Home » Мақалалар » ҰЖЫМДЫҚ  ЕҢБЕККЕ  БАЛУ

ҰЖЫМДЫҚ  ЕҢБЕККЕ  БАЛУ

 Жапония  елінде  ұйымдастырылған  халықаралық  тағлымдама нәтижесі  бойынша  Алматы  қаласының  білім  беру  жүйесінің,  оның ішінде  Жетісу  ауданы  №57 жалпы  білім  беретін  мектептің  тәжірибесіне  енгізуге  боларлық  көптеген көңілге түйген  педагогикалық  идеялар педагогикалық  ұжымға таныстырылып, жапон  елінің  іс-тәжірибесін ұлттық  құндылықтарымызға  сай  негіздей отырып, тәжірибеге  тиімді  енгізуді  жоспарлау әрі ұйымдастыру –басты  мақсатымыз  болды. Ең  бірінші,  мектеп  тәжірибесіне  енгізген  өзгерісіміз – мектеп  оқушыларын ұжымдық  еңбекке  баулу тәрбиесінен бастау алды.

  Білім  беру  жүйесінде  жапондар мынандай қағиданы ұстанады: бала – ересектерге тіпті де ұқсамайтын, олардан жаратылысы бөлек жан болғандықтан, одан лезде ересек жасауға тырыспау керек, оған қойылатын талаптар мен шектеулер де біртіндеп жүзеге асырылуы қажет. Балаға ерекше ізет пен мейірім көрсету керек. Сол себепті де жапон мектептерінде балаға деген ерекше қамқорлықты көруге болады.Осының барлығын жапондар жақсы түсінеді, сол себепті де жапон қоғамын дәстүрлерді мықтап ұстанатын қоғам деп атауымызға болады. Бұл ұстанымның нәтижесі баршаға аян: бүгінде Жапония әлемдегі ең үздік мемлекеттерінің алғашқы үштігінен орын алады.

Жапон педагогикасының негізгі мақсаты – ұжымда бірлесе жұмыс жасай алатын еңбек адамын тәрбиелеу, өйткені тек тынымсыз еңбек қана қоғамда жақсы орын табу мүмкіндігін береді деп есептейді жапондар.

 

  «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамыз бекер айтпаған болар…Жапон мектептерінің басты қағидасы: «Өз мүмкіншіліктеріңнің шегінде жұмыс жасау керек!», яғни оқушыларды қаршадайынан еңбекке толығымен берілуге үйретеді.

Осы  мақсатта мектеп  оқушыларын  ұжымдық  еңбекке  баулу  мақсатында «Менің  мектебімнің  гүлзары», «Гүлзардағы раушан гүлдер » атты  тәрбиелік мәні  бар  іс-шаралар  ұйымдастырылды. Мектеп  оқушылары өздерінің  сынып  жетекшілерімен  бірлесіп, қолдарына  күректерін алып,  арнайы   гүл  отырғызатын  шұңқыр әзірлеп, әртүрлі  раушан  гүлдерін  отырғызды.  Гүлдердің  түбін  қопсытып,  су құйды. Бір айта  кетерлігі, оқушылар  өздері  отырғызған  гүлдерді  сыныппен  бірге бірлесіп күтіп-баптайтын  болады.

 

Жалпы алғанда жапон елінен алған  оқушылардың  ұжымдық  еңбек тәрбиесі – балалардың  адамгершілік қатынастарын қалыптастыратын, белгілі мақсатқа бағытталған іс-әрекет. Мақсаты: болашақ ересек өмірі үшін оқушылардың еңбекке деген машықтары мен дағдыларының қажетті деңгейін қалыптастыру. балалардың еңбекке қатысты оң көзқарасын қалыптастыру және оны өмірдегі басты құндылық ретінде қабылдау, еңбексүйгіштік және жауапкершілік дағдыларын  дамыту  болып  табылады.

 

 

 

 

ТҮРГЕНБАЕВА   ШЫНАР  САТЫБАЛДИЕВНА 
Алматы  қаласы  №57 жалпы  білім  беретін мектебінің 
директордың  оқу жұмысы  жөніндегі  орынбасары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.