Маңғыстау облысы,
Түпқараған ауданы,
Ақшұқыр ауылы
Ақшұқыр мектеп-лицейі
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Байекеева Рысгул Биргалиевна
Оқу үдерісінің жаңа формасына көшу – заман талабы. Еліміздегі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты, бұл жаңа оқыту формасы бұрынғыдан да дамытыла бастады. Әуелден де жоғарғы оқу орындарында бұл оқыту жолы жолға қойылғандықтан, айтарлықтай қиындық әкеле қойған жоқ. Қашықтықтан оқыту интернет ресурстарының сүйемелдеуімен жүзеге асатындықтан, бастапқыда орта білім алушыларға қиын тиді.
Оқытушылардың бұрыннан қалыптасқан жұмыс дағдылары дамыды. Мұғалімнің өзінің жеке слайдтары мен тапсырмалары, түсірілген сабақтары жинақтала түсті. Қашықтықтан оқытуға көшу мұғалімдерден жоғарғы деңгейдегі компьютерлік сауаттылықты талап етті.
Алғашқы кезде оқытудың бұл түрі туралы әрбір ата-анамен, білім алушымен түсінік жұмыстары жүргізілді. Мектеп психологтары мен сынып жетекшілер бірлесе, тынбай жұмыс жасады. Қашықтықтан оқыту үшін, әр отбасының әлеуметтік жағдайлары да ескерілді.
Қашықтықтан оқытудың тиімді жақтары қарастырыла бастады. Қашықтықтан оқытудың түрлі курстарына қатысуға, түрлі олимпиадаларға қатысуға мүмкіндіктердің көп болуы бұл бағдарламаның артықшылығы болып табылады. Осы орайда, электронды оқулықтарды қолдану да қолға алынды. Қашықтықтан оқытуда «WhatsApp» желісі, «Телеграмм» каналы, электронды пошта арқылы байланысу өз тиімділігін көрсетті. Мұғалімдер ауызша сұрайтын сабақтарын видеоқоңыраулар арқылы да сұрады. «Мектеп еду» электронды порталының жүйесі қашықтықтан оқытуға бейімделіп, IT мамандардың көмегімен жаңартылды. Бұл инновациялық әдіс арқылы ата-аналар өз балаларының білім үлгерімін біліп отырса, білім алушылар үй жұмысы мен мұғалім тапсырмалары мен түсіндірмелерін біліп отырады, әрі мектеп пен ата-ана, білім алушылар арасын нығайтуға да болады. Оқыту үдерісіне қатысушылардың барлығының ақпаратты құралдарды қолданудағы сауаттылығы артты. Оқушыларда «ok.edus.kz» сайтына өздерінің орындаған тапсырмаларын жүктей білу дағдылары қалыптасты. Оқушыларға ыңғайлы уақытта жұмыстануына мүмкіндік туды. Олар бірте-бірте ғаламтор көздерінен өздеріне қажет ақпаратты алуға үйренді. Мұғаліммен үнемі телефон арқылы хабарласып отыру оқушылардың білім алуға деген қызығушылықтарын тудырды. Білім алушылар «Балапан» арнасынан арнайы дайындалған сабақтарды күнделікті қарап, өз білімдерін жетілдірді.
Қиындыққа қарамай, қашықтықтан оқытуды қолға алған барлық әріптестеріме шыдамдылық пен сәттілік тілеймін! Оқу үдерісінің қашықтықтан оқыту арқылы жүзеге асуы бір жүйеге түсіп келе жатыр. Қазіргі таңда барлығынан да қашықтықтан оқытуға деген оң көзқарастарының қалыптасқанын байқауға болады.