Қазiргi заман талабына сай компьютер қоғамның барлық саласымен қатар білім беру ұйымдарында да қолданысқа кеңiнен енгiзiлiп келедi. Сондықтан, компьютерді қолданатын балалар мен жасөспірімдер саны жыл сайын артып келеді. Компьютерді пайдалана отырып жасайтын түрлі логикалық жаттығулар (зияткерлік ойындар) мен балаларға арналған бағдарламалар балалардың зияткерлік (интелектуалдық) қабілетін арттырады, таным көкжиегін кеңейтеді, абстрактылы ойлауын және есте сақтау қабілетін дамытады. Қазіргі уақытта көптеген отбасыларда ата-анаға қарағанда компьютердің берері көп болып тұр.
Сонымен қатар, компьютердің балаларға пайдасымен қоса зияныда бар. Компьютердi пайдаланудан туындайтын мәселелердің ең маңыздысы, компьютердiң адам денсаулығына келтiретiн әсерi. Әсiресе компьютердiң керi әсерi балалар денсаулығынан көбiрек байқалады. Компьютерлердің балалар ағзасына кері әсері: құрылғыдан шығарылған сәуле денсаулыққа зиянды; шамадан тыс қолдану, балалардың көру қабілетінің бұзылуына әкеліп соғады (катаракта басталуы мүмкін); ұйқысыздық және бас ауыруы пайда болады; егер адам компьютердің алдында ұзақ уақыт отырса, онда балаларда сколиоз, ал ересектерде остеохондроз ауруы болуы мүмкін; балаларға ұзақ уақыт бойы ойын ойнау, өте қауіпті; иммунитет төмендейді, көзге ауырлық түседі. Балалар бақыланбайтын болса, интернеттен психикасын бұзатын көптеген ақпараттарға тап болады. Бұл әртүрлі эмоциялық ауытқуларды тудыруы әбден мүмкін. Сондай-ақ, компьютердің денсаулыққа кері әсері бірнеше факторлардан тұрады, олар электромагниттi, электростатикалық өрiс, ауаның иондалуы, оптикалық сәулелену, шу, жұмыс iстеу кезiндегi дененiң ширығуы. Осы факторлардың әрқайсысы бала денсаулығына керi әсер етуге өз үлесін қосады. Егер сіз компьютерді ақылға қонымды шектерде қолдансаңыз, дұрыс қолдану тәсілдерін білетін болсаңыз, оның адам денсаулығына зияны едәуір азайтылады. Сонымен қатар, компьютерді қалай қолдану керек екендігіне тоқталсақ: компьютердің жоғары сапалы мониторды пайдалануға кеңес беріледі. Бұл зиянды сәулелерді азайтады және көзге жақсы әсер етеді; ыңғайлы орындықта отырған дұрыс, ол арқаның бұлшықеттеріне түскен жүктемені кемітеді; кейде жаңа монитор орнатқаннан кейін, көздің қысымы және бастын ауырсынуы пайда болады. Бұндай жағдайда монитордың параметрлерін өзгерту қажет; компьютермен жұмыс істегенде, монитор көзден 70 см қашықтықта болуы керек, сонымен қатар арқа түзу, ал аяқтар еденде ыңғайлы түрде орнығуы қажет; егер сіз ұзақ уақыт бойы компьютердің алдында отырсаңыз, денсаулыққа зиян тиуі мүмкін. Әр сағат сайын үзіліс жасаңыз; күнделікті серуендер туралы ұмытпаңыз, олар тек пайда әкеледі; балаларды монитордын алдында күніне кемінде бір сағатқа ғана отырғызыңыз, себебі компьютерден шығатын сәулелер олардың денсаулығына пайдалы емес.
Ересектер (ата-аналар, мұғалімдер) баланың компьютермен, планшетпен немесе смартфонмен өткізетін уақытын бақылауы керек. Кішкентай балаларға неліктен компьютерде ұзақ уақыт болмау керектігін қарапайым тілмен түсіндіру қажет. Балалардың бос уақытын мүмкіндігінше бірлескен іс-шаралармен, секциялармен, үйірмелермен және үй шаруасымен өткізген дұрыс екенін ескертеді.
Алматы қаласы, Алатау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысының м.а. Тойчиева Лайла Уркеновна
Алматы қаласы, Алатау ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының санитариялық — гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің жетекші маманы Жүніс Лаура Медербекқызы