Home » Мақалалар » Ұлағатты ұстаздар ұстаханасы

Ұлағатты ұстаздар ұстаханасы

Сатаева Бақытгүл Иманғалиқызы,
 ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия»
МКК-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

        Дүниеде сан мамандық бар, десек те ұстаздық – ұлы қызмет. Ұлылығы —  ұрпақ тәрбиелеуде. Осынау киелі мамандықтың иесі бола жүріп, саналы азаматтар тәрбиелеу үшін ұстаздар бар күшін сарқа жұмыс жасауда.

Мен қызмет ететін, білім ордасы, ұлағатты ұстаздар ұстаханасы  — Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназия. Соңғы  он жылда   екі рет  «Үздік ұйым» атанған алтын ұя – шәкірттердің сүйікті білім ошағы. Әріптестік ынтымақтастықта жұмыс жасайтын құтты мекеннің ұстаздары – кәсіби шебер, білгір мамандар. «Ұжымдасқан ұтады» деп, бірлікте жұмыс жасайтын аталмыш гимназияда  қызмет жасау  — мен үшін теңдессіз бақыт. Гимназиядағы әр мұғалім – ізденімпаз, іскер, көшбасшылық қабілеті басым мамандар, түрлі авторлық бағдарламалардың, оқулықтардың, әдістемелік  құралдардың авторы.  Сапалы білім беру арқылы бала бойына құндылықтарды қалыптастырады, білім-білік дағдыларын дамытады. Мектеп қабырғасында әр оқушының жан-дүниесіне үңіліп, таланттарын танып, қоғамда өз орнын табуына  көмектесуде.

  Гимназиямыздағы  жас мамандар да белсенділігімен танылып,  оқушыларға  оқу материалын үйретіп қана қоймай, ойлау дағдыларын дамытады. Ұжымдаса жұмыс істеуде толеранттылығымен, тың  идеяларын ашық айтуымен ерекшеленеді. Гимназия ұстаздары  — шәкіртке шабыт сыйлаушылар. Олар балалардың өз мүмкіндіктеріне деген сенімін,  жетістікке жетуге деген ынтасын оятады. Әр баланың әлеуетін көріп, оның ашылуына, өзіне және оның қабілеттеріне сенуіне көмектеседі. Бұл арқылы әр мұғалім оқушылардың тұлғалық қабілетін қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосады. Жыл сайын гиимназия түлектерінің 90%-ы мемлекеттік грант иегері атанады. Мұғалімдеріміз, сондай-ақ, мәдениет пен дәстүрдің құндылығын танытушылық қабілетімен ерекшеленеді. Тарихымыз, мәдениетіміз, ұлттық құндылықтарымыз жайлы ілімін кеңейтіп қана қоймай, оқушылардың патриоттық, азаматтық ұстанымын қалыптастырады, өз еліне және оның мәдени мұрасына құрметпен қарауға жетелейді.  «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп, Абай атамыз айтқандай, мұғалімнің берген тәрбиесі мен білімі —  оқушы үшін мәңгілік азық. Өмірде жақсы ұстазға кезігіп, одан тәлім-тәрбие алған әр шәкірт қиындыққа мойымай, болашаққа нық қадам басары анық. Біздің ұстаздар осы бағытта талмай еңбектенуде.

Мен осындай шығармашыл ұжымның мүшесі болғанымды әрдайым мақтан етемін.  Ұстаздар мерекесі қарсаңында барша ұстаздар қауымына, әріптестерімен жаңа серпін, жетістік, алға ұмтылыс пен сарқылмас төзім тілеймін.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.