Нұрғалиева Анар Елеусізқызы,
«Ansar-Kausar 2020» мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі,
Қызылорда қаласы
Бала тәрбиелеу ісі – өзгермелі өмір талабына жауап беруі тиіс. Ол үшін қоғамдағы өзгерістерді таным-түйсігінен саналы түрде саралап түсінетін, жеке-дара шешім қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелемейінше қол жеткізу мүмкін емес. Ұрпақ тәрбиесі – адамзат баласының асыл мұраты. Сондықтан әр ұстаз жалықпай ізденеді, білім беруді, тәрбиелеуді, шығармашылықпен еңбек етуді абыройлы міндеті, айбынды мақсаты деп біледі. Сынып жетекшісі тәрбие жұмысының мақсатын саналы түсініп, оны жан-жақты талдап отыруға міндетті. Сынып жетекшісі – оқушыларды тек адамзаттық құндылықтарға үйретіп қана қоймай, сонымен қатар әр баланың бойындағы бейімділігін, кәсіби икемін, табиғи мүмкіндіктерін ашып, сүйіспеншілікпен шәкіртіне үлкен сеніммен қарайтын жан.
Бала тәрбиелеу – нағыз өнер, ал бұл өнердің бастауы – отбасынан басталады. Отбасында баланың тұлғалық жеке қасиеттері, өзгелермен қарым-қатынасы, белгілі бір мінез бен әдеттері қалыптасады. Әрбір баланы тануға, оны жақсы көріп, оның қызығушылықтарын ояту әр сынып жетекшісінің міндеті. Сынып жетекшілеріне көмек ретінде сынып сағаттарын ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынбақпын.
Қазіргі таңда тәрбие жұмысы сабақ процесімен бірге жүргізілуі тиіс. Қандай пәнді оқып жатса да, оқушылар тәрбиелік мәні бар дүниелерді игеруі тиіс. «Адамға ең бірінші білім емес, рухани тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», деп данышпан Әл-Фараби айтқандай, өркениетті елдердің қатарына «буынып-түйінген» мемлекеттің көшбасшы шыңына шығуы – бүгінгі ұрпақ бейнесімен айшықталады. Әр сынып жетекшісінің сынып сағаттарын ұйымдастыруға төмендегідей міндеттерді басшылыққа алғаны жөн.
Мен сынып сағатын ұйымдастыруда мынадай міндеттерді басшылыққа аламын.
І. Оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты сынып сағаттарының тақырыптарын таңдау.
ІІ. Сыныпта психологиялық ахуал туғызу. Ол үшін психологиялық тренингтер өткізу.
ІІІ. Сынып сағаттарының мақсаттары қолжетімді «SMART» (ақылды) болуы шарт.
6-10 жастағы бастауыш сынып оқушыларына кейбір күрделі тақырыптарды өткізуде қиындықтар туындайды, өйткені ол жастағы оқушылар бұл материалды қабылдауға таным түсінігі жетпейді. Мысалға, «Кибербуллинг», «Мамандық таңдау» т.б. бастауыш сынып оқушыларына мынадай тақырыптарды алуға болады: «Ғаламтордың зиянын білесің бе?», «Мен өскенде кім боламын?» деген тақырыптарды оқушылар жас ерекшеліктеріне қарай тез ұғады.
ІІ. Сыныпта психологиялық ахуал туғызу. Ол үшін психологиялық тренингтер өткізу.
Бірінші, тренинг өткізерде сыныптың көңіл-күйін білу. Егер оқушылар шаршаңқы көрінсе, әуелі көңіл көтеретін тренинг өткізу керек. Себебі, балалар шаршап отырғанда сабаққа белсене атсалыса алмайды. Сол кезде түрлі би билетіп, гимнастика жасату оқушыларды сергітеді.
Екінші, оқушыларды ынтымақтастыққа, достыққа шақыратын бір-бірімен қарым-қатынаста болуға үйрететін тренингтер өткізу. Мысалы,
Шаттық шеңбер
«Мен неге қолжеткізгім келеді?»
«Мақсатқа жету»
«Аутотренинг»
ІІІ. Сынып сағаттарының мақсаттары қолжетімді «SMART» (ақылды) болуы шарт.
Берілетін материал балаға қолжетімді мақсатта болуы керек. Оларға:
Сынып сағаты бала ұғымына сай, бала оны өмірде қолдана білуі керек.
Сюжетті қоршаған ортада болып жатқан оқиғадан алуы керек.
