Биылғы оқу жылының төртінші тоқсанының басталуы ұстаз, оқушы, ата-ана үшін қорқыныш пен үрейге толы болды. Себебі, еліміздегі төтенше жағдайларға байланысты Білім беру саласына қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілді. Ұстаздың көкейінде, сабақты қашықтықтан қалай берем, сабағым қалай өтеді, оқушыға қалай меңгертем деген сұрақтар тұрса, ата-ана көкейінде, апырмай, бұл қалай болар екен, балам қашықтықтан сабақты қалай оқиды, әр баланың қолында бір телефон болу керек екен, үш баламның үшеуін телефонмен қалай қамтамасыз етемін? деген сан түрлі сұрақтар маза бермеді. Бірақ, бұл мәселелелер дер кезінде шешілді. Көп балалы отбасыларға мектеп-гимназиямыздың мұғалімдері, әкімшілік мүшелері қашықтықтан оқуға мүмкіндік жасады.
«Қашықтықтан оқыту – бұл мектептегі 40 минуттық сабақ емес, Мұның тәсілдері басқа, қағидасы бөлек»- деп жазды өзінің Facebook парақшасында Ш.Т. Каринова. Баршамыз үшін бұл -үлкен сын, бірінші рет осындай форматта білім бергелі отырмыз. Демалыс кезінде мұғалім балаларды жаңа форматта оқытуға дайындады. Білім көшін алға жылжытып келе жатырған ұстаздар қауымы цифрлық құзырлыққа көшіп, жұмыстарын осы бағытқа өзгертті. Иә, бұл оңай емес.Бұл жоба әсіресе ауыл мектебі оқушыларының үлгерім сапасын арттыруға, олардың ашық ақпараттық білім беру кеңістігіне енуін қамтамасыз етуге, мұғалімдер мен оқушылардың технологияны игеруіне бағытталған.
Қазіргі таңда мектеп- гимназия оқушылары 1-11 сынып оқушылары үшін «Balapan» арнасында өтетін бейнесабақты тамашалайды. Сонымен қатар, мұғалім мен оқушы mektep edu, zoom, Google classroom платформаларында, wattsapp, telegram желілерінде онлайн кездесіп, білімін пысықтайды. Бұл жүйемен жұмыс жасап бастағалы үш аптаның да жүзі өтті. Байқап отырсам, оқушыларым да, өзім де бұл жүйеге үйренісіп қалыппыз. «Көз -қорқақ, қол — батыр» дегендей, басында wattsapp желісі арқылы сабақ өтуді ғана білетін ем, ал қазір тікелей эфирде оқу машығын алып, ата-аналар жиналысын өткізуді де меңгеріп алдым. Осы жүйеге ата-ана тарапынан да үлкен қолдау-көмек көрсетілуде. Мен бұл жүйенің ерекшелігін «Үштік Одақтың» тығыз жұмыс жасауына өз септігін тигізді деп ойлаймын, яғни ұстаз – оқушы – ата-ана арасында тығыз қарым -қатынас орнады. Тек қана қашықтықтан оқыту кезінде ғана емес, әрдайым да осы бірлігіміз арта берсін. Саналы да білімді шәкірттерміз білім шыңынан көріне берсін. Жаңа оқу жылында ұстаздары мен шәкірттері аман-сау жүздескей деген тілектемін!