Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
№13 мектеп-гимназия
Азизова Айман Хожагалиевна
Бастауыш сыныптар бойынша
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасар
Әлемдегі індеттің таралуы бүгінде біздің елімізде де орын алып отыр. Сондықтан санитарлық-эпидемиялық жағдайға байланысты ағымдағы оқу жылының ІV тоқсанында барлық білім беру ұйымдары қашықтықтан оқытуға көшті. Осы орайда Мұнайлы ауданындағы №13 мектеп-гимназиясының бастауыш буыны бойынша төрт жүз жетпіс сегіз оқушысы қазіргі таңда қашықтықтан білім алуда. Қашықтан оқытуға көшуге дайындық барысында мектебімізде оқушылардың компьютермен қамтамасыз етілуі туралы ақпарат жинақталып, мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде компьютерлері жоқ оқушыларға білім беру ұйымдарының балансындағы компьютерлер уақытша пайдалануға берілді. Сондай-ақ бірнеше әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасы балаларына мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі тарапынан ұялы телефондар мен демеуші мекемелер және жеке тұлғалардың көмегімен ноутбуктар табысталды. Сонымен қатар бүгін таңда бастауыш буын бойынша қырықтан аса педагог қызмет етеді. Мұғалімдердің көпшілігінде компьютер бар болғанымен кейбіреулерінде жоқтың қасы. Осы тұрғыда мектеп тарапынан педагогтарға баланстағы компьютерлер уақытша берілді.
Білім бөлімі тарапынан берілген жалпы орта білім беру ұйымдарында қашықтан оқытуды іске асыру бойынша қадамдық нұсқаулықтарды басшылыққа алып, мұғалімдер мен ата- аналар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, қашықтықтан оқытуды бастадық. Содан бері 3 апта уақыт өтті, бұл- ерекше оқу түрінің де нәтижесін байқаудамыз.
Мұғалімдер мен ата-аналарға: қашықтықтан білім беру жүйесін дамытудың ең негізгі мақсаттарының бірі – оқушылардың кез-келген мектептердің оқу бағдарламасы бойынша білім алуға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай туғызу және білім берудің ақпараттық жүйесін құру арқылы оқушылардың білім деңгейінің дәрежесін жоғарылату екенін нақты түсіндірдік деп ойлаймын. Өйткені, біз жүргізіп отырған қашықтықтан оқыту бағытымыз оң нәтижесін беруде. Ата-аналарда бүгінгі күні түсіністікпен қарап балаларының дұрыс білім алуына мұғалімге қолдау көрсетіп, көмектесіп отыр.
Қашықтықтан оқыту – білім алушы мен педагог қызметкерінің жанама (алыстан) немесе толық емес жанама өзара іс-қимылы кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып жүзеге асырылатын оқыту екенін осы үш апталық жұмыс барысында барлық педагогтар меңгеріп алды.
Қашықтықтан оқытуды ұйымдастырудағы маңызды кезең виртуальдық (синхрондық немесе асинхрондық) өзара іс-қимыл.
Синхрондық деп аталатын өзара іс-қимыл оқушы пен мұғалімнің нақты уақыт режиміндегі қатынасты қарастырады. Яғни оқушы пен мұғалім бір-бірін виртуалды көре отырып, өздерін толғандырған сұрақтарға нақты іс-әрекетпен немесе практикалық тұрғыда көріне отырып, жауап береді. Мысалы, белгілі бір тақырыпты ортаға тастап талқылау қажет болса және оған бірнеше адамның пікірі қажет болса, бастауыш мұғалімдері бейне байланыстардың бүгінгі таңдағы жетілген түрлері (ZOOM жүйесі, скайп немесе басқа да бейне құралдар) пайдаланылуда. Кейде бұл үшін қашықтықтықтан оқыту жүйесінің чаттары немесе бейне конференцияларды қолданып мұғалімдер жиналысын, ата-аналар жиналысын үнемі өткізіп отырамыз. Сол конференцияда айтылған педагогтар мен ата-аналардың ұсыныс-пікірлерін, түсінбеген сұрақтарын талқылап, қашықтықтан оқыту жүйесіндегі кемшіліктерді жою мақсатында ескертулер беріп, жұмыс бағытын дер кезінде жөндеп отырамыз.
Ал енді асинхрондық өзара іс-қимыл — оқушы пен мұғалім нақты уақытта қарым-қатынаста болмаған жағдайда жүзеге асырылады, бұл жағдайда қашықтықтықтан оқытудағы тақырыптар бойынша кері байланыстар жіберуді ватсап желісі көмегімен немесе электрондық пошта бойынша хат алмасу арқылы ұйымдастырылады (әрине ата-ананың көмегімен)
«Білім негізі бастауышта»-деп бекерге айтылмаса керек, себебі қашықтықтан оқыту процесінде бастауыш сынып оқушысымен жұмыс жүргізу бастауыш педагогтары үшін үлкен қиындық туғызғаны жасырын емес. Жалпы, қашықтықтан оқыту — білім, білік дағдыларды алу үрдісі, бұл кезде оқыту процесінің тұтас немесе белгілі бір бөлігі мұғалім мен оқушының жергілікті алшақтығына қарамастан жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады. Бастауыш сынып мұғалімдері оқушының белгілі дәрежеде білім алуы үшін барлық мүмкіндіктерді (ватсап,интернет желісі, ютубтан қажетті сілтемелер, слайд,т.б..)үнемі пайдаланып отырады.