Сынып сағаттарын өмір тәжірибесінен алуы керек. Оған баспасөз, кино және түрлі видеоматериалдар көмек болады.
Сынып сағаттарының тиімді әрі қолжетімді болуы сынып жетекшісінің уақытын үнемдейді.
Әр сынып жетекшісі сынып сағаттарын ұйымдастыра отырып, балаға дұрыс жолды көрсете білуі қажет. Сонымен бірге сынып сағаттарында оқушыларды басты орынға қойып, өздерін жүргізуші ете отырып, сынып сағатының ұйымдастырылып өтуі деңгейінің сапасын арттыруға болады. Ол үшін сынып жетекшісі оқушыға сенім арта білуі керек. Оқушы өзіне мұғалімінің сенім артқанын көрсе, сынып сағатын өздері ұйымдастырып, жүргізіп үйренеді. Және сынып сағатындағы әрқайсысының өзіндік міндеттерін атқаруда жауапкершілікті сезіне отырып, жоғары дәрежеде орындауға тырысады, ұмтылады.
Білім мен тәрбие – егіз. Тәрбиесіз берілген білім оқушыларды ізгіліктен тайдырып, жауыздыққа, озбырлыққа, өзімшілдікке, өктемдікке жетелейді. Сондықтан әрбір ұстаз, балалардың жүрегіне ізгілікті ұялатуды, ұлттық өнегені, өнерді үйретуді ұмытпау керек. Оқыта отырып тәрбиелеу – бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдің бірі. Сынып сағатын жиі әрі сапалы өткізу барысында мұғалім оқушылардың күнделікті сабаққа қатысу белсенділігін арттырып қана қоймай, білім сапасының жоғарылағандығын көре алады. Сынып сағаттарын өткізу барысында оқушылардың танымдық белсенділігі артады, оларда іскерлік, дағды қасиеттері қалыптасады және дамиды.Сынып сағаты мынандай тәрбиелік қызметті атқарады: ағартушылық, бағыттаушылық, болжамдылық және қалыптастырушылық.
Оқушы сынып сағатында белсенді бола жүріп, сабағының да сапасын түзей алады. Мен өз тәжірибемде 1-ші сыныптан бастап оқушылардың сынып сағатына белсенді қатысуын қалыптастыра отырып, оларды сынып сағатында тек ән салып, би билеп, тақпақ айтуымен шектемей, өздерін жүргізуші ете отырып, әрі сынып сағытының құрылымын ұйымдастыру үшін ойларын тыңдай отырып, өзіндік пікірлерін білдіртуге үйретемін. Осылайша олардың білім сапасының артуына ықпал етемін. Сынып сағаттарында берілген тақпақтарды, көркем сөздерді, әндерді өздеріне жаттауға беремін. Оқушыға сенім арта отырып, жауапкершілік жүктеу арқылы, олардың берілген тапсырмаларды орындау деңгейлерін көруге болады. Бірте-бірте олар өздеріне сеніп тапсырылған тапсырмаларды жақсы деңгейде орындай алады. Ол үшін кейде достық қарым-қатынасты да пайдаланады. Нақты айтқанда сыныпта бір-біріне көмектеседі. Осылайша сыныптың ынтымақтасытығы артады.
Сынып сағатын тиімді әрі пайдалы тақырыпта жиі өткізудің жан-жақты пайдасы мол. Балаларға кемшіліктері жөнінде көп айтыла беретін болса, олар өз күштеріне және өз мүмкіншіліктеріне деген сенімдерін жоғалта бастайды. Ия, кемшіліксіз адам болмайды. Дегенмен, сыныбымызда өз күшіміз бен мүмкіншіліктерімізге деген сеніміміз күн сайын артып, өз жұмысымызға деген махаббатымыз нығайып келеді.
Мен оқушыларымды, өз мектебімді сүйемін және де ол сүйіспеншіліктің оқушыларымның жүрегінде де бар екеніне қуанамын. Сынып сағаты оқушылардың адамгершілік қасиетін қалыптастыруда, өнер саласындағы талғам-тілектерін тәрбиелеуде, адамдар өмірінде кездесетін жағымды-жағымсыз мінез-құлық нормаларына, олардағы дұрыс көзқарасты қалыптастыруға, елжандылық сезімдерін шыңдауда тәрбиелік маңызы зор. Сондай ақ, сынып сағаты сабақтан тыс кезде өткізілетін тәрбие жұмысын ұйымдастырудың негізгі бір формасы болып саналады.