Бақытова Ақмаржан Сексенқызы
№18 орта мектеп мұғалімі,
Жаңаөзен қаласы,
Маңғыстау облысы
Бүгінгі күнде Covid-19 деп аталатын вирус төрткүл дүниеге тарап, бүкіл әлем алаңдауда. Бұл вирус біздің елімізді де шарпыды. Әрбір мемлекеттің басты байлығы-адам. Сондықтан мемлекетіміз өз азаматтарын аман сақтау үшін төтенше жағдай жариялады. Осы төтенше жағдай кезінде ҚР Білім және ғылым министрлігі қашықтықтан оқытуды қолға алды. Қиын кезеңге қарамастан бүкіл республика ұстаздары қатарында Жаңаөзен қалалық білім бөлімі, Жаңаөзен қаласының барша ұстаздары өз міндеттерін абыройлы атқаруға күш салуда. Мен еңбек ететін Жаңаөзен қаласындағы №18 орта мектептің ұстаздар жамағаты да бүгінгі таңда жұмылған жұдырықтай бірігіп, үлкен ауызбіршілікпен жұмыс жасауда.
Бастапқыда ұстаздарды «Қашықтықтан оқыту деген не? Оны қалай қолдану керек?» деген сауалдар ойға қалдырғаны рас.ҚРБҒМ-нің өткерген түрлі іс-шаралары, Нұр-Сұлтан қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығының тренерлері жасаған вебинарлары, «Өрлеу»БАҰО» АҚ-ның Маңғыстау облысы бойынша филиалы тренерлерінің кәсіби әдістемелік көмектері т.б бізге қашықтықтан оқыту ерекшеліктерін терең түсінуге көмектесті. Сондай-ақ «BilimLand», «Daryn» т.б сайттардағы материалдар мұғалімдерге үлкен көмек болды. You Tube «Өрлеу білім беру»арнасындағы сапалы дайындалған ресурстар да жаңа тақырыпты зерделеу бойынша оқушылардың өзіндік жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Оқушылар «Балапан», «Еларна» телеканалдары арқылы белгіленген уақытта өз сыныптарына арналған бейнесабақтарды көріп, берілген тапсырмалармен жұмыс жасауда. Ұстаздар сабаққа керек материалдарды, оқушыға өз бетінше жұмыс жасауға тапсырмалар жүктеп, кері байланыс жасап отыр. Оқушыларға сабақ түсінікті болу үшін тиімді ресурстарды саралап,ғаламтордан түрлі материалдарды іздестіріп,жаңа тақырыпты ашу үшін видео, презентация, суреттер дайындап, әрбір ұстаз әрбір сабаққа үлкен жауапкершілікпен қарауда. Басшысы Ходжа-Ахмед Төлегенұлы болған бұл жамағат ел алдында абыройлы болып, жан-жақты жетілген, ақылды да зейінді, күшті де қайратты, адал да отаншыл азамат тәрбиелеуде аянбай еңбек етуде. Білім беру саласын жақсартуға барын салған, бірін-бірі қолдаған, бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін қызмет еткен тілектес,ниеттес ұстаздардан құрылған ұжымның келелі істер ұйытқысы болып, мол табыстарға жете беруіне, қашықтықтан сапалы білім беру үшін бар күшін салып жатқан ұжым осы бір кезеңді абыроймен еңсеретініне кәміл сенемін.
Ұлы Даланың өткен күніне назар салсақ, ата-бабаларымыздың ақыл-зейініне таң қаламыз. Өз болашағы үшін ұлы мақсаттарға ұмтылған дана халқымыздың ерен еңбегі мен биік рухына сүйсінеміз. Қазақ халқы талай тар жол, тайғақ кешуде, кез келген сынақтарда шыдамдылық танытып, оларды мойымай жеңіп отырған. Біз кешегі ата-бабаларымыздан үлгі алып, өз күшімізге, мүмкіндігімізге,ерік-жігерімізге сенуіміз керек. Біз өзіміздің кімдігімізді, қандай ұлы адамдардың ұрпағы екенімізді ұмытпай, осы бір сын сағатта табандылық танытып, қажырлы еңбек етуіміз қажет. Еліміздегі жағдайға байланысты қашықтықтан оқыту жүріп жатқан осы кезде жалын жігер танытайық, ұстаздар!