Қашықтықтан оқыту жүйесі барлық Қазақстан мұғалімдеріне жаңғыру әкелгені анық. Оқытудың бұл форматында мұғалім де, оқушы да дами түсті десек артық болмайды. Бұл Жеті модульдің бірі болып болып табылатын «Оқу мен оқытудағы АКТ-ны пайдаланудың» нағыз қайнаған уақыты. Еліміздің мұғалімдері де сол қайнауда шынығып, қашықтықтан білім көзін жеткізу жолдарын іздестіріп, ақпараттық сауатталығын шыңдауда. Ал білім алушы ендігі жерде мұғалімнің бағыт-бағдары арқылы түрлі ресурстар және платформалармен жұмыс жасап, өз бетімен білім алуда. Жаңа үлгідегі жүйелі жұмыстың арқасында еліміздің мұғалімдері тәжірибе жинақтауда.
Қашықтықтан оқыту жүйесінің материалдарын даярлау кезіндегі көзім жеткен нәрсе – ол біз үйренген сыныптағы бетпе-бет оқытудан әлдеқайда күрделі дүние. Себебі ол да үлкен дайындықты, жауапкершілікті, қыруар уақытты қажет етеді. Оқытудың бұл форматына көшкен соң, жаңа компьютерлік технологияларды игеріп, ақпараттық сауаттылықты күшейтуге тура келді. Білім алушыларыммен бірге «Білімленд» платформасының бұрынғыдан гөрі, әлдеқайда белсенді қолданушысына айнала бастадық. Өз басым, қашықтықтан жүргізілетін сабақтың материалы білім алушы үшін нақты, қызықты болуына көп көңіл бөлуді ұйғардым.
Қашықтықтан оқыту барысында түрлі білім берудің жолдарын қарастыра отырып, білім алушыға жаңа материалды зерттеуге бағдар берудің ең тиімді тәсілі – бейнесабақтар жасақтау керек деп шештім. Бұл БҒМ тарапынан міндеттелген жоқ. Себебі, бұл қай мұғалім үшін де оңай жұмыс емес. Бірақ сол қиындықтарға қарамастан мен осы істі қолға алдым. Ең бастысы – оқушыларыма ұнайды. Олар «Мұғалім, рахмет сізге, сабақтарыңыз өте түсінікті, қызықты болды» — деп, кері байланыс жасап, келесі сабақтарды жасақтауға күш-жігер беріп жатады. Сондай-ақ, қашықтықтан оқыту жүйесі кезіндегі тағы бір бөліскім келетін дүнием – ол тәжірибемен алмасу процесі. Жалпы республикамызда YOUTUBE желісі қолжетімді болған соң, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әріптестерім де менің бейнесабақтарымды белсенді түрде қолданып жатыр. Мәселен, 10-сыныптың КТЖ-ғы «Қазақтардың дәстүрлі дүниетанымы» тақырыбы бойынша жасақталған бейнесабағым – YOUTUBE желісінде 5500-ге жуық қаралымға ие болған. Сабақтарымның басқа да мыңдаған қауымға пайда тигізуі – бұл мен үшін үлкен жеңіс. Демек, қашықтықтан оқыту кезіндегі жасап жатқан еңбегім – бекер емес деген сөз.
Ақтау қаласы,
«№13 гимназиясының»
тарих пәні мұғалімі Сейниханова А.С