Home » Жаңалықтар » Абайтану олимпиадасы мәреге жетті

Абайтану олимпиадасы мәреге жетті

Алматы қаласында 22-23 қаңтар аралығында ІІ республикалық Абайтану олимпиадасы жалауын көтерген еді. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерей тойы қарсаңында, ұлтының ұлылығын ұлықтаған дана Абайдың шығармашылығын қазіргі заман тұрғысынан жаңаша дамытып, жас ұрпақтың бойына даналықтың нұрын сеуіп, ақынның ақыл-нақыл сөздерін өмірлік азық етуге, «болмасаңда ұқсап бақ», деген қағиданы жандарына желеу қылу мақсатында ұйымдастырылған олимпиадаға республиканың 14 облысы, үш қаласынан 125 жас өрен бақтарын бәсекеге салды. 9-11 сынып оқушылары арасында өткен бұл олимпиада Қазақстандық жастарды Абай шығармашылығымен сусындатып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін білім додасы болды. Білімділер байқауына Солтүстік Қазақстан облысынан 6 оқушы қатысты. Атап айтар болсақ Петропавл қалалық қазақ мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары Шұғай Ерасыл, Ерсайынова Тоғжан, 9 сынып оқушылары Қалел Мөлдір, Дүйсенова Шырайлым және Тайынша ауданы, Теңдік орта мектебінің 11 сынып оқушысы Ақботай Әмре, Аққайың ауданы, Смирнова № 3орта мектебінің 11 сынып оқушысы Дәнебаева Айдын бақтарын сынға салды.
«Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы ақын жастарды қанаттандырып, оқу-ғылымға көңіл бөлсеңіз адамдықтың негізін аласыз, дейді. Облыстан үкілеп жіберген оқушылардың қанжығалары майланып Дәнебаева Айдын жеңіс тұғырының ІІІ орынына жайғасса, Ақботай Әміре грамотамен марапатталды. Ал, басқа оқушыларымыз Алғыс хатты қанағат тұтып қайтты. Абайдай ұлы кемеңгердің шығармашылығын меңгеріп, көкейлеріне түю екінің бірінің қолынан келмейтіні қақ. Алайда батыл қадам жасап, Абайдың ілімі мен қағидаларын бойларына сіңіріп, «Абай жолы» роман-эпопеяның төрт томын оқып, мазмұнын мәтінге жақын бойларына сіңіру жастарға үлкен жігер сыйлады.
«Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі», — дейді отыз екінші қара сөзінде. Жастар шын талаптанып, Абайды білуге, оның әдептілік әліппесін өмірлік серік етуге машықтана бастады. «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек, Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек. Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық, бұл қайраттан шығады, білсең керек»,- деген ақын өлеңі жастарды шыдамдылық пен қайраттылыққа жетелей отырып, білім нәрімен сусындауға шақырды.
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармалары, өлеңдері мен қарасөздері жас ұрпақтың санасында мәңгі жасайды.

Қазақстан республикасы журналистер
одағының мүшесі
Көкбасқызы Жазира
«BILIM AINASY»,
СҚО

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.