Home » Мақалалар » Қашықтан оқыту – оқушының талабын арттырады

Қашықтан оқыту – оқушының талабын арттырады

Алматы қаласы Түрксіб ауданының №107 лицей ұстаздары қашықтан оқытудың үшінші аптасын да еңсерді. Осындай жағдайда жұмыс жасаудың алғашқы сатысында компьютерлік техниканы ұтымды пайдалана отырып, үздіксіз білім беру принциптері ойдағыдай іске асырылуда.

Қашықтықтықтан оқыту нысаны негізгі үш технология бойынша жүзеге асырылып жатыр. Оқытудың «Күнделік», «Classroom», «Watsap» жүйелерін ойдағыдай пайдалана білудің нәтижесінде ұстаздар мен оқушылар арасында өзара қашықтықтан байланысы үзілмей, білім беру, білім алу үдерісі үздіксіз жүргізіліп келеді. Қалыс қалып, байланысқа шыға алмай отырған оқушылар жоқ. Түгел бәрі ғаламтор жүйесі арқылы байланыста.

Ұстаздар қашықтан оқытуды алғаш қолданып отырғандықтан, сабаққа мультимедиа салуды, компьютерлік жүйелерге, электрондық оқулықтарға, оқу-әдістемелік материалдарға, қашықтықтан оқыту жүйесінің технологияларын үйлесімді қолдана алуға үйренді. Ұстаздардың шеберліктері мен біліктіліктері, ізденімпаз қасиеттері бұл жерде де көрініп жатыр. Осындай сан қырлы, әрі күрделі мәселелерді жүзеге асыруда лицей директоры Үмітхан Ақатанұлы мен оқу ісі бойынша орынбасары Ғибрат Әділханқызының және мұғалімдердің атқарып жатқан рөлі орасан екендігін үйде отырған ата-ана да танып, алғыстарын жаудыруда.

Қашықтықтан оқыту ұстаздарға көп нәрсені үйретті десек болады. Қашықтан компьютермен жоғары дәрежеде сауатты жұмыс жасап, оған іс жүзінде дағдыланып, оқушыларға өз пәнінен ақпараттар беріп және ақпараттық жүйелердегі ресурстарды пайдалануда оқушылардың дағдысын қалыптастырды. Ал, оқушы қашықтан оқу кезінде білім алу процесін қолайлы уақытта, ыңғайлы орында, тиімді темптегі өз бетінше жұмыс жасауға үйренді. Өз бетінше жұмыстың техникасы мен әдістемесін, жоғарғы деңгейде білімді өз бетімен толықтыру негіздерін меңгеріп жатыр. Сонымен бірге, ТВ-технологиялар негізінде де қашықтан оқу үдерісі пән мұғалімімен байланыста толықтырылып, білім беріліп жатыр.

Қашықтан оқыту ата-анаға да әрі ауыр, әрі жауапты міндет жүгі жүктелді. Ата-ана оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, баласының өз бетімен ізденіп, тапсырмаларды орындау жұмыстарын бақылап отыратын болды. Бұл ретте қашықтықтан оқыту жүйесінің әдістерінде көрсетілгеніндей, көңіл-күй, психологиялық қарым-қатынасты реттеп отыратын ата-ана мен лицей ұстаздарының арасында ортақ чаттары немесе бейне конференциялар арқылы ашық байланыс бар.

Қашықтан оқыту осы үштіктің (мұғалім-оқушы-ата-ана) жауапкершілігін арттырған. Әр адамның өзінің өмірінің болашағына, өздігінен білім алуына, рухани дамуына мол септігін тигізіп жатыр. Бала бұрын мұғалімнің өзінен тікелей білім-ақпаратты еститін болса,  қазір мұғалімнің бағыт-бағдар көрсетуімен өздігінен оқып, өздігінен үйреніп, берілген тапсырманы ортаға салып, талқылап, кері-байланыс жасаған кезде, оқушы ұстазды білімімен таңқалдырып, оқушыдан ұстаздың да үйреніп жатқан кездері бар. «Ұстаздан – шәкірт озар» дегендей, шәкірттеріміз білімді, ақылды болғай!

Қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқытушының негізгі міндеті оқушының өз бетінше орындалатын жұмысын басқару болып табылады. Атап айтсақ: мақсат пен міндеттерді қою; туындайтын мәселелерді қарастыру; білім, тәжірибелерді беру; ұйымдастыру қызметі; оқушылардың арасында өзара байланысын ұйымдастыру; оқу үдерісін бақылау. Осы жұмыстың бәрін 107 лицейдің ұстаздары жауапкершілікпен тиянақты жүргізіп келеді. Ұстаздарға мың алғыс!

Сонымен, қашықтан оқыту – оқушының өздігінен білім алуға және ақпарат алуға деген қызығушылығын оятып, дағды қалыптастырып, білімін, дағдысын, еңбектенуін арттыруға мүмкіндік берді.

Алматы қаласы
Түрксіб ауданы
№107 лицейдің қазақ тілі мен
әдебиет пәнінің мұғалімі
Жұмағұлова Тамара Мәлікқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.