Масаурова Салтанат Маратқызы
Алматы қаласы,
КМҚК «№110 бөбекжай балабақша»
меңгерушісі
Алматы балабақшаларының 20 үздік басшысы Малайзия мен Қытай елдерінде мектепке дейінгі білім беру жүйесімен танысып, кәсіби тәжірибе алмасу сапарынан маңызды сабақтар алдық. Алматының мектепке дейінгі мекемелер мамандарының біліктілігін арттыру бағдарламасы педагогтердің кәсіби дағдысын дамыту арқылы білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған. Бұл өз кезегінде қаладағы мектепке дейінгі білім беру сапасын айтарлықтай арттырып, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Біз Қытай мемлекетінің Сужоу қаласындағы “Eton house” және Ханчжоу қаласындағы “ENOBLE” және Малайзия елінің “Universiti Pendidikan Sultan Idris” балабақшаларында біліктіліктілігімізді арттырып, тәжірибе алмасып келдік. Бұл сапардың мақсаты – әлемдік деңгейдегі заманауи әдістемелерді зерттеп, оларды Алматы балабақшаларына бейімдеу арқылы жергілікті мектепке дейінгі білім сапасын арттыру.
Бұл топтың құрамында Медеу ауданынан №110,115.124 бөбекжай-балабақшаларының меңгерушілері: Масаурова Салтанат Маратқызы, Иликбаева Шинар Шонжыбекқызы, Естенова Альфия Сауытбекқызы болдық.
Қытайдағы тәжірибенің ерекшелігі:
Балабақшалар дәстүр мен заманауилықтың үйлесімімен ерекшеленеді. Мұнда балаларды ұлттық өнерге, соның ішінде каллиграфия, дәстүрлі музыка және қытай кескіндемесіне баулу кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, балалардың табиғатпен байланысын күшейтуге ерекше назар аударылады. Табиғатпен тікелей жұмыс істеу арқылы балалар экологиялық сауаттылықты меңгереді. Бұл тәжірибе балабақшаларда табиғатпен қарым-қатынас жасауға көбірек көңіл бөліп, қоршаған ортаны қорғауға баулуға негізделген бағдарламалар енгізуге септігін тигізеді.
Тағы бір ерекшелігі — технологиялық дамуымен ерекшеленеді. Мұнда балаларды ерте жастан бағдарламалау, робототехника сияқты пәндерге баулу тәжірибесі кеңінен қолданылады. Сондай-ақ, балалардың эмоциялық интеллектін дамытуға көп көңіл бөлінеді. Біз бұл тәжірибеден технологияны оқыту мен эмоциялық дағдыларды дамытуға ерекше мән беру қажеттігін түсіндік. Балалардың IT-дағдыларын қалыптастырып, олардың сезімдерін дұрыс түсінуі мен жеткізуін дамытуды болашақта іс-тәжірибемізде қолдануды жоспарладық.
Малайзиядағы тәжірибенің ерекшелігі: Ойын, көптілділік және ата-аналармен ынтымақтастық
Малайзияның балабақшаларында білім беру негізінен үш бағытта жүзеге асады: ойын арқылы оқыту, көптілділік және ата-аналармен тығыз байланыс. Ойын арқылы оқыту балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, оқу процесін қызықты әрі тиімді етеді. Біздің балабақшаларда да бұл тәсілді қолдану арқылы балалардың білім алуға деген қызығушылығын арттырамыз.Малайзияның ата-аналармен тығыз ынтымақтастық тәжірибесі, ата-аналардың оқу процесіне белсенді қатысуы балалардың дамуына үлкен әсер етеді.
Қорытындылай келе, біздің Қытай мен Малайзиядағы сапарымыз көптеген жаңа әдістемелерді зерттеп, оларды жергілікті білім беру жүйесіне бейімдеуге мүмкіндік берді. Біз өз іс-тәжірибемізде мектепке дейінгі жастағы балаларға технологиялық білім беруді енгізіп көруді жоспарлап отырмыз. Бұл балалардың танымдық қабілеттерін дамытуға, заманауи технологиялармен ерте жастан танысуына және шығармашылық ойлауын жетілдіруге көмектеседі деп сенеміз.
Мектепке дейінгі мекемелер мамандарына осындай жағдай жасап отырған Алматы қаласы, Білім басқармасына рахмет. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!