Астана қаласы
«Шейх Тәмим бен Хамад Әл- Тәни»
атындағы № 85 мектеп- лицейдің
қазақ тілі пәні мұғалімі
Каражигитова Бағдат Омирбековна
Тәуелсіздік — ұлтымыздың басты байлығы. «Тәуелсіз» деген сөздің өзінде қаншама ой жатыр. Өзіңнің атамекенің, кіндік қаның тамған киелі жерің, елің, ана тілің болғанына не жетсін! Сол себепті де Тәуелсіздік тақырыбы қазіргі таңда өзекті тақырыптардың бірі деп санаймын.
Міне, Тәуелсіз ел атанғанымызға биыл отыз екі жыл толды. Тәуелсіздік елімізге оңайлықпен келмеді. Ата- бабамыз еркін ел болуды ғасырлар бойы аңсады. Өткен тарихымызға көз жүгіртер болсақ, бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты басынан кешірді. Батырларымыз елін, жерін жаудан қорғау жолында толарсақтан саз кешіп жүріп, қасық қандарын қиса, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаевтар «Оян, қазақ!» деп ұран салып, маса болып ызыңдап, қараңғы қазақтың санасын оятамын деп өз өмірлерін қиды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын қазақтың ұлт тәуелсіздігі жолындағы күресі деп білемін. Бұл оқиғаны қазақ жастарының еркіндікке ұмтылысының басты қадамы деп санаймын. Жастарымыздың жігерін осы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың бойынан көруге болады. Сол кездегі жастардың қайрат — жігері біздің XXI ғасыр жастарына үлгі-өнеге болары анық.
Қазіргі таңда әрбір жас буын ұлтымыздың тарихы тым тереңде жатқандығын, тәуелсіздіктің оңай келмегенін, «Тәуелсіздік » деген сөздің қадірі ерекше екенін түсінсе деймін. Отыз екі жыл ішінде еліміз еңсесін тіктеп, жеке мемлекет болып қалыптасты. Қазір біз қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан кезеңдеміз. Алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, елімізді іргелі мемлекетке айналдыру болашақ жастардың қолында деп білемін. Қазіргі жастар уақыттың кез келген сынына дайын болып, бәсекеге қабілетті болып өсуі керек деп ойлаймын.
Жастар — әрдайым жаңа ойдың қайнар көзі, оң өзгерістерді қолдаушы. Елінің патриоты, заманауи технологияларды меңгерген, санасы сергек жастарымыз ғана тәуелсіздігімізді нық ұстап тұрары анық. Олардың бойында рухани — адамгершілік, құқықтық тәрбие басым болуы тиіс деп есептеймін. Осы орайда қазіргі қазақ жастарына артылар жауапкершілік жүгі де аз емес екендігі анық.
Мені қуантатын бір жай қазір тәуелсіз, жаңаша ойлай алатын, сыни көзқарастан қорықпайтын жаңа ұрпақ қалыптасты. Қазіргі жастар өз ойын ашық жеткізе алады, керек жерде талап ете біледі, көпшілігі өз болашақтарын еліміздің дамуымен байланыстырады. Мұның өзі тәуелсіз ел ретінде біздің жеткен жетістігіміз деп білемін.
Бүгінге дейінгі барлық жетістікке тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Отыз екі жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріліп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде көптеген жұмыстар атқарылды. Елімізде халықтың тілегі мен тілеуі болып отырған тұрақтылық, бейбітшілік берік сақталуда, шетелдермен қарым — қатынас нығаюда. Еліміз нарықтық экономикаға толықтай өтті. Қазіргі таңда мектеп бітіретін түлектерден қандай мамандық иесі болатынын сұрасам, басым бөлігі жеке бизнес жайлы жоспарлайтындарын айтады. Бұл табыс табуға мүмкіндік беретін нарықтық экономиканың, атап айтқанда, тәуелсіздігіміздің жемісі деп айтар едім.
Қорыта айтқанда, елдің еркіндігін ата — бабаларымыз аңсады, біз соған қол жеткіздік және келешек ұрпақ соны ұстап қалуы тиіс. Олар елінің азаттығы жолында жанын қиған батыр бабаларымызды еске алып, олардың ерлік істерін өздеріне үлгі тұтып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосса деймін. Еліміздің дамыған елдермен терезесі тең болып қарыштап өркендеуі жас ұрпақтың қолында.
Жастар — жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры. Ендеше, осы жас ұрпақты тәрбиелеп, еліміздің мықты азаматтарының қатарына қосу біздің парызымыз деп білемін.