Таттибаева Гулжан Берликовна
Кәсіптік білім мамандығы бойынша педагогикалық ғылымдар магистрі,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Музыка және көркемдік білім» кафедрасының аға оқытушысы,Тараз қаласы.
Турганбаева Гулайым Дармановна
6В01403 – «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» мамандығының 4-курс студенті
Ұлт мәдениеті мен өнері, еңбек тәрбиесі, жеке тұлғаның рухани дамуына әсері туралы ой-пікірлердің қалыптасуына Абай Құнанбайұлының қосқан үлесі жайлы ой қозғасам, бүгінгі күні қызмет етіп жүрген М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 6В01408 – «Кәсіптік оқыту» және 6В01403-«Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасының студенттеріне болашақ көркем өнер мамандарына Абай Құнанбайұлының өлең-жырларында, қара сөздерінде, жастарды адал еңбекке, отырықшылыққа, егіншілікті кәсіп етуге, өнер, білімге шақырғаның ашық тәрбие сабақтарда талқылап қарастырамыз.
Абай еңбекпен келген табыстың адал да дұрыс жолға бастайтынына, ақылмен істелген істің нәтижелі болатынына сеніп ;
Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өз күшің алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап, -деп өлең жолдарында көрсетеді.
Сөздердің астарына үңілер болсақ, адамның басты үш қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек нышандары кісіге туа бітсе де, еңбек, өнер, ғылым арқылы ғана дамып, өркен жаяры сөзсіз. «Еңбегі мен ақылын» тең ұстай білетін адам ғана кездескен қиындықтарды жеңе алатыны ақиқат. Сапалы адам қалыптасып, оны жасампаздық күшке айналдыратын бірден-бір тура жол осы екенің айтады.
Отыз жетінші сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Адал еңбек ету, өнімді кәсіп табу мәселесіне баса көңіл бөледі:– Егер ісім өнсін десең, ретін тап;
– Сақалын сатқан кәріден еңбегін сатқан бала артық;
– Еріншектік-күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады.
«Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың» (алтыншы сөз).Мал табудың бір жолы ретінде Абай ұсақ кәсіпшілікті көрсетеді. «Қолөнер» үйрен дейді.
Жас ұрпақты еңбекке,өнерге баулитын болашақ мектептің «Көркем еңбек» мұғалімдерімен болашақ кәсіптік оқыту мамандары ұлы ойшылдың әр өлеңі мен жырларының мағынасына терең мән береді.
Білімгерлеріміз ұлы ақынның адамның бойында жағымсыз қасиеттерді болдырмау үшін ұстаз жастардың ғылым мен білімге деген құмарлығын арттырып, дамыта түсуі қажеттігін өсиет еткендігін ашып көрсетеді. Ақыл мен еңбектің мәніне ерекше тоқталып, оларды адамның жеке басының басты ерекшелігі деп түсіндіреді.
Ақын жастардан бір өнерді үйреніп, пайдалы іспен шұғылданып, адал еңбекпен мал табуды талап еткен еді. Саналы жастарға:
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан.
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігі тап та, бар қалан!—
деп қоғамның пайдалы бір азаматы болуды насихаттайды. Абай ел қыдырып, ас ішіп, аяқ босатар, жатып ішер жалқау жастарды сынай келіп:
Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас.
Қулық-сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас,
Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас.
Зиян шекпей қалмайсың ондай істен,
Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас,
-деп, ұрлық түбі қорлық екенін ескертеді, адал тапқан мал мұратқа жеткізетінін, еңбек түбі зейнет екенін өнеге етеді.
Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын,—
деп, алға қойған мақсатқа жетуге кедергі, бөгет болатын адамның бойындағы талапсыздық, жалқаулық сияқты мінез-құлықтарды сынай отырып:
Адам болам десеңіз,
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, –
деп, қоғамға пайдалы азамат болу үшін адамға қандай ізгі қасиеттердің қажет екендігіне ерекше тоқталады.
