Таттибаева Гулжан Берликовна
Кәсіптік білім мамандығы бойынша педагогикалық ғылымдар магистрі,
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Музыка және көркемдік білім» кафедрасының аға оқытушысы,Тараз қаласы
Бердіш Сымбат Талғатқызы
6В01403 – «Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау» мамандығының 4-курс студенті
Қоғам дамуының экономикалық және әлеуметтік мәселелері, жеке тұлғаның рухани мәдениетінің, адам табиғаты байлығының дамуымен тікелей байланысты. Олай болса, жеке адамның мәнді күштерінің даму сипаты мен деңгейі — қоғам дамуының бірден-бір көрсеткіші деуге болады. Сондықтан, бұл тұрғыда этномәдениет –әлеуметтік мұрагерліктің механизмі және адамның өмір қарекетін ұйымдастырудың ерекше құралы саналады.
Қазақстанның 21-ғасырға аяқ басу стратегиясының негізгі мәселесіне жеке адамның қалыптасуы, дамуы, кәсіби деңгейінің жақсаруы, ғылым мен практика жетістіктерін игеру мазмұны үрдісінде ұлттық, жалпы адамзаттық рухани және мәдени құндылықтарды да меңгерту мақсаттары қойылған. «Тәлім тәрбие тұжырымдамасы», «Этномәдениет тәрбиесі» т.б.құжаттар мазмұнында жас ұрпаққа этномәдениет құндылықтары арқылы ұлттық тәрбие берудің негізгі бағыттары мен идеялары айрықша атап көрсетілген.
Қазақ халқының мәдени мұрасын қайта жандандыру мен тәрбиелік мүмкіндіктерін бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде пайдалану мәселесіне Қазақстан егеменді ел болып, тәуелсіздікті қолына алғаннан бастап аса назар аударылып келеді. Оған сол жылдардан бастап басылым көрген тұжырымдамалар («Қазақстан Республикасында гуманитарлық білім беру» (1993), «Этномәдени білім беру тұжырымдамасы» (1992), «Жоғары мектеп студентеріне этнопедагогикалық білім беру тұжырымдамасы» (1998) т.б.), бағдарламалар, оқулықтар мен оқу құралдары (Қ.Жарықбаев, С.Қалиев, С.Ұзақбаева, М.Балтабаев, Ә.Қамақ, Қ.Бөлеев, Қ.Шалғынбаева, Р.Дүйсенбинова т.б.) басылым көрді. Бірқатар іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстары қорғалды.
Халықтың мәдени мұрасы әлеуетін қоғамдық қажеттілік тұрғысында қарастыру, ұрпақ тәрбиесінде пайдалану мәселесін бірізділікпен жүзеге асыру мақсатында, ҚР-ның Мәдениет және ақпарат министрлігі «Мәдени мұра» страдегиялық ұлттық бағдарламасын халыққа ұсынды. Бағдарламалық тұжырымдаманың мақсаты — Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұра құндылықтарына деген мемлекеттік көзқарас жүйесін, рухани және мәдени білім беру салаларын дамытудың ғылыми, әлеуметтік-экономикалық және ұйымдастыру-әдістемелік базасын одан әрі жетілдіру, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, пайдалану тиімділігін арттыру тетіктерін әзірлеу.
Жеке адамның рухани мәдениеті тәрбиесінің негізгі компонеттерінің бірі — адамзаттың өткені және қазіргі шығармашылық қызмет үрдісіндегі көркемдік-мәдени құндылықтарды игеруі. Дегенмен игеру — көркемдік мәдени үрдістің соңғы көрінісі, қоғам мәдениеті дамуының мақсаты ғана емес, сондай-ақ адамдардың қоршаған дүниеге қатынастары мен өнер шығармалары арқылы айшықталған жоғарғы рухани-эстетикалық құндылықтарды танымдық деңгейде игерудің практикалық іс-әрекеті.
Кез-келген халықтың көркем шығармашылығының даму үрдісінде, қоршаған дүниені өзіндік таным мен пайымдау және әсемдік заңдылықтарына сәйкес бейнелеу жүйесі, соның негізінде жасалған көркем –мәдениетті, эстетикалық құндылықтарды болашақ ұрпақтың рухани-эстетикалық дамуына ықпал ететін тәрбие құралы ретінде пайдалану әдістері қалыптасады.
Қазақ халқының дүниетанымдық ой-өрісін, рухани дамуын, тарихи- материалдық дұниелері, кәсіби шаруашылық түрлері, тұрмыс-салт дәстүрлері, ауыз әдебиеті, дәстүрлі бейнелеу және қолөнері, сәулет өнері, музыка өнері, мерекелік ойын-сауықтары қамтамасыз етіп келгенін, философия, тарих, этнография, эстетика, мәдениеттану және өнертану, педагогика, этнопедагогика саласындағы ғылыми-зерттеулерден, еңбектерден білеміз. Тарихи қалыптасу, даму кезеңдерінде, өзінің ұлттық, психологиялық, әлеуметтік болмысының бар мүмкіндіктерін, ата-бабалар сынынан өткен тәрбиелік принциптерін, мінез-құлық нормаларын, тәлімдік қағидаларын толық қалыптасқан «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат тәрбиесінде пайдалануды мақсат тұтқан халқымыз, өзіндік тәрбие құралдарын, әдіс-тәсілдерін дүниеге әкелген. Солардың мазмұнынан, қазақтың өз ұрпағын «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат етіп тәрбиелеу:
1) қазақтың әдеби фольклоры;
2) музыкалық фольклоры:
3) тұрмыстық қолөнер фольклоры:
4) кәсіптік сәндік-қолөнер фольклоры — құралдары арқылы жүзеге асырылып отырғанына көз жеткіземіз. Бұл фольклорлық құндылықтар: ауыз әдебиетінің сан-алуан салалары — аңыз әңгімелері мен қиял-ғажайып ертегілері, мақал-мәтелдері мазмұнында, ақын жыраулардың толғаулары мен билердің ғибратты, қанатты сөздерінде; Қорқыт-Ата қобызынан бастап, халықтың мұң–мұқтажы мен әсерлі көңіл-күйін көрсететін күйлері мен ұлт табиғатымен біте қайнасқан ән-жырларында; жүн мен теріні, ағаш пен мүйізді, алтынды аптай, күмісті баптай өңдеп жасаған зергерлік, тұрмыстық және әсем-әшекейлік қолөнер туындыларында: халықтың қоршаған табиғат сұлулығын эстетикалық танып білуінің жоғары сапалы нәтижесі саналатын ою-өрнек өнерінде т.б. сан-алуан кәсіби қолөнерлерінде сақталған.
Қазақ халқының тәрбие жүйесі мазмұнында, болашақ ұрпағын өнер арқылы сұлулыққа, әсемдікке баулу, ата-ана, ата-әже, жалпы елдің мұраты болғаны сөзсіз.
Қазіргі қазақ халқы, өткен дәуірлерде, ұлан-қайыр ұлы далада көшпенді малшы, жауынгер ғана емес, сонымен бірге тамаша қолөнерші, сәулетші, мүсінші, суретші, ұста-зергер болғаны туралы археологиялық, этнографиялық еңбектер мен мұражай жәдігерлерінен, сәулеттік кешендерден мол ақпарат аламыз. Маңғыстаудағы сәулеттік ескерткіштерді, Тараздағы Айша-бибі, Бабаджа-қатын, Қарахан мазарларын, Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауй кесенесін, Өлкетану мұражайындағы тас мүсіндер, металдан жасалған қару жарақтар, ыдыстар, әшекей бұйымдар, сол ата-баба мұраларының айғағы. Алматы маңындағы Есіктен, Атырау мен Шығыс Қазақстаннан табылған «Алтын Адам» ескерткіштері, Қазақстанның көне дәуірдегі рухани-көркемдік мәдениетінің озық үлгісі саналады. Міне, бұл тарих жәдігерлері, ертеден бері ата-бабаларымыздың алтын мен күмісті, қола мен темірді, ағаш пен сүйекті, жүн мен теріні шебер өңдеп, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарды ұлттық нақышта, өзіндік эстетикалық талғаммен жасай білгенін сол құндылықтар айқындап береді. Ал қазақ әйелдерінің қолынан шыққан, бүгінгі күнге дейін қазақ отбасында дайындалып, қолданылып келе жатқан — текемет, сырмақ, түскиіз, ұлттық киім үлгілері, сан-алуан зергерлік өнерінің туындылары дәстүрлі сәндік-қолөнеріміздің баға жетпес құндылықтары.
Қазақ халқының дәстүрлі тұрмыстық әрі кәсіби фольклорын құрайтын материальдық қолөнері мен сәндік өнерінің табиғатын, мәдени-эстетикалық құндылығын зерттеген ғалымдар: К.Ақышев, Х. Арғынбаев, Т.Басенов, Ө. Жәнібеков, С.Қасиманов, Э. Масанов. Ә.Марғұлан т.б. еңбектерінде, бұл өнер түрінің философиялық, тарихи, этнографиялық. мәдениеттанымдық аспектілері, оның мәдени құндылық ретіндегі және тәрбие саласындағы маңызы ашып көрсетілген.
Қазақ арасында үйші, оюшы, ағаш ұстасы, зергерлер еңбегі өте зор бағаланатын болған. Зергерлердің, түрлі асыл металдардан (алтын, күміс, жез, мыс т.б.), құнды тастардан әйелдер тағатын сәндік әшекейлер: білезік, сақина, қапсырма, шашбау, алқа, өңіржиек, сәукеле, қамар белдік, ат әбзелдеріне қажетті сәндік бұйымдарының жасалу техникасы, шеберлердің талғампаздығы кезінде, қазақ жерінде болған шетелдік саяхатшылар мен ғалым-этнографтарды таңдандырғанын білеміз. Әйелдер тағатын алмалы-салмалы сәндік әшекейлер, қазақтың ұлттық киімдерімен мәндік, сәндік үйлесім таба, сол заманға сай сұлулық ансамблін жасайды.
Қазақтың тұрмыстық және кәсіби сәндік қолөнерінің туындылары қазақ киіз үйінің жиһаздарын, тұрмыста қолданылатын сан-алуан бұйымдар мен сәндік әшекейлерін құрайды. Қазақ киіз үйінің ішкі үйлесімі, түгелдей халық шығармашылығының туындыларын паш ететін мұражайы деуге болады. Олар: өрнектеліп тоқылған алаша кілем, оюлы текемет, пен сырмақтар, аяққаптар мен кесеқаптар, сүйекпен, металмен әшекейленген және өзара өте жарасымдылықпен орналастырылған ағаш төсек, сандық, әбдре. Асадал, адалбақан, іргеге ілінген , сан-алуан түстегі жіптермен кестеленген түскиіз т.б. қазақ әйелдерінің немесе шеберлер қолынан шыққан сәнді де мәнді бұйымдар. Қазақ отбасының ұрпақтары осы өнер туындыларының жасалуын
көзімен көріп, жасауға араласа жүріп, сол сұлулық пен әсемдіктің, ою-өрнектер әлемінің ортасында өмір кешкен. Сол материалдық, рухани байлықтың ықпалымен, өнер түрлерімен танысқан, араласқан жас ұрпақ бойында әсемдікке қызығушылық сезімі, көркемдік талғамы оянып, өзінің де сондай әсемдік жасауға деген ынтасы, белсенділігі қалыптасады, есейе келе өзі жасаған заттарының өмірден орын алғанын көрген жас, шығармашылық іс-әрекетінің жемісінен ләззат алады.
Қазақтың дәстүрлі сәндік-қолөнерінің — философиялық, тарихи, этнографиялық, мәдениеттанымдық аспектілері, оның рухани–эстетикалық құндылық ретінде тәлім-тәрбиелік мәні мен маңызы, педагогикалық зерттеулердің нысанасынан түскен емес. Қазақ халқының дәстүрлі сәндік-қолөнерінің табиғатын, жас ұрпақтың рухани мәдениет тәрбиесіндегі құндылығы — Ж.Балкенов, М.Балтабаев, Б.Байжігітов, Қ.Ералин, С.Ұзақбаева, Қ.Болатбаев, Ә.Қамақ, т. б. еңбектерінде жоғары бағалаған.
Қорыта айтқанда, ата-бабаларымыз, ауыз әдебиетінің сан-алуан жанрларымен, күмбірлеген күйімен, асқақтата салған сазды әнімен, айшықты да әсем сәндік-қолөнерімен, өзінің рухани жандүниесінің байлығын, асқақ арманын келер ұрпағының зердесіне жеткізіп, санасына ұялатып отырғанын көреміз.
Педагогикалық оқу орындарындағы «Кәсіптік оқыту» мамандығы білімгерлері – мектептік «Технология» пәнінің болашақ тәрбиеші-ұстаздары ұлттық сәндік-қолөнер құндылықтарын игерте отырып, оның бай қазыналары арқылы эстетикалық талғам өрісін, рухани мәдениеттілігін тәрбиелеу – болашақ ұстаз-тәрбиеші ретінде, ел болашағы жас ұрпақтың ата-бабалар жасаған мәдениетіне, ұлттық болмыстың барлық салаларын танып білуге, игеруге деген ықыластығын қалыптастыруды сапалы жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Ата-бабаларымыздың өмірлік тәжірбиелерін зерттеп, ата кәсіптің қыр-сырын тереңірек игеріп, меңгере алса оқушылардың, білімгерлердің ұлтқа деген сүйіспеншілігі артып, білімге құштарланады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Қалиев С.Қ. Қазақтың халықтық тәлім-тәрбиесінің ғылыми педагогикалық негіздері: пед. ғыл. док.дисс.автор реф. — Алматы, 1996. 47б.
- Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді ұлттық тәрбиеге дайындау, Монография. Алматы, 1998. — 200 б.
- Қамақ А.О. Г.Нұржанова. Ұлттық мектеп оқушыларын имандылық-эстетикалық бағытта тәрбиелеу. Оқу-әдістемелік құрал. – Алматы: Санат, 2002
- Абенбаев С. Ш. Студенттердің эстетикалық мәдениетін қазақ халқының мәдени мұрасы арқылы қалыптастырудың ғылыми-педагогикалық негіздері. п.ғ.д. диссертациясы. — Түркістан, 2010
5.Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие. -Алматы, 1993.
- Адамқұлов Н.М. Адамкулов Е.М. Қырғызбаева К.А. Ағыбаева Р.П. «Технология пәнін оқыту әдістемесі» Алматы 2011.
- Рахметова Н.Б. «Кәсіби еңбекті оқыту әдістемесі» Алматы 2004.