Алматы қаласы Білім басқармасының
№182 бөбекжай-балабақшасында
“Мақал-ойдың азығы,
Жұмбақ-ойдың қазығы” деген тақырыбында мәдени іс-шара өтті.
Балабақшаға тоқталып өтетін болсақ, Оразова Галина Хитмановна басқаратын бөбекжайда 4 орыс тобы және 2 қазақ тобы бар. Балабақша соңғы айларда бірнеше жас кадрлармен толыққан, тәрбиешілердің барлығы өз ісінің мамандары екені көрініп-ақ тұр.
Мәдени іс-шараның ерекшелігі сол
балалар мен ата-аналардың бірге қатысуында болды.
Шара барысында балақайлар мен ата-аналары мақал-мәтелдер айтып, жұмбақтар шешті.
Ата-аналарымыз ұмыт болып бара жатқан “Түйемұрындық, жарысқазан, бастаңқы, ашамайға мінгізу, тоқымқағар” дәстүрлері туралы да сөз қозғады.
“Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!” — деп Қадыр Мырза Әлі атамыз жырлағандай. Баланың бойына ұлттық рухты қалыптастыру мақсатында әкелердің бірі домбырамен ән шырқады.
“Басты мақсатымыз — атадан қалған асыл мұрамызды орынды пайдалана білуге, ұшқыр да ойлы сөйлеуге, ұлтжандылыққа, шығармашылыққа тәрбиеленушілерімізді үйрету” — деді
іс-шара ұйымдастырушылары Толғанай Мәріпжанқызы мен Айнұр Нұрмұқанқызы.
Мәдени іс-шараға қатысқан ата-аналар мен балақайларға меңгерушінің арнайы мақтау қағазы мен сыйлықтары табысталды. Музыкамен әрлеген Айдана Бекенқызына меңгеруші мен тәрбиешілер өз алғысын білдірді.
Балабақша тәрбиеленушісі Шайымқұл Рамазанның әкесі: “№182 балабақша ұжымына үлкен рахмет айтамыз. Әрдайым ата-аналар мен Галина апайымыз бастаған ұжым сабақтастықта болайық. Бүгінгі іс-шара бастама болып отыр, ары қарай да жалғасын таба берсе екен. Біз қуаныштымыз.
Салт-дәстүріміз әрдайым бәрінен жоғары болсын” — деп барша ата-аналардың алғысын