Болашақ кәсіптік оқыту мамандары «Ескілік киімі» атты өлеңін талқылап ертедегі қазақ жігітінің киген киімі, сауыт-сайманы, ер-тұрманы, оның жасалу ерекшелігі түп-түгел үш ауыз өлең шумағында баяндалғанын талқылайды; Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен,
Тон қабаттап, кигенім – шидем шекпен,
Жейде-дамбал ақсаңнан, жарғақ шалбар,
Жырық балақ матамен әдіптеткен.
Мықшима аяғымда былғары етік,
Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп.
Үлкен кісе жанымда жез салдырған,
Шақпағым, дәңдәкуім жарқ-жұрқ етіп,
Күләпәра басымда, пұшпақ тымақ .
Сонымен қатар «Жазды күн шілде болғанда», «Қараша желтоқсан мен сол бір-екі ай», «Жазғытұры», «Қыс» атты өлеңдерінде ақын жылдың төрт мезгіліндегі табиғат бейнесін суреттеумен бірге, оны қазақ ауылының өмірімен, салт-дәстүрімен (көшіп келіп қонған көрші ауылдың бір-біріне ерулік беруі, мылтық атып, құс салып, үйрек-қаз ілдіруі, күйеу келу, кәрі құдамен қарым-қатынас, ұлттық киімдердің сән-салтанаты, күзеуге қону, үйін жамап, тонын илеп, шекпен тоқып, қысқа дайындалу және т.б.) тығыз байланыста қарастырады. Мысалы, «Жазғытұры» атты өлеңінде ұлы ақын Абай жадыраған жазды, күн көзінде масайраған жан-жануар мен маужыраған табиғатты:
Түйе боздап, қой қоздап, қорада шу,
Көбелек пен құстар да сайда ду-ду,
Гүл мен ағаш майысып қарағанда
Сыбдыр қағып, бұраңдап ағады су… –
деп, тебірене суреттесе, осы мамыражай табиғаттың қазақ ауылының өміріне тигізер әсерін де естен шығармайды:
Жаздың көркі енеді жыл құсымен,
Жайраңдасып жас күлер құрбысымен.
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен, –
деп, кәрі-жастың көңіл-күйін дөп басып, шебер бейнелеп беріп отыр. Жазғытұры- шаруаның бір малы екеу болатын, көктің жетіліп, ақтың көбейетін, несібенің молаятын кезі. Ол қазақ ауылының өміріне үлкен қуаныш, береке, ырыс әкеледі. Ақын осыны асқан сезімталдықпен, шебер суреткерлікпен бере білген. Ал, «Қыс өлеңінде бұған қарама-қарсы, қылышын сүйретіп қыса келген қаһарлы қысты ақ сақалды кәрі құданың бейнесінде береді «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай» атты өлеңінде күздің ызғырық соққан қара суығында аш-жалаңаш бүрсең қаққан кедей үйінің аянышты халі мен тамағы тоқ, үйі жылы ықтырма мен күзеуде отырған бай үйінің кереғар өмірін суреттеу арқылы қарама-қайшы екі өмірді салыстыра бейнелеп, ақын «Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес» сараң байларды сынайды. «Күз» атты өлеңінде:
Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,
Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.
Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,
Жапырағынан айрылған ағаш, қурай.
