Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқыту және оқушы белсенділігі

Қашықтықтан оқыту және оқушы белсенділігі

                Маңғыстау облысы
                Мұнайлы ауданы
                «№13 мектеп-гимназия» КММ
                қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
                Гүлшат Тұржұпарова

        Бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, жолында кездескенді жайпағысы келген «COVID-19»  (коронавирус) пандемиясы еліміздің білім беру саласын да айналып өтпеді. Бұл аса қиын, еліміздің әрбір азаматының тағдыры үшін алаңдаған кезең білім саласында еңбек ететін азаматтарды да бей-жай қалдыра алмады. Елдің болашағы үшін осындай сын сағатта аса маңызды әрі батыл шешім қабылдаған Білім және ғылым министрі  А.Қ. Аймағанбетов білім саласына оқытудың дәстүрлі емес тәсілін енгізуді жөн деп тапты. Бұл әрине интернет желісімен әлі де болса толық қамтамасыз етілмеген  облыс, аудан орталығынан шалғайда жатқан ауыл мектептерінің мұғалімдерін біршама қобалжытқаны рас. Дегенмен қандай іс болса да, білек сыбана кірісіп, жеңіп шығуға тырысатын педагогтер қауымы  бұл қиындықты да еңсеріп жатыр деп ойлаймын.

        Жалпы орта білім беру  саласына енгізілген әдіс — қашықтықтан оқыту. Осы  уақыттың ішінде оқушы да, мұғалім де аз да болса тәжірибе жасап үлгерді.

         Қашықтықтан оқыту – бұл оқу үдерісінің оқытушы мен білім алушының арасында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы оқу үдерісін жүргізу мен ұйымдастырудың заманауи тәсілі.

Қашықтықтан оқыту мұғалімнің біліктілігін көтереді, оқушының өз бетімен білім алуын қалыптастырады және  ата-аналарға білім беру үрдісін және баланың оқытушылармен қарым-қатынасын бақылауға мүмкіндік береді.

Қашықтықтан оқыту  —  оқыту мақсатының айқын қойылуын, оқушы мен мұғалімнің  арасындағы интерактивтілікті қамтамасыз ететін қажетті оқу материалдарының жеткізілуін,  кері байланыс болуын талап етеді.  Әсерлі кері байланыстың болуы оқушының білімсіздіктен білімділікке қарай қозғалысының дұрыстығы туралы ақпарат алып отыруға мүмкіндік береді. Мотивация да кез-келген қашықтықтан оқытудың  маңызды бір бөлігі. Оқушыны көтермелеу үшін әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолдану маңызды.

Қазіргі таңда ең тиімді құрал ретінде «youtube», «Whatsapp» әлеуметтік желілерін қолданып отырмыз. Бастапқыда «Бұл қалай болады? Сабақты қалай түсіндірем? Оқушыға  жаңа материалды жеткілікті деңгейде меңгерте алам ба? » деген сан түрлі сұрақ жалпы білім беретін мектеп мұғалімдерінің басым көпшілігін мазалағаны анық. Орта буын оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетін оқыта отырып, бұл алдын-ала мазасыздану екенін түсінгендеймін. Себебі, дәстүрлі білім берумен салыстыра келе, оқытудың бұл түрінің  оқушы үшін де, мұғалім үшін де тиімсіз тұстарымен қатар тиімді тұстары бар екенін байқағандаймын. Өйткені бетпе-бет оқыту барысында толыққанды кері байланыс жасаушы баланың саны 1/3 құраса, қашықтықтан оқыту барысында бұл есеп тең дәрежеде болып тұр. Өйткені сынып оқушыларының алдында өзін «ұялшақ», «әдемі жаза алмайтын» немесе «сауатсыз»(әдейі тырнақшаға алып отырмын) санайтын  оқушылардың әртүрлі мультимедиалық материалдармен жұмыс жасап, сынып жұмысын, үй жұмысын тиянақты орындап,  мейлінше қатарластарының алдына озып шығуды көздемесе де, өзіндік ой-пікірін айтып, белсенділік танытуы таңқаларлық жағдай болмаса да, көңіл қуантып, мерейіңді өсіреді. Тіпті  «экранның арғы жағында отырған» белсенді оқушыны құшақтап, басынан сипағың келетіндей. Әрине, оқушының мұндай жетістікке жетуіне ерекше ықпал етіп, қолдау көрсетіп отырған ата-ананың да еңбегі зор.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай ел басына күн туған кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсетсек, қиындықты бір адамдай жеңіп шығатынымыз анық!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.