Home » Мақалалар » TopIQ kz-тің оқушыларға тиімділігі

TopIQ kz-тің оқушыларға тиімділігі

Жапарова Нургуль Омирзаковна
БҚО Орал қаласы

№45 ЖОББ мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі
педагог-модератор

Өркениеттің дамуы білім саласына да түрлі жаңашылдықтар әкелуде. Қазіргі ақпараттық технологияның, цифрландыру үрдісінің нәтижесінде қолға алынған көптеген реформалар өзінің тиімділігін дәлелдеді. Соның бірі – TopIQ kz платформасы.

Бұл электрондық оқулықтар платформасының оқушылар үшін тиімділігі аса зор. Қолданысқа толықтай жіберілмес бұрын алдын ала сынамадан сәтті өткен бұл платформаны бүгінде шәкірттеріміз кез келген жерде қолдану арқылы білімдерін шыңдауда. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы аясында интерактивті және мультимедиялық барлық материалдарды аталған электрондық оқулықтардан оңай табуға болады. «Алматыкітап» баспасы дайындаған цифрлық ресурс оқушылармен бірге ата-аналар үшін де, оқытушылар үшін де қолжетімді.

Еліміздегі Оқу-ағарту министрлігінің барлық талаптарына жауап беретін мультимедиялық оқу құралы мектеп оқушыларының өз бетімен дайындалуына мүмкіндік береді. Олар ұстаздары берген тапсырманы өзіне ыңғайлы орында, уақытпен санаспай-ақ, өздерінде бар смарт құралдармен орындай алады. Сонымен қатар оқушы мен оқытушы арасында кері байланыс орнатуға да мүмкіндік молынан. Мұның өзі – «Цифлық Қазақстанның» жаңа үлгідегі жетістіктерінің бірі. «Ақылды» технологияның жемісі десек те болады.

Соңғы кездері білім беру саласында өзіміз жиі қолданып жүрген жаңа трендтің біріне жататын TopIQ kz электронды оқулықтар платформасы басқа білім ошақтары сияқты біздің мектебімізде де қолданысқа енгізілді. Нәтижесінде оқушыларымызға ұнап, ата-аналардың да көңілінен шығуда. Шәкірттеріміздің білімге деген құштарлығын арттырып, қызығушылықтарын туғызды. Себебі, бүгінгі балаларды қарапайым нәрсемен таң қалдыру мүмкін емес. Смартфондардың «тілін» тез меңгеретін өскелең ұрпақ үшін TopIQ kz платформасы әрі ыңғайлы, әрі қызықты.

Өзім тәжірибеме келсем, бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, білімнің іргетасын қалауға бұл платформаның тигізер көмегі мол. Ол жерде негізгі пәндер бойынша оқулықтар ұсынылған. Оқу мақсатына сай тапсырмаларды оқушылармен бірге орындаймыз. Соңында олардың жауаптары қаншалықты дұрыс екендігін де платформа өзі шығарып береді. Сонымен қатар тақырыптарға сәйкес түрлі дидактикалық ойындар, зейіндерін ашатын сұрақтар бар. Әр тапсырманың өз дескрипторы болады, соларға сүйене отырып, электронды оқулықтармен жұмыстанамыз. Оқытушылар үшін тағы бір тиімділігі – көрнекі құралдарсыз-ақ TopIQ kz арқылы балалардың сабақтағы белсенділігін арттыруға болады. Электронды оқулықтарды пайдалану барысында оқушылар әр тақырыпқа сай берілген бейнероликтерді көріп, аудиожазбаларды тыңдап, көптеген мәліметтерге қанығады. Айталық, математика пәні басқаларына қарағанда күрделірек келетіні белгілі. Сондай қиын пәндердің өзін осы платформа арқылы оңай меңгеруге болады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.