Қашықтықтан оқыту, бұл — оқушылар мен оқытушылардың бір-бірінен кеңістікте алыстатылған оқу формасы. Ол оқушылардың өзара белсенді ақпаратпен алмасуын қарастыратын және жоғарғы дәрежедегі қазіргі жаңа ақпараттық технологияларды (аудио-визуальды кұралдар, дербес компьютерлер, телекоммуникация құралдары, т.б.) пайдаланатын белгілі бір тақырыптар, оқу пәндері бойынша ұйымдастырылатын оқу процесі екенін жақсы түсіндік. Басында қиындықтар өте көп болды, ата-ана тарапынан түсініспеушіліктер туындады. Өйткені кез-келген ата-ана ақпараттық технологияларды толық меңгере білмейтіні айқын. Сондай-ақ, қашықтықтан оқытудың жетістігі — мұғалімнің өзінің қатысуынсыз оқушының назарын өзінен тыс қалдырмайтын қабілеттілігіне байланысты. Мұндай қабілетті ұстаздар ұжымымызда өте көп екенін мақтанышпен айтуға болады. Жаңа тақырып бойынша берілетін материалдар баспаға шығарылған түрде, электрондық түрде немесе электрондық оқулық түрінде жіберіледі. Жаңа тақырыпты бұлай баяндау кезінде сабақтың басты элементі форум немесе чат болды. Мұндай баяндаулар алдын-ала жоспарланып жүргізілді. Әдетте оқу материалын баяндау және талқылау бір мезгілде жүргізіліп отырды. Оқу үрдісіне тьютор белсенді рөл атқарады. Қашықтықтан оқытуда жаңа материалды баяндаудың тағы бір нұсқасы — виртуалды шеберлік.
Бастауыш буын педагогтарына алдын-ала қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша біршама түсінік жұмыстары жүргізіліп, онлайн дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Оқытушының негізгі міндеті — білім алушының келесі түрдегі орындалатын өз бетінше жұмысын басқару болып табылатындығы ескертілді. Сондай-ақ, туындайтын мәселелерге мұқият болу, мақсат пен міндеттерді қою, білім мен тәжірибелерді беру, ұйымдастыру қызметі, білім алушылардың арасында өзара байланысты ұйымдастыру, оқу процесін бақылау қатаң тапсырылды. Жалпы, мұндай мұғалім компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс істей білуі қажет және қашықтықтан оқыту технологиясын жетік білетін, оқытудың телекоммуникациялық құралдарын қолдану ісіне дағдылануын қалыптастыруы керек деп ойлаймын.
Оқушылар қашықтықтан оқыту кезінде білім беру процесінің негізін қолайлы уақытта, ыңғайлы орында, тиімді темптегі өз бетінше жұмысты құрайды. Сондықтан оқушылар жұмыстың техникасы мен әдістемесін жоғарғы деңгейде, білімді өз бетімен толықтыру арқылы меңгеруі қажет. Бұл жүйеде мұғалім оқушының жұмыстарын, жеке қызығушылықтары мен сұраныстарын ескереді.
Яғни, қашықтықтан оқыту жүйесінің рөлі білім саласы үшін өте жоғары, себебі бұл жүйе арқылы мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз әлемдік ақпараттармен байланысуға, ғылыми және шығармашылық жұмыстарын жетілдіруге, әлемдік ақпарат кеңістігінде өздерінің білімдерін шыңдауға зор мүмкіндік алады. Осындай сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда бастауыш сынып мұғалімдерінің атқарар рөлі орасан зор. Оларға әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктеліп отыр: ол оқу бағдарламасының құрылымын дайындайды, оны қашықтықтан білім беру жүйесімен астастырып бейімдейді, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, оқушының өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде ұсыныстар береді. Бұл ретте қашықтықтан оқыту жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынас та назардан тыс қалмауда. Міне, осындай күрделі де қызықты, жауапкершілігі мол мамандықты таңдап, әлемді мойындатқан уақытша қиын-қыстау кезеңде жалықпай, мойымай еңбектеніп жүрген өзімнің әріптестеріме алғысым шексіз! Қашықтықтан оқыту барысында бірігіп, ұйымшылдықпен атқарылған жұмыстардың оң нәтиже беруі де білікті ұстаздарымыздың үлесі екені сөзсіз..
БІЗ БІРГЕМІЗ!