Астана қаласы
Қасым Қайсенов атындағы
N27 мектеп-лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі
Булашева Нагима Капановна
Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Мәдениеттің мәйегі – кітап деп Шерхан Мұртаза айтып кеткендей, рухани азық ала білетін құнды дүние кітап, бағалы іс кітап оқу. Қолымызға кітап емес, ұялы телефон түскелі, әлеуметтік желінің желігіне еріп, көз бояушылық дүниелер мен адам ақылы барып жетпейтін қатыгездіктерді көріп, жаһандану дәуірінде жарқ еткенімізден гөрі, құлдиға құлдырап бара жатқанымыз шындық. Кітаптан адам ажырағалы, адам атты рухани тұлғаның жан дүниесі қаңырап бос қалып бара жатқандай.
Бұрын мектеп қабырғасында жоғарғы сыныптарда Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» атты кітабын құшақтап, оқиға өрбіген сайын, кітап немен аяқталады деп таңды таңға атырған оқушыларды да, немерелерінің ойлау жүиесіне, тіл байлығына нәр береді деген сеніммен «Алпамыс», «Қобыланды» тб жыр, ертегілерді жатқа айтатын әжелерді де, батаның байыбына терең бойлап, байсалды қалыппен «Әмин» деп бата беретін ақсақалды аталарды да қазір сирек көреміз. Жаһандану, цифрлық заман деп жүріп, бесіктегі баладан бастап, еңкейген қартқа дейін қолдарында ұялы телефон. Ұлт болашағы ұрпақ болса, сол ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін, «Біссімілләсіз» ас үйге аяқ баспаған, дастархан бетін ашпаған, қолыңда күміс білезігіңсіз ас пісіруді тазалыққа баламаған аналарымыздың да, әлеуметтік желі етегіне жабысқалы үйден де береке қашқандай.
Адамның ойлау жүйесі, қазақ тілінің сөздік қоры кеңістік сияқты шексіз. Бірақ қазіргі таңда бала түгілі, үлкен адамдардың да сөздік қорлары алысқа бармайды. Әрбір ұлтты өзге ұлттардан бөліп, айқындап тұратын ол діні, тілі, салт-дәстүрі. Қазақ тілінің мәртебесін көтереміз десек, әр қазақ алғашқы қадамды тілдік қорын молайтып, рухани жанына дәрумен болатын құнды кітаптарды оқудан бастау керек. 14 ақпанды «Әулие Валентин» ғашықтар күні деп алып, өзге ұлттың қаңсық дүниесін өздеріне таңсық қылып жүрген біраз қазақ жастарының ойларын жақсы жаққа бұру мақсатында 14 ақпан «Кітап сыйлау» күні болып бекітілді. Өшпейтін, өмірлік ұстаз бола білетін құнды дүние, сыйлықтын төресі ол кітап. Осы бастама жыл өткен сайын жаңарып, қарқын алып, әр қазақтың үйінде кішкене кітапхана бұрышы жиналса нұр үстіне нұр болар еді. Кітап оқу керек деп қолына түскен кез келген кітапты оқи беру, ол алтындай бағалы уақытынды босқа сарп ету. Оқитын кітабымнан не алам, не күтем деп алға мақсат қойып, жазушының жазу стильі жаныма жақын ба деген сұрақтардың жауабын алып барып, кітапты қолға алған жөн болар. Осы орайда қазақтың бағына біткен бір туар ақын, жазушыларының әр қазақ оқуға тиіс тырнақ алты туындыларының тізімінің басында Абайдың қара сөздері тұрмақ. Одан кейін М.Әуезовтың «Абай жолы» Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өмірі, салған сара жолы жайлы жазылған кітапты оқу — әр қазақтың міндеті. Күллі қазақтың өмірі суреттелген роман-эпопеяға француз жазушысы Луи Арагон XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі деп оң бағасын берген. Ал камерун жазушысы Бенджамин Матип кітапты оқып, “қазақ неткен ғажайып халық” деп тамсанған.
Өзіннің қандай мұқалмаған ұлттың ұрпағы екеніне мөр басатын келесі кітаптартар тізімінде Әбдіжамал Нұрпейісовтің “Қан мен тер” атты кітабы тұрмақ. Кітапта өткен ғасырдың алғашқы жиырма жылы сипатталған. Нақтырақ айтқанда, туындыда Арал теңізінің жанында өмір сүрген қазақ халқының революция кезіндегі тұрмыс салты, бай мен кедейдің қарым-қатынасы, әйел теңсіздігі көрініс тапқан. Трилогия “Ымырт”, “Сергелдең”, “Күйреу” атты кітаптардан құралған.
Шерхан Мұртаза “Қызыл жебе”. Мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов жайлы жазылған үздік кітап десек, артық айтқанысыз емес. Рысқұлов және оның әкесі жайында Мұхтар Әуезов те “Қараш-Қараш” повестьін жазған еді. Ал Шерхан Мұртаза қазақ қамы үшін әділетсіздікпен арпалысып, тәуелсіздік жолында күрескен Тұрар Рысқұлов жайында ғұмырнамалық роман жазып, оның бұрын-сонды ел білмеген жақсы қырларын көрсетті. Автордың “Қызыл Жебе”, “Жұлдыз көпір”, “Қыл көпір”, “Тамұқ” атты кітаптарынан оқырман Тұрар Рысқұловтың өмірі және қызметімен, жақынырақ таныса алады.
Әбіш Кекілбаев “Үркер”. Кітапта автор қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдерге тоқталып, дәлірек айтқанда XII, XVIII ғасырлар аралығында орын алған оқиғаларды жазған. Әбіш Кекілбаев тарихи деректерге сүйеніп, оқырманға сол заманның шындығын, қазақтың тәуелсіздікке деген күресін қарапайым тілмен түсіндіруге тырысқан. Басты кейіпкерлердің прототиптері: Тәуке хан, Әбілқайыр хан, Бөкенбай батыр. Ал Тевкелевтің немесе бүкіл елдің атынан сөйлеген билер: Төле, Қазыбек, Әйтеке.
Ұлтының өткені мен болашағына немқұрайлы қарамайтын, ізденісті оқырманға тарихи шығармаларда, әдеби, поэтикалық кітаптарда табылары анық. «Кітап оқу- жеңіске жететін, жолы болғыш адамдардың әдеті екен. Ал жеңіске жеткен адамдардың кітапханасы мол болады, ұтылғандардың теледидары үлкен болады» деген екен Дэн Кеннеди»
Кітапханаларға барсаңыз, оқитын кітаптардың жоқтығынан емес, оқитын адамдардың жоқтығынан қаңырап тұрады. Осы орайды электронды кітапты оқығаннан, шынайы кітапты қолға алып, сезініп оқығанның орыны бөлек дер едім. Ақпараттық кеңістікте сана уланып бара жатқан кезде кітаптың пайдасы зор. Көз алдымызда ғана суреттелген сюжеттік кинорлардың әсері әрі кетсе 3 сағаттық, ал кітаптағы әр сөзді оқыған сайын оның суреті көз алдыңызда ғана емес, миыңызда жатталы қалады. Міне бұл кітаптың ең керемет ерекшелігі. Сөзің соңын гүлім Омардың мына бір құнды цитатасымен аяқтағым келеді.
Кітап жан азығы,
Тамақ тән азығы.
Тәніміздің қамын, сұранасын ғана ойламай, жанымызға да кітап арқылы рухани дәрумен берейік.