Home » Жаңалықтар » Жарқын болашақ

Жарқын болашақ

Алматы қаласы білім басқармасының «№132 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК “Жарқын болашақ” жобасы аясында ата-аналармен байқау өтті.
Семинардың мақсаты — балаға КМҚК №132 бөбекжай- балабақшасында және отбасында бақытты болуға, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына ықпал ету.
Ата-аналардың қатысуымен ұйымдастырылған байқау 4-кезеңнен тұрды:
Бірінші Ұлттық құндылықтар:
«Ән. Қойылым. Ырғақ» байқауын «№132 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК музыка жетекшісі Мамрайм Бекзат Әбдіғаппарұлы өткізді. Байқау барысында тәрбиеленушілердің әкелері мен аналары екі топқа бөлініп, ән айтып, қойылым қойды.

Екінші Салт-дәстүр: «Ұршық иіру» байқауын «№132 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК тәрбиешісі Кулназарова Назерке Кемелбековна өткізді. Ата-аналар үш топқа бөлініп, бүгінде ұмытылып бара жатқан «ұршық иіру» өнерін жаңғыртты десек те болады.
Біздің дархан даладай көңілі кең апаларымыз бір жағынан өз қажетін өтеп отырса, екінші жағынан бабадан қалған текті қолөнерді өскелең ұрпақ арасында насихаттап жүрген. Сырттай қараған жанға оңай болып көрінгенімен, бір таяқтың бойына иірілген жіпті ұқыпты жинай білуде өнер екен. Бүгінде балабақша ұжымы қазақылықтың қаймағы бұзбай, қарапайым ұршықтың дәурені әлі де өте қоймағандығын көрсетті. Осылай жалғасын табатын болса асыл мұра қашанда өз өміршеңдігін жоймақ емес.

Үшінші Ұлттық құндылықтар:«Дастархан» байқауын «№132 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК тәрбиешісі Пернебекова Гульзира Абдрахмановна өткізді. Ата-аналар екі топқа бөлініп, дастархан басына жайғасты. Байқауды тәрбиеленушілер келген қонақтардың қолына су құюмен бастады. Қолға су құю — қазақтың бала тәрбиесіндегі орны ерекше, қонаққа әдеппен, сыпайы қызмет етуге баулу және үлкеннің ақ батасын, алғысын алу. Әкелеріміз дастарханды батасымен бастап, ас қайырумен аяқтады. Ас ішу мен ас ұсынудың әдептері туралы да сөз болды. Ата-аналарымыз қазақтың қара домбырасымен күй ойнап, ән шырқап өнерден кенде емес екендерін көрсетті.
Бұл байқау барысында біз қазақтың дастарханы тәрбиенің нағыз бастауы екенін тереңнен ұғындық.

Ұлттық ойындарымызды ұлықтау мақсатында тәрбиеленушілер екі топқа бөлініп «Көкпар» ойнады. Көкпар — жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады.
Семинар соңында барлық көкпаршыларға мақтау қағаздары мен алтын медальдар табысталды.

 

Семинарда балабақша тәрбиеленушілері ән айтып, би биледі. Ата-аналарымыз күмбірлетіп “Балбырауын” және “Кероғұлы” күйлерін тартты. Сондай-ақ өздерін үнемі жетілдіріп, заман ағымынан қалмай келе жатқан
«№132 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК педагогтары өз өнерлерін ортаға салды.
Ұстаз тек шәкіртіне білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге мен өнер, ақ ті­леу­лі ана тәрізді барлық адамның бойы­нан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі екенін балабақша ұжымы дәлелдегендей болды.

Осы жобаның жетекшісі әрі спикері балабақша меңгерушісі
Сандугаш Огизбаевнаның еңбегін атап өтпесек болмас. «Жарқын болашақ» жобасының әр кезеңінде өз спикер болып, жобаның көркін кіргізе түсті.

Семинар соңында байқау жеңімпаздары анықталып, балабақша меңгерушісінің мақтау қағаздарымен марапатталды.

Семинарда қонақ болған Алмалы ауданы, Білім бөлімінің басшысы Зоя Кашкинбаевна, Ресурс орталығының қызметкерлері, Алмалы аудандық балабақша меңгерушілері Сандугаш Огизбаевнаға және ұжымына алғыс айтып, жобаның жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Ашық микрофон айдарында ата-аналар да өз алғыстарын білдірді.

Бізде өз атымыздан Сандугаш Огизбаевна бастаған №132 бөбекжай-балабақша ұжымына толағай табыстар тілейміз.

«BILIM AINASY»,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.