Біреу малма сапсиды, салып иін,
Салбырыңқы тартыпты жыртық киім,
Енесіне иіртіп шуда жібін,
Жас қатындар жыртылған жамайды үйін…
-деп, ақын тоңған үйін жылытып, тонын илеп, үйін жамап, тон-шекпенін тігіп, қысқа дайындалып жатқан кедей ауылының өмірін суреттейді. Бұл жерде Абай, біріншіден, тері илеп, тон тігу, киіз басып, үзік жамау, жіп иіріп, шекпен тоқу қазақ әйелдерінің ата кәсібі екенін көрсетсе, екіншіден, өнеркәсібі өркендемеген елде қолөнерін дамытып, тіршіліктің тұтқасы ету, сөйтіп төрт түлік малдың терісі мен жүнін, сүті мен етін тұрмыстық қажетке жарату өмір қажеттілігінен туып отырғанын сөз етеді. Абайдың қай шығармасын алсақ та, ел тағдыры, шаруашылық кәсібі, тұрмыс-тіршілігі кеңінен суреттеліп, жастарды еңбекке, талаптануға, өнер-білімді меңгеруге шақырады, тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алуға бағыттайды.
Қорыта айтқанда, Абай Құнанбаевтың өлең-жырларында, қара сөздерінде, жастарды адал еңбекке,кәсіп етуге, өнер, білімге шақырғаның, өзінің рухани жан дүниесінің байлығын, асқақ арманын келер ұрпағының зердесіне жеткізіп, санасына ұялатып отырғанын көреміз.
«Көркем еңбек» пәнінің мұғалімі мен кәсіптік оқыту маманының еңбек тәрбиесіндегі мақсаты кәсіби шеберліктер мен іскерліктер арқылы еркін бағдарлай білетін, өзін-өзі дамытуға өз бетінше жаңаша ойлауға, адамгершілік тұрғысынан нақты шешімдер қабылдауға және бәсекелестікке қабілетті жеке тұлғаны рухани-мәдениет құндылықтарын игерту арқылы қалыптастыру болып табылады. Осыған байланысты кәсіптік білім беру жүйесінде болашақ мектеп мұғалімдерінің педагогикалық, техникалық шеберлігін арттыру қажеттілігі туындайды.
Ұлттық рухта тәрбиелеудің маңызды проблемаларын шешу, жастардың рухани байлығын арттыру, оларды ұлтжандылық негізінде тәрбиелеу басты міндетіміз.
Ұлы ойшыл Абайдың шығармашылығынан адал еңбекке деген құрмет, адамгершілік, ізгілік құндылықтарын әр өлең жолдарын талқылай отырып болашақ мамандарымыз эстетикалық талғам өрісін, рухани мәдениеттілігін тәрбиелейді. Абай шығармашылығын зерттеп, ата,әже,ана,әке, ұлдың кәсібі, қыздың кәсібіне тереңінен үніліп ұлтқа деген сүйіспеншілігі артып, білімге құштарланады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
- Абай. Қара сөз. Поэмалар – Алматы: Ел, 1993.
2.Искакова, Л.М. т.б. Кәсіптік оқыту әдістемесі : Оқу құралы. / А.М. Искакова, Г.К. Кудиярбекова, Н.А. Дубинец; С.Торайғырова атындағы Павлодар мемлекеттік университеті. — Павлодар: Кереку, 2018.-81б.-ISBN 978-601-238-853-4. http://rmebrk.kz/book/1174293
3.Мұратбаева, Г.А. Кәсіптік педагогика : Оқу құралы. . — Алматы: «Қыздар университеті» баспасы, 2016. — 180 б. — ISBN 978-601-7796-02-0. http://rmebrk.kz/book/1136164
4.Байдалиев, Қ.А.Көркем еңбекті оқыту теориясы мен əдістемесі : Оқу құралы. . — Орал: БҚАТУ РМК, 2019. — 396 б. — ISBN 978-601-319-178-2. http://rmebrk.kz/book/1173016
5.Адамқұлов Н.М. Технология пәнін оқыту әдістемесі [Мәтін]:Оқулық/ Н.М. Адамқұлов, Ж.К. Сімова. — Алматы : Отан, 2016. — 135б. — ISBN 978-601-232-255-2.
- Адамқұлов Н.М. Технология пәніне арналған әдістемелік кеңес [Мәтін] : Оқу құралы / Н.М. Адамқұлов. — Алматы : Отан,2016.-107б.-ISBN978-601-232-255-2: