Қашықтықтан оқытуға деген ата-ана көзқарасы
Мақаламды мына керемет өлең жолдарынан бастағанды жөн көрдім:
Ооо Жаратқан!
Күтіп жүрген жаз да келді, наурыз келді,
Жалғыз келмей, жазбен бірге дерт келді.
Пейіл кетіп, Иман әлсіреп тұрғанда,
Жаратқаннан ойлан деген шарт келді.
Ооо Жаратқан!
Бар екеніңді білгіздің,
Бастарды да жайнамазға тигіздің.
Өлмейтіндей жүруші едік ойланбай,
Өлім иісін мұрнымызға кіргіздің.
Ооо Жаратқан!
Бар екеніңді білгіздің
Бәрін тегіс ақылына кіргіздің
Бай-кедейге қалған едік бөлініп
Бәрімізге бірдей бетқап кигіздің.
Ооо Жаратқан!
Бар екеніңді білгіздің,
Көп адамды ақылына кіргіздің,
Жамбасымыз жер иіскемей кап еді,
Бәрімізді айдап үйге кіргіздің. – иә, расында осы өлең жолдарында айтылған ойға келісе отырып, бәріміздің жағдайымыз мәз емес екендігін білдім.
Ендеше балаларымыздың осы орайда біліміне оралсақ. Біз қашықтықтан оқу жүйесіне қалай келдік? Расында, ойланарлық та, толғанарлық та жағдай. Иә, біз қашықтықтан оқыту жүйесіне бүкіл әлемге жария болған COVID-19 коронавирусының (бұдан ары қарай дерт деп атаймын, жаман аурудың атын атамайды деуші еді) халыққа қауіп-қатер төндіруінің арқасында келдік. Елімізді осы жаман дерттен аман-сау алып қалу мақсатында «карантин» жарияланды. Рас, алғашында ешбір ата-ана мектептер «білім ордасы» және де басқа көпшілік орындар жабылады дегенге сене қоймадық. Алайда, дерт аты дерт, Қазақстанның басты қалаларына «карантин» шын мәнінде еніп, балаларымыз барып білім алып жүрген Білім ордасы да жабылды. Тіпті, балаларымыз бір қараңғы түнекте қалғандай сезіндім. Адам баласы «үш күннен соң, қара жерге де үйренеді» деген мақал сайма-сай келе қалды. Әрине қазақ халқы не көрмеген халықпыз. Ақырындап балаларымды қашықтықтан оқыту жүйесіне де бейімдей бастадым…
Қызым Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университетінің 2-курс студенті, ал кіші ұлым Бостандық ауданының №63 жалпы білім беретін мектебінің 10 сынып оқушысы. Әуелі қалай болар екен деген (неше түрлі жан-жақтан сөздер естіп жаттық, пендеміз ғой көптеген әңгімелер айтылды содан ба) сан алуан ойлар мазалай бастады. Бұл қалай болар екен? Қызым қашықтықтан (жоғарғы оқу орны студенті болғаныдықтан) білімін қалай жалғасытырады? Ұлым сабаққа жетелеумен, қадағалаумен барып жүрген бала, үйде жеткілікті білім ала алар ма екен? Үйде мүлдем оқымай қойса қайтемін? Міне осындай ойлар мазалады… Бұл сан-алуан сұрақтар әрбір ата-ананың ойында болғаны сөзсіз… Алайда біздің мемлекетіміздің білім беру деңгейі өте жоғары деңгейде екен, қызым күнде аудиториясында отырғандай сабағын бастап, күнделікті сабақтарын орындап, үй тапсырмаларын да уақытылы орындап жүр. Енді бір қуантарлығы, ұлыма да бұл қалай болар екен деді ме, әлде, қызық болды ма, күнделікті сабақ уақытысымен сабақтарына уақытысымен қатысып, пән мұғалімдері берген тапсырмаларын жүйелі түрде орындап жүр?! Шынын айтайын, баламның өсіп, білім өзіне керек екендігін түсінгені қуантты.
Балаларымыздың осы жүйеге тез бейімделіп кетуі, әрине ата-ана, мұғалім, бала арасындағы байланыстың арқасында деп ойлаймын. Мұғалімдеріміз күндіз, түн демей жаппай балаға қашықтықтан қалай да білім беру керекпіз деген ұранымен өз жұмыстарына кірісіп кеткенін де байқадық, Ғылым және білім министрінің бұйрығымен телеарна және желілерде білім порталдарына тегін сабақтар жүктелді, көптеген ата-аналар мемлекет тарапынан көмек те алып жатыр. Қайтадан ауыр жүк мұғалімдерге түсті, бірақ ұстаздарымыз еш мойымады. Ең басты міндет, осындай жағдайда оқыту ата-аналарға жүктелді, себебі балаларымыздың білім алуына, біз өзіміз, ата-аналар жауаптымыз!
Ұстаздар-ай, әрине осы тұста мына өлең жолдарын арнамасқа болмас:
Жанашыр әр балаға мұғалімдер,
Қызғалдақтай көктемде қызыл гүлдей.
Біліммен жүректері құлпыратын,
Жылы қабақ танытып шырағым дер,
Ерен ғой қызметтерің, еңбектерің.
Терең ғой ұлан-ғайыр елге еткенің,
Отанның қамқоршысы ұстаз біткен,
Алапат әлі алда бермектерің.
Оқушы қайтара алмас қарызыңды,
Жақын еткен білімімен алысыңды,
Алланың нұры жаусын барлығына!
Жүз жасаңдар көп болсын көрмектерің,
Ел қиналса жүректері қиналатын,
Жыр қылар сөз қорын жиған ақын.
Иә, дәл осы тұста ата-ана ретінде өз атымнан ұстаздарымызға бас иемін. Себебі, күнделікті күйбең тіршілік, жұмыс деп жүргенде, балаларымызға беретін басты құндылықты ұмыт қалдыра жаздадық. Ең бастысы балаларымызға отбасының біртұтастығы, ата-ананың мейірімі, қасында отырып сыр шертуі, ақыл-кеңес беріп, баламыздың жан дүниесіне қажет ата-ана махаббаты алшақ кетіп бара жатқанын, құдды бір Жаратқан иемі сезгендей дерсің… Әрине бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Тіпті мен баламды қажетті барлық керегімен қамтамасыз етіп отырмын деген кейбір ата-аналарының: «Соңғы рет қашан отырып едік, осылай бір дастарқан басында?» -деген сауалдары, ой тұжырымдары да жүйелене бастады, жиі ести де бастадым туыстарымыздан. Міне осылайша бізді, Жаратқа ием, өзім басында жазғандай, осындай ауызбіршілікке шақыра білді деп ойлаймын. Пендеміз ғой, біз ойлағандай бола бермес, «озмыштан жазмыш жоқ» дейді қазақта. Қорыта келе айтарым, «білімді ұрпақ тәрбиелеп өсіргің келсе, жақсы ұстаздарға жетелеп апарып оқыт» деген қазағымның дана сөзі бар. Бұл біздің басты отбасылық қағидамыз. Ең бастысы осы дертпен еш қазағым ауырмай, бәрі өз қалпына түсіп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!!! Білімді ұрпағымыз көп болғай!!!
Алматы қаласы, Алатау ауданы,
№114 жалпы білім беретін мектеп
директорының тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары
Токталиева Г.Д.