Бекбулатова Рауза Фазылханқызы
«Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімінің
№2 мектеп-лицейі» ММ
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Қазақтың киелі топырағы, Ұлы Даласы қашан да, қай кезең мен дәуірлерде де заманының заңғар тұлғаларынан кедей болмаған. Қай ұлт болмасын өткен тарихынан, тұлғаларынан нәр алып, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам баса алатындығы ақиқат. Себебі, кез келген ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың алар орны ерекше. Міне, сондай ұлы тұлғалар қатарында, қазақ руханияты шыңының бір басында бүкіл шығысты мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби тұрса, екінші басында өзіндік гуманистік ойларымен тәнті еткен Абай Құнанбайұлы тұр. Әбу Насыр Әл-Фараби және Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден жазу мен сызудың, өркениеттің, ғылым мен білімнің, музыка, жазба әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш ететін боламыз.
Ғұлама ғалым Ә.X.Марғұланның айтқанындай: «Абай мен Әл-Фарабидің көздегені адамдардың рухани байлығы, олардың бақытты болуы мен әсемдікке ұмтылуы болып табылады». Қазақтың бағына біткен майталман тұлғалары Абай мен Әл-Фараби әр дәуірде өмір сүргенімен, екеуінің артында қалдырған еңбектері мен жазбаларында айтқан даналық, ғибратты сөздерінің арасында үлкен байланыс жатыр. Біз бұл тұлғаларды, өздері айтқан ғылыми-танымдық ойлары арқылы танып білеміз. Абай мен Әл-Фарабидің ой-толғаныстары — халқымыздың үлкен мұрасы.
Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың қазақ топырағында дүниеге келгенін қазіргі таңда бүкіл әлем мойындап отыр. Осы орайда «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалада: «Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі — Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелді» -деп жазылған.
Ал, Абай Құнанбайұлы Шығыстың ұлы ақындары Фирдоуси, Низами, Хафиз, Жами, Сағди, Науаи, Сәйхали және басқа да алыптардың сиқырлы әуез, биік рух, қиыннан қиындасқан шынайы шеберліктің үлгісіндей ғажайып поэзиясының аясында тәрбиеленіп, өмір бойы солардың дәстүрінен қол үзген емес. Өйткені, Шығыстың ойшыл ақындары адамның табиғатын тереңнен ұғатын ерекше қасиеті, оның болмысына, рухани жан дүниесіне ерекше әсер етті.
Біз бүгінгі тақырыбымызға арқау етіп отырған Әбу Насыр Әл-Фараби және Абай Құнанбайұлының өмір сүрген дәуірлерінің арасында едәуір айырмашылық бар. Шамамен Х ғасыр (1000 жыл). Ал, бірақ бұл екі тұлғаның еңбектері мен ұстанымдарында, рухани тұтастығында қандай байланыстар бар, соны саралап көрейік.
Қазақтың ен даласы, шығыс-түркі мәдениеті – бұл Әл-Фараби мен Абай үшін бірдей рухани бастау, қайнарбұлақ, олардың арасын жалғастырар арқау, үндестік, кейбір идеяларының бір-біріне тіл қатып тұрғандығы, байланыстылық болғандығын растайды.
Әл-Фараби: «Әрбір адамның әлемде (дүниеде) өз орны бар», десе Абай оны өз өлеңінде былайша жаңғыртады:
«Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар, қалан!» — деп, ұрпақтың ел өмірінде елеулі орын алатынын шегелеп айтқан.
Әбу Насыр Әл-Фараби өте қарапайым болып өмір кешіпті. Ешқашан «мен» деген сөзді айтпаған деседі. Өз кезінде замандастарының бірі үлкен ғұлама-философтан сұрапты: «Дүниедегі ең ұлы адам Аристотель ме, болмаса сізді айтамыз ба?» дейді. Сонда Әбу Насыр былай деп жауап берген екен:
«Егер мен Аристотель заманында дүниеге келсем, онда оның көп шәкірттерінің бірі болып қалар едім!».
Осы орайда ақын Абай Құнанбайұлы да «Көк тұман – алдыңдағы келер заман» атты өлең шумақтарында:
Ақыл мен жан -мен өзім, тән- менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы -екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі — деп менмендікке берілмеу керектігін ескертеді.
Ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фарабиден мұра болып қалған «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» деген трактаты да бар. Ол осы еңбегінде ғылым мен билікті бірлікте қарастыруға тырысады. Көне философ Аристотельдің «Билікті сатып алғандар – одан пайда табуды әдетке айналдырады» — деген тұжырым-ойын одан әрі дамыта түседі. Сол себепті де жоғарыдағы еңбекте қалаларды қалай басқару керектігін, оны кім басқарғаны дұрыс екенін тізбелеп, өзгеше ой түйген. Әрі білімді, әрі ақылды, әрі таза ниетті адам ғана шаһар тұрғындары тұрмысын жақсартып, бақытқа жетуге ықпал етпек дейді. Қысқасы, философ ғалым ғылым жетістіктері мен билік әдістерін неғұрлым бір-біріне жақындата түссек, соғұрлым өмір де алға басады, тіршілік те жайнай бермек деп түйін жасаған. Былай қарасақ, бабамыздың он бір ғасыр бұрын айтып-жазып кеткендері әлі де маңызды болып көрінеді. Билік басына келген адам өзі де, жан-жағы да, ары да тап-таза болып тұруы керек.
Дана Абай да өз заманындағы әділетсіз билікті өткір сынға алады. Сонымен қатар халықтың мерейін тек өнер-білім ғана ұшпаққа шығаратындығын талай өлеңдеріне арқау еткендігін жақсы білеміз.
Әл-Фараби мен Абай өз ойларын әртүрлі сөзбен жазса да, олардың мағынасы бір-бірімен астасып жатыр. Абайдың қара сөзі мен өлеңдерін оқыған адам өмірін босқа өткізбесі анық. Себебі, олардың әрбір жолдары мен шумақтары парасаттылық пен ақылдылыққа, бір сөзбен айтқанда өмірді лайықты сүруге үйретеді. Абайдың өлеңдерінен ар-ұят, еңбек, намыс, адамгершілік ұғымдарын жиі кездестіруге болады. Мысалы: «Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ» деп аталатын өлеңінде ел кезіп уақытын қыдырысқа өткізіп жүрген адамдар жайлы айтады. «Ғылым таппай мақтанба» деп аталатын өлеңінде адамның неден асық және неге қашық болу керек екендігін нақты көрсетеді. Сонымен қатар, әр пенденің өмірде өз орнын табуы тиіс дейді, заманауи сөзбен айтсақ әр тірі жан иесі өзіне ұнайтын салада қызмет етіп, өз елінің дамып көркеюіне үлесін қосқаны абзал. Бұл біз жоғарыда атап өткен Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінің мазмұнымен ұштасып жатыр.
Әл-Фараби әзіл мен күлкі сияқты құбылыстарға моральдық-этикалық тұрғыдан баға береді. Қоғамдағы әрбір құбылыс шектен шығып кеткен жағдайда адамға теріс әсер ететіні сияқты адамның мінез-құлқындағы шамадан асып кеткен көріністер де ізгі қасиеттерге кері ықпалын тигізеді. Осы пікірін түйіндей келіп, Фараби: «әзілқойлық – әзілді шектен тыс қолданудан болады. Ал әзілдеу оңай болғандықтан, біз соған бейім бола бастаймыз. Енді бізге қалғаны бір шеткеріліктен екінші шеткерілікке немесе орташа мөлшерге ауысуды жеңілдету үшін қандай амалдар бар екенін білу» деп жазады. Әл-Фарабидің осы моральдық-этикалық тұжырымын Абай өзінің «Төртінші сөзінде» жетілдіре түседі: «Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не бір ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек» — деп, Әл-Фарабидің көзқарасын қуаттап тұрғандай. Қазір теледидарларда арзан күлкі шектен тыс көп беріледі, көбісі анайы, жабайы, ұлттық ұят, ар-намыстан жұрдай. Ойлы, салиқалы, тәрбиелік маңызы зор хабарларға халықты рухтандырмай ма?
Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты философиялық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек – басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес» — дейді. Әл-Фарабидің «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» жөніндегі философиялық тұжырымы Абайдың «Он жетінші сөзінде» өзінің логикалық жалғасын тапқан сияқты. Бұдан кейін Абай осы үш категория жайында түйін жасап, Әл-Фарабидің жоғарыда айтылған пікірін өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Абай осы үшеуінің басында қос, бәрін де «Жүрекке» билет — деп ұқтырып айтушының аты «ғылым» екен.
Әл-Фарабидің «қайрат», «ақыл» және «жүрек» жайындағы философиялық ой-пікірлерін Абай өзінің «Әсемпаз болма әрнеге» атты өлеңінде де әрі ойшыл-кемеңгер, әрі аса дарынды сөз зергері ретінде оқырманға зор шеберлікпен жеткізген. Абай ақыл мен қайраттың иесі болған адамды «жарты адам» дейді. Өйткені ондай адам тек «суық ақыл» мен «жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі. Ал бойына осы екі қасиетпен қоса-қабат әділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана «толық адам», яғни ол енді «нұрлы ақылдың өкілі» деп танылады. Сөйтіп, Абайдың «нұрлы ақыл» жайындағы тұжырымының қайнар-бастаулары Әл-Фарабидің интеллект туралы ілімінде жатқанын аңғару қиын емес. Ғылым мен білімді дамытып, ерекше көңіл бөлгенде ғана – еліміз көркейіп, қарыштап алға басатынын ғұламалар қалай көрегендікпен айтқан десеңізші.
Әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық көзқарастарын білдіретін зерттеулері де баршылық. Оған «Бақыт жолын сілтеу», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері», «Бақытқа жету жолында» деп аталатын ғылыми еңбектері жатады. Әл-Фараби өз зерттеулерінде этика, мораль мәселелеріне ерекше назар аударған. Этиканың зертеу объектісі – мораль, мінез-құлық, әдептілік нормалары екенін жан-жақты дәлелдеген. Әл-Фарабидің айтуы бойынша, этиканың ең жоғары категориясы-бақыт. Сонымен қатар ол адам бойындағы ақыл-парасатты этикалық-адамгершілік қасиеттерден бөліп қарауға болмайды деген пікір айтады. Ақыл мен адамгершілік, қайырымдылық өзара табиғи түрде байланысып жатқан құбылыстар екенін түсіндіреді.
Сонымен қатар, Абайдың қара сөздерінде де, Әл-Фараби айтып кеткен ойлар сабақтасады. Абайдың қара сөздері тұнып тұрған философиялық ой. Сол себепті де «философиялық трактаттар» деп айтуға әбден болады.
Қорыта айтқанда, қазақтың маңдайына біткен мың жылда дүниеге бір келер алып даналардың рухани тұтастығының бұзылмас тұғырнамасын жасауымыз қажет. Әл-Фарабидің трактаттарында да, Абайдың қара сөздерінде де -білім, мейірімділік, сұлулық үшеуінің бірлігі басым. Бұл екі ғұламаның гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Олар ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді.
Еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы кезеңдер аяққа тұру мен экономиканы қайта қалпына келтіру жұмыстарымен есте қалды. Міне, енді экономикалық тұрғыдан әлемнің дамыған елдерімен тең деңгейде иық тіресер сәтте біз өзіміздің рухани байлықтарымыздың Әл-Фараби мен Абай секілді тұлғаларын елімізге паш етуіміз керек.
Әдебиеттер тізімі:
1.Салқынбаев М. «Әл-Фарабидің әдеби мұраларының зерттелуі»,
2.Ә.Дербісалиев. Қазақ даласының жұлдыздары,Алматы,1995,
3.М.Бурабаев. Өшпес жұлдыздар.Ұлы ғалымдар өмірінен(VIII-ХIVғғ), Алматы,1989.
4.А.Көбесов. Әбу Насыр Әл-Фараби,Алматы,2004,
5.Әл-Фараби «Поэзия өнері туралы трактат»,Алматы,1972,
6.Абай. Өлеңдер,поэмалар,аудармалар,қара сөздер.Алматы,2007,
7.Қ.Бітібаева. Мектепте Абай шағармаларын оқыту,Өскемен:Б.Ж.,1994,
8.М.Әуезов. Абайды білмек парыз ойлы жасқа .Алматы,1997.