімді пайдаланып, оқушылар бойында тілдік дағдыларды қалыптастыру.  Мемлеке-тіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпаққа жаңа серпіліс беретін бағдарлама деп есептеймін.

Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Оқытудың жүйесі өзгерді. Осыған байланысты алдымызда оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұрғандығы баршамызға аян. Яғни қазақ тілінің жаңа оқыту әдістері арқылы біз білім деңгейі, ой-өрісі дамыған, тіл арқылы өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді шеше білетін, шынайы өмірге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелейміз. Оқушылардың оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым дағдыларын қалыптастыра отырып, оларды еркін қарым-қатынас жасауға, сын тұрғысынан көзқарасын білдіруге, өз ойын жеткізіп, шешім қабылдауға дағдыландырамыз. Бұл тілдік дағдылар бір сабақтың үстінде өзара байланысты бірізділікпен жалғасын тауып жатады.

Осы жұмыстарды ұйымдастыруда мұғалімге үлкен шеберлік қажет. Оқушы үйлесімді мәтін құру үшін көптеген күрделі дағдыларды меңгеруі тиіс. Олар шеберліктерін, сөздік қорының молдығын көрсетеміз деп, негізгі мәселеден немесе тыныс белгілеріне назар аудармай қалуы мүмкін. Сол себепті жазылым кезінде оқушыларға үнемі қолдау көрсетіліп отырғаны дұрыс.

Өз бетінше жазудың алдында – идеяны тұжырымдауға қолдау көрсетеді, жоспарлаудың әртүрлі әдістерін үлгілеп көрсетеді және бастапқы нұсқаны жазу үдерісін ұйымдастырады [2,58-б].

Жазу барысында – оқушылардың нақты іріктелген лексикалық бірліктерді қолданғанын (тіркестерді таңдау), грамматикасы ережеге сай екенін (мысалы, етістіктің шақтарын дұрыс қолдануы), сөздердің үйлесімдігін (байланыстырушы сөздердің қолданылуы) қадағалайды.

Жазып болғаннан кейін жұмыстың алдын ала белгіленген критерийлерге сәйкестігін тексереді, түзетеді, жетілдіреді, мәтін аудиторияға сай келе ме, жоқ па, мақсатына сәйкес пе, жоқ па екенін анықтайды.

Оқушыға жазғанын қайта қарап шығуға мүмкіндік беру керек. Дегенмен нәтижеге жету үшін 45 минуттық сабақтың аздық ететіні шындық. Сондықтан да оқушыларды факультативтік қосымша сабақтарда да сұрақ-тапсырмаларға жауап беру, жекелеген, топтық іздендіру жұмыстары: жаттығу орындау, бірін-бірі тексеру, тест сұрақтарын әзірлеу, әңгіме құрау, мәнерлеп оқу, танымдық ойындар құрастыру, сызба дайындау сияқты тапсырмаларды орындату арқылы бала білімін оқушылық деңгейге дейін көтеруге мүмкіндік туғызады. Орынды пайдаланған оқыта-үйрету ойындар мен топтық, жұптық жұмыстар қазақ тілі сабағында оқушылардың сөйлеуіне, ойларын еркін айтуына, оқу, жазу сауаттылықтарын қалыптастыруға зор мүмкіндік туғызады. Осыдан мұғалім өзіне қорытынды жасауына, өзіне баға беруіне болады. Қазіргі даму кезеңінде білім беру жүйесі басты орынға қойылып отыр. Егер әр педагог өзі таңдаған әдістемелік жолын тың идеяларға негіздей алатын болса, жаңашыл педагогтар шеберлігі арқылы оқушылардың оқуға деген ынтасы мен қызығушылығы одан әрі артатыны сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мектеп оқушыларының  функционалдық   сауаттылығын  дамыту жөніндегі 2012-2016 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспары.- Астана:2012. – 1-2 б.
  2. Мұғалімге арналған нұсқаулық, ІІІ деңгей: 2012. – 58 б.
  3. Оқу сауаттылығы. Тренерге арналған нұсқаулық. PEARSON 2013. – 138 б.
  4. Оқу сауаттылығы. Мұғалімнің жұмыс дәптері. PEARSON 2013. – 47-48 б.
  5. Основные результаты международного исследования РІSА 2012. Национальный отчет. Астана: 2013. – 105-106 с., – 147 с.
  6. РІSА халықаралық зерттеуі, әдістемелік құрал. Астана: ҰББСБО, 2013.
  7. М.Ахметова «Мәтін лингвистикасы». Орал: 2008.
  8. С.Шабажанова «Оқылым дағдыларын қалыптастыру және дамытудың әдіснамасы мен тәжірибесі». Павлодар: 2015.
  9. Ф.Ш.Оразбаева, Р.С.Рахметова, Ж.С.Көпбаева, Ж.О.Мазибаева «Қазақ тілі» пәні бойынша қазақ тілін деңгейлік оқытудың білім беру стандарты мен бағдарламасы. Алматы: Абай атындағы Қаз ҰПУ, 2010 -122 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.