Home » Мақалалар » МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА ЖҮРГІЗІЛЕТІН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АҒАРТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ  МАҢЫЗЫ

МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ АТА-АНАЛАРЫНА ЖҮРГІЗІЛЕТІН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АҒАРТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ  МАҢЫЗЫ

Куттыгулова Нургул Зулхарнаевна
Атырау облысы
Атырау қаласы
№36 мектеп-гимназиясы
Педагог-психолог  

        Баланың жан-жақты дамып, жетілуі үшін отбасы тәрбиесінің алатын орыны өте зор.  Баланың ар-ұжданының тұрақты түрде қалыптасып, бірте-бірте дами жетілуіне отбасының берер ықпалы аса зор. Отбасындағы қарым-қатынастың жай-күйін, туындаған мәселелердің балаға кері әсерін беріп жатқанын  балалардың көңіл-күйінен аңғаруға болады. Баланың физикалық,  психикалық жағдайы көбінесе әке мен ана арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Ата-аналар арасында келісім мен өзара түсіністік орнаған отбасында балалар өздерін сенімді, үйлесімді және қауіпсіз сезінеді.

Қазіргі отбасының дағдарыстық жағдайы оның психологиялық атмосферасы мен жанұя ішілік қарым-қатынасына әсер етеді. Қазіргі уақытта көптеген отбасылар бастан кешірген әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауы отбасылық қарым-қатынастардың тұрақсыздануына әкеліп соғады, ол күйзеліске, ұрыс-керіске, некелік қарым-қатынастардағы жанжалдарға және соның салдарынан балалар мен жасөспірімдердің мінез-құлқының бұзылуына, девианттылыққа әкеледі.

Бала тәрбиесінің табиғи ортасы – отбасы. Әр бала отбасында ата-анадан көріп, үйренгенін бойына сіңіреді. Сондықтан әр ата-ана өсіріп отырған ұрпағының ішкі жан дүниесімен сырласып, мінез-құлқына ерекше мән беріп, пікірлерімен санасып отыруы  керек.  Өз баласымен ашық сөйлесе алмай, сырласа білмейтін ата — аналар жеке әңгімелескен кезде түрлі сылтаулар айтады.. Бұл дұрыс емес. Баламен сөйлесуге тіпті арнайы уақыт бөлудің қажеті жоқ.  Әке мен шеше ұл-қыздармен үй шаруасында жүріп-ақ әңгімелесіп, ой бөлісуге неге болмасқа?  Отбасында  әке мен ана қарым-қатынасының бұзылуы, жанжал, ажырасу, баланың көзінше бейәдеп сөздер айту, ар-намысына тию, басқа балалармен салыстыру, т.б баланың психологиясына кері әсер ететін факторлар болып саналады. Осындай жағдайды көріп өскен баланың мінез-құлқында өзгерістер пайда болып, теріс тәрбиеге бейімделіп, ата-ананың жылуын сыртқы ортадан іздейді.  Осыдан келіп, түрлі келеңсіз жағдайлар (өз-өзіне қол жұмсау, теріс ағымдарға еліктеу,ерте жүктілік, нашақорлық, буллингке ұшырау, т.б) орын алып жатады. Керісінше баланың қызығушылықтарына ерте жастан мән беріп, білім алуына жағдай жасап, барлық жағымды қасиеттерін бойына сіңіріп, бірге жүрген ортасына дейін мән беріп, қоғамдық ортаға бейімдеу ата-ананың басты міндеті екенін естен шығармау керек.

Балалардағы, одан кейін үлкендердегі барлық келеңсіздіктер отбасы тәрбиесінің қателіктерімен түсіндірілетінін, оның ең бастысы – сүйіспеншіліктің жоқтығынан, баласын мақтап, қолдау көрсете алмауынан екенін өмір мен ғылым дәлелдеп отыр. Көрнекті ұстаз В.А. Сухомлинский: «Ата-ана тәрбиесінің даналығы жоқ жерде ана мен әкенің балаға деген сүйіспеншілігі оларды ренжітеді», — деген.

