ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Темурбаева Шапағат Сәлімбайқызы
Азаттық — Тәуелсіздік… Азаттық жолында жан аямай күрескен батыр бабамыздың рухын ұлықтау – жас ұрпақтың қасиетті парызы. Тарихқа көз жүгіртіп, батырлар рухына тағзым етіп, өнегелі өмір жолын дәріптеу – біздің азаматтық борышымыз. Бүгінгі ұрпақтың жадында батыр бабалар мәңгі қалуы үшін ұрпақтар сабақтастығы мәселесін жалғастырғанымыз ләзім. Қиын-қыстау шақта Отан қорғаған батырларымыздан бастап, бейбіт күннің батырлары жайлы да кеңінен мәлімет алып, батырлығын дәріптеуіне жол көрсеткеніміз абзал.
7 мамыр — Отан қорғаушылар күні қарсаңында гимназиямызда сынып сағаттары, кештер, дөңгелек үстелдер, дебат, т.с.с, түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мереке қарсаңында Алматы қаласы Бостандық ауданы полиция басқармасының ұйымдастыруымен ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де полиция аға лейтенанты, ІІ дәрежелі «Айбын» орденінің иегері Бейсенов Әсет Қуатұлына арналған стенд қойылды. Шараға арнайы Бостандық ауданы полиция басқармасының полиция подполковнигі Амангелді Сағынтай Амангелдіұлы келіп, ақжарма тілегін айтып, бір минут үнсіздікпен Әст Қуатұлын еске алды.
Бейбіт елдің батыры, Бейсенов Әсет Қуатұлы 1982 жылы 5 мамырда Алматы облысы, Талғар қаласында дүниеге келген. Жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор, тергеуші болып қызмет атқарған ол ішкі істер органындағы әріптестерінің арасында да зор беделге ие болған, күш-қуаты мол, белсенді жастардың бірі болатын. Батырлықтың адамгершіліктен, өз ісіне сүйіспеншіліктен бастау алатыны баршамызға мәлім. Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын Әсет Қуатұлы қызмет барысында жүріп қаза тапты.
«Ерлік білекте емес, жүректе» деген дана халқымыз. Елі үшін басын бәйгеге тігіп, дара ерлік көрсету — батырлықтың өшпес үлгісі. Гимназия оқушылары аталған шара барысында батырлық жайлы өлеңдер оқып, патриоттық әндер орындады. Өз ісіне, Отанына деген адалдығын танытқан асыл ерлерді ұмытпау – жас ұрпақтың басты міндеті. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?!» деген нақыл сөздің мән-мағынасын ұғынатын, ел қамын ойлайтын жастардың қатарын көбейту мақсатындағы шараларымыз одан әрі жалғасын таба бермек.