Home » Айтарым бар » Ардагер ұстаз Илиясова Айман Сүлейменовнаны мұғалімдер күні мерекесімен құттықтады.

Ардагер ұстаз Илиясова Айман Сүлейменовнаны мұғалімдер күні мерекесімен құттықтады.

Қазан айының 2-жұлдызында Алматы қаласы Медеу ауданы № 28 мектеп-лицейдің 8 «В» және 8 «Г» сынып оқушылары, сынып жетекшілері Кешубаева А.Б., Сагымбекова Р.Е. ардагер ұстаз Илиясова Айман Сүлейменовнаны мұғалімдер күні мерекесімен құттықтады.


Айман Сүлейменовна мектебімізде өзінің еңбек жолын 1975 жылы 22 тамыздан бастап, 2017 жылы зейнет демалысына шыққан. Айман апайымыз өмірінің 42 жылын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған. Айман Сүлейменовнаның шәкірт тәрбие¬леп, қоғамның саналы мүшесін қалып¬тастырудағы еңбегі орасан зор.


Білікті ұстаздың аудандық, қалалық, республикалық білім жүйесіндегі жас ұрпақты оқытып, білім беру мен тәрбие үрдісін ұйымдастырудағы және жетілдірудегі шығармашылық еңбектері еш кетпеген. Ол түрлі дәрежедегі мақтау қағаздары мен құрмет грамоталарымен, төсбелгілерімен марапатталған.
Ұстазсыз шәкірт тұл» дегендей, Айман апайдың да шәкірттері бүгінде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгуде.


Соның ішінде ерекше есінде қалған оқушылар: саясаткер, мемлекет қайраткері, экс премьер- министр, Қазақстан Жоғары аудиториялық палатасының төрағасы Әлихан Асханұлы Смайылов, Анна Салтыкова қазақ тілі пәнінен Республикалық олимпиададан І орын алған. Көптеген шәкірттері шет мемлекеттерге оқуға түсіп, кейін елге оралып, белді қызмет атқаруда. Сондықтан ардагер ұстазды білімі мен біліктілігін шыңдау жолында игілікті істер қалдырған ұлағатты ұстаздар қатарына жатқызуымызға толық негіз бар. Өнегелі ғұмырында қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік дарыта білген Айман Сүлейменовна – шәкірттерінің білімге деген сүйіспеншіліктерін оята білген жан.

«Дүниеде көп адамды бақытқа кеңелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттердің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз Илиясова Айман Сүлейменовна – бақытты жан, ардақты ана, аяулы әже. Ұрпағымен жайқалып отырған ардагер-ұстазға денсаулық тілеп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақтарға үлгі бола берсін деген ниетіміз бар.

Алматы қаласы Медеу ауданы
№ 28 мектеп лицейдің
директоры Медетбекова Айсулу Темиргалиевна
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері
Сагымбекова Раушан Ергалиевна, Кешубаева Айгерім Бокеновна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.