Қазіргі таңда психологиялық зерттеулер бойынша ата-аналардың балаларын оқыту мен тәрбиелеуде елеулі қиындықтарға тап болатынын көрсетеді. Мысалы, ата-аналар балалардың бойындағы агрессивтілік мінез-құлық, мазасыздық, үлгерімінің нашарлауы, гипербелсенділік, дамуында кешігушілік, жас кезеңдеріне байланысты психологиялық өзгерістер т.б. сияқты мәселелер  туындаған жағдайда өздерін қалай ұстау керектігін білмейді. Сонымен қатар, ата-аналардың көпшілігі балаларының ішкі жан дүниесіне  мән бермей, оны тыңдай алмайды. Көпшілік ата-ананың қателігі баланың материалдық жағдайын бірінші орынға қойып, «бәрі бар, не жетпейтінін түсінбеймін» деп айтуы, яғни себебін анықтауға тырыспайды.

Мектептегі психологиялық қызмет жұмысында ата-ананың психологиялық тәрбиесі өте маңызды. Отбасы баланың дамуы мен оның жеке тұлға болып қалыптасуының қуатты факторы екенін ескере отырып,  іс-әрекетімізде  жасөспірімдер мен ата-аналардың қатарлас жұмысы бала мен ата-ана қарым-қатынасын оңтайландыру және өзара сенімді нығайту үдерісін жеделдетуге мүмкіндік берді.   Себебі үлкендердің психологиялық сауатсыздығынан балалардың мәселелерін тыңдай алмауынан , оны түсінуге, кешіруге, жанашырлық танытуға қабілетсіздігі мен қаламауынан туындайтын түрлі жанжалдар орын алады. Кейбір кезде отбасындағы ерлі-зайыпты ата-ана арасындағы келіспушілікке де баланы кіналайтын жағдайлар да практикада кездесіп жатады.

Кейбір ата-аналар психологтың балаларымен не істейтінін білмегендіктен көптеген сұрақтар туындайды, «бұл не үшін қажет», «менің баламда барлығы дұрыс» деген сияқты т.б. қарсы пікірлер психологтың жұмысына кедергісін туғызып жататыны анық. Ата-аналар тарапынан дүрбелең туғызбау үшін өз базасында психологиялық қызмет бар әрбір мектеп ата-аналарға міндетті түрде психологиялық білім беруі керек.

Педагог-психологтың ата-аналармен жұмысы, ең алдымен, әрбір баланың әлеуетін барынша арттыратын біртұтас білім беру ортасын құруға ықпал етуге ұмтылумен байланысты. Баланың жеке тұлғасы отбасында қалыптасады, сондықтан ата-анаға психологиялық білім беру педагог психологтың маңызды міндеті болып табылады.

Психологиялық білім беру – педагогтар мен ата-аналар арасында психологиялық көмекке, мектеп психологының қызметіне оң көзқарасты қалыптастыруға, психологиялық білім саласындағы ой-өрістерін кеңейтуге бағытталған психологтың профилактикалық іс-әрекетінің бөлімі.

Ата-аналарға жүргізілетін психологиялық ағарту жұмысының  негізгі міндеттері:

  1. Ата-аналарды баланың қолайлы психикалық дамуының негізгі заңдылықтарымен және жағдайларымен таныстыру;
  2. Ата-ана мен бала қарым-қатынасын түзету;
  3. Мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеу мен дамытуда және отбасы мен мектеп арасындағы біртұтас кеңістікті қалыптастыру;
  4. Әрбір жас кезеңінде тұлғаның жан-жақты дамуына жағдай жасау;
  5. Қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасында кездесетін келеңсіз жағдайлардың алдын алу;
  6. Тұлғаның қалыптасуы мен интеллектінің дамуындағы мүмкін болатын бұзушылықтардың дер кезінде алдын алу;

7 . Білім беру ұйымындағы психолог жұмысының қажеттілігін түсінуге қол жеткізу.

Мектепте ата-аналарға жүргізілетін психологиялық ағарту жұмыстарын топтық, жеке, көрнекілік-ақпараттық бағытында жүргізіледі.

Ата-аналарға жүргізілетін ағрту жұмысының топтық  түріне мыналар жатаы:

— балалармен жұмыс істеудің тиімді әдістері мен тәсілдерін көрсететін ата-аналармен әңгімелесу;

—  ата-аналар жиналысы, оның ішінде педагог-психологтың сөз сөйлеуі;

—  топтық әңгімелер, лекциялар және педагогикалық психологпен кеңестер;

—  психологиялық ойындар, жаттығулар, тренинг элементтері бар сабақтар;

— пікірталас, проблемалық жағдайларды талқылау;

— психологиялық жаттығулар;

— дөңгелек үстелдер, ата-аналар конференциялары;

— семинар-практикумдар

Педагог-психолог пен ата-ана арасындағы қарым-қатынас міндеттерінің бірі ата-аналарға баланың психикалық дамуының маңызды аспектілерін ашып, дұрыс педагогикалық стратегияны құруға көмектесу болып табылады. Бұл мәселелерді шешуде ата-аналар жиналысы, семинарлар, дөңгелек үстел  таптырмас шара, өйткені олар психолог пен ата-аналар арасындағы қарым-қатынастың тиімді түрі болып табылады.

Отбасы мен психологтың өзара іс-әрекетінің басты формаларының бірі әрбір ата-анамен жеке жұмыс болып табылады, яғни жеке әңгімелесу, кеңес беру. Ата-аналармен сұхбат – психологтың, педагогтың отбасымен байланысының қолжетімді формасы. Сұхбат келесі талаптарды қамтуы қажет:

— нақты және мазмұнды болуы;

— баланы тәрбиелеу мен оқыту сұрақтары бойынша ата-аналарға жаңа білім беру;

— педагогикалық мәселелерге қызығушылығын ояту;

— бала тәрбиесіне жауапкершілік сезімін арттыру.

Жеке жүргізілетін кеңестерде туындайтын мәселелер

  • Баланың жаңа ортаға бейімделуі
  • Баланың мінез-құлқындағы ауытқушылықтар

(шамадан тыс ашушаңдық, қыңырлық, еркелік, қырсықтық т.б.)

  • Бала бойындағы қорқыныш, үрей
  • Таным процестерінің дамуындағы тежелулер (зейін, ес,ой т.б.)
  • Отбасындағы кикілжің
  • Баланың толық емес отбасында тәрбиеленуі т.б

Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында ағарту жұмысының көрнекілік-ақпараттық  формаларын ұйымдастырудың маңызы өте зор. Мысалы, бала психологиясы мен тәрбиесіне арналған сайттар жасақтау, әлеуметтік желіде парақша ашып, ата-аналармен қашықтықтан отырып кеңестер беру, бала тәрбиесіне қатысты пост жариялау, жадынамалар ұсыну, бейнероликтер салу, өткізіліп жатқан шаралармен таныстырып отыру өте қолайлы.

Сонымен қатар кез-келген мектепте психолог бұрышы  ата-аналарға қол жетімді жерде орналасуы керек. Онда әртүрлі ата-аналарға арналған ақпараттар, сенім телефоны туралы мәліметтер, кеңестер болу керек. Мысалы:

— ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынасқа көмектесу;

— мазасыз бала

— бала бойындағы сенімсіздікті қалай жеңе аламыз?

-буллингтің алдын-алуда ата-ананың рөлі т.б тақырыптар жарияланады.

Стенд үнемі жаңартылып отыруы керек.

Әлеуметтік желілердің, сайттың өте тиімді жағы ата-ана кез-келген уақытта мектеп психологына тікелей хабарласып, көмек ала алады, психолог жұмысымен  танысады, бала тәрбиесіне қатысты кеңестер, ақпараттар алады.

      Мектепте осындай ата-аналарға психологиялық ағарту жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде:

— ата-аналар жиналысына, семинарларға, тренингтерге қатыстың жоғарылауы, яғни қызығушылықпен қатысуы;

— ата-аналарда психологиялық білімнің пайда болуы;

— жеке консультациялар санының көбеюі;

— ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың жақсаруы;

— балалр бойында отбасындағы қысымның, қобалжудың, кінілаудың төмен көрсеткіші;

— психологтың жұмысына оң көзқарасының қалыптасуы орын алады.

Қорыта айтқанда отбасында жайлылық болған жағдайда-балалар жақсы жетістіктерге жетіп, зиянды әрекеттерден аулақ болып, өзінің даму деңгейіне көтеріле алады.          Ата-ана мен бала қарым-қатынасының сапасы көптеген факторларға байланысты және баланың психикалық дамуына ғана емес, оның мінез-құлқына, қарым-қатынастағы көзқарасына, тұлға ретінде қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді.

Баланың тұлға болып қалыптасуына ең үлкен әсер ата-ананың өнегелі тәлімдері мен сөздері және олардың нақты іс-әрекеттері мен мінез-құлқы да әсер ететінін есте ұстаған жөн. Олай болатын болса, ата-аналарға  психологиялық білім мен ағарту жұмысытарын тиімді ұйымдастыру әр педагог-психологтың басты міндетіне айналуы тиіс.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.