Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деп атап көрсеткен.
Осы мақсатта, Жаңаөзен қаласы, Қашаған Күржіманұлы атындағы № 8 орта мектеп те төтенше жағдай кезеңінде қашықтан білім беруге көшіп, өскелең ұрпаққа үздіксіз білім беруді қамтамасыз етуде жүйелі, жоспарлы іс – шаралар ұйымдастырып отыр. Мектептегі компьютерлерді мұғалімдер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына уақытша пайдалануға беріп, мектепке қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алынды, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелері де қарастырылды.
Мектептің мұғалімдері стандартқа сәйкес сабақтар өтіп, BilimLand, Daryn.online, Mektep.edu.kz және т.б интернет платформаларын пайдаланып, оқушылардан WhatsApp, Telegram желілері арқылы кері байланыс орнатып отыр. Сондай — ақ, «Балапан» және «Ел Арна» телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытында көрсетіп жатқан «Bilimland» интернет платформасының сабақтары өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткім келеді. Атап айтқан цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақтарды, бұрын талқыланған тақырыптарды қайта қарауға, сондай-ақ қашықтық сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Сапасы жақсы, бәрі түсінікті дайындалған. Сабақтар қысқа да нұсқа, түсінікті болды. Министрлік және ұстаздар тарапынан үлкен еңбек жасалған.
Әлемдік деңгейде қалыптасып отырған қиын жағдайда қашықтан оқыту форматы бәріміз үшін ұтымды өзгеріс болды. Қазіргі заманауи ұстаз — өз ісіне адал, жаңашылдықты қабылдай білетін және оны іске асыра білетін ұстаз. Қашаған Күржіманұлы атындағы № 8 орта мектептің білікті ұстаздары да жағдайға бейімделіп, өз міндетін лайықты атқаруды жалғастыруда. Ұстаздарға қиын да қызықты жұмыстарында сәттілік жар болсын!
Маңғыстау облысы,
Жаңаөзен қаласы,
Қашаған Күржіманұлы атындағы
№ 8 орта мектептің әдіскері
Кожанова Зинаида Курбанбаевна