Алматы қаласы Білім басқармасының Алатау аудандық Білім бөліміне қарасты №156 жалпы білім беретін мектепте ізгі жандармен игі істер үнемі ұйымдастырылып, жалғасын тауып жатады.
Сондай игі істердің бірі — «Жаңартылған білім беру – жаңашылдыққа бастау» тақырыбында бастауыш сыныптардың ана тілі, қазақ тілі оқулық авторлары Уайсова Гүлнар Инаматқызы және Сәдуақас Гүлбану Теміриязқызымен ұйымдастырылған кездесу.
Білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында оқулық авторларымен кездесу мақсаты — кең ауқымды дағдылардың негіздерін меңгерген оқушы тұлғасының үйлесімді қалыптасып дамуына қолайлы білім ортасын құру, жас ұрпақты ана тілінің қадір-қасиетін түсіне білуге шақыру. Халқына деген, тіліне деген махаббатын арттыру мақсатында жүзеге асқан шара бастауыш сынып мұғалімдері Г.М.Искакова, Н.М.Мұсатаевалардың ұйымдастыруымен өтті.
Кездесуге келген қонақтарды бастауыш сынып оқушылары ұлттық киімдерімен гүл шоқтарын ұсынып, авторларды қарсы алды.
Кездесудің ашылуында мектебіміздің музыка мұғалімі Гүлсім Есмаханқызының басшылығымен аудандық, қалалық, республикалық деңгейлерде өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүрген «Нұр-домбыра» оркестрінің орындауында «Ер-Тұран» күйі тыңдалды.
Түрлі деңгейлерде өнер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болып жүрген «Ақ-Нұр» би тобының бишілері «Қара жорға» биін орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Жүргізушілер оқулықтар авторларының өмірбаяндарына жеке-жеке тоқталып, білім алған мекемелері мен еңбек жолдарын жалғастырған білім ордалары туралы да айтып өтті.
Түрлі деңгейдегі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарға ие болып, мектебіміздің мерейін үстем етіп жүрген музыкалық жетекші Болат Аяпбергенов ағайдың кішкентай әншілерінің бірі 2-сынып оқушысы Бейсибай Кәусардың орындауында «Ұстаз — ана», және Жарас Еңілік, Оразбек Айымның орындауындағы әсем әндері, дарынды, талантты шәкіртіміз Нұрахмет Мұстафаның да көркем сөздің шебері ретінде мәнерлеп оқыған өлең жолдары сүйсіне тыңдалды.
Ашық микрафон айдарында екінші сынып оқушылары авторларға сұрақтар қойды.
2 «Б» сынып оқушысы Пулат Айзере: «Ғылым жолындағы сіздерге жол көрсеткен ұстаздарыңызды кім деп білесіздер?» — деп сұрағын қойса, Жамбылбек Сұлтан Гүлнар Инаматқызынан оқулық жазуға ненің түрткі болғанын айтуын сұрады. Нұрбек Нұрали Гүлбану Теміриязқызынан ғылым жолына келудегі себебін білгісі келетінін жасырмады. Ерсерік Айша оқулық жазғанда кездескен қиыншылықтар туралы айтуларын өтінді. Бейсибай Кәусарға оқулықтағы тапсырмаларды өз ойынан әлде өмірден мысал ретінде алғандығы қызық болды. Ертай Кәусар атты оқушы бала кездерінде қандай әдеби кітаптарды қызыға оқитын сұрады.
Сауалдар соңында Арман деген оқушы өзінің тілегін білдіргісі келетініне тоқталып, сұқбаттасқандарына өзіндік ризашылығын білдірді.
Тағылымға толы оқулық авторлары кездесу ұйымдастырған мектеп басшысы М.Б.Темірғалиеваға және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Төлегенова Диана Саятқызы мен бастауыш сынып мұғалімдеріне, өскелең ұрпаққа өз баталарын беріп, ақ тілектерін жаудырды.
№156 жалпы білім беретін мектептің бастауыш
сынып мұғалімі Искакова Галия Маратовна.