Жақында Алматы қаласы, Медеу ауданындағы КМҚК №114 балабақшада «Армысың әз-Наурыз» атты дәстүрлі мерекелік кеш өтті. Мұнда халқымыздың ұлттық құндылықтарына негізделген салт-дәстүрлер мен ырым-тиымдар, жөн-жоралғылар жан-жақты көрсетілді.
Салтанатты мерекені ашқан балабақша меңгерушісі Сыбанова Жеңіскүл Батыровна келген қонақтарды наурыз мейрамымен құттықтап, әрқайсысына алғысын білдірді. Ол кісінің айтуына қарағанда, көнеден келе жатқан ұлттық дәстүріміздің озық үлгілері бүгінде тіршілігімізбен біте қайнасып жатыр. Соның бірі — баланы бесікке салу, қырқынан шығару дәстүрлері уақыт өткен сайын жаңа қырынан жаңғырып, өмірімізге етене ене түсуде.
Мәселен, «Тұсаукесер», «Бесік той» сияқты әдет-ғұрыптарымыз тұрмыстық қажеттілігімізге айналды. Алайда осы асыл құндылықтарымыз әр өлкеде, әр жерлерде әртүрлі көріністер беріп жатады. Міне, осы тұрғыдан келгенде балабақшадағы мерекелік дәстүрдің мағынасы мен маңызы ерекше екендігін баса айтуға тиістіміз.
Жиналған көпшілік жаңа дәстүрдің жаңа қырларын танып білумен қатар, қазақ халқы үшін қырық санының қасиеті қаншалықты құдіретті екенін тағы бір пайымдағандай болды. Ал ұмытылып бара жатқан бесікке салу рәсімі бүгінгі тұрмысымыздан өз орнын қайта тапқандай көрінді.
Мерекелік шараны ұйымдастыруға ат салысқан балабақша әдіскері Джапарова Райгүл Сабигазыевна, тәрбиешілер — Гуламова Айнурям Ахметжановна, Жолдасбаева Майгүл Манасовна және Еркибаева Эльвира Гинаятовна балдай тәтті бүлдіршіндермен бірге «қыз қуу», «көкпар», «арқан тарту», «күрес», «аударыспақ» секілді ұлттық ойындарды жиналған қонақтардың назарына ұсынды. Әдеттегідей, шашу шашылып, игі тілектер айтылды.
Ал балабақшаға қонаққа келген Қыдыр атаның әрбір қимылы мен ұлағатты ғибраты бүлдіршіндердің есінде көпке дейін сақталатынына күмәніміз жоқ. Олар балабақшада үйренген әндерін шырқап, домбыраларын тартып, билерін билеп, Қыдыр атаға өздерінің рухани сыйлығын тарту етті.
Қазақ халқының көне замандағы құндылықтарына жаңа реңк берген осынау игі шара ұлттық дәстүрімізге салтанатты шырай кіргізді.
Гүлдана Исаева
«Білім айнасы»
Алматы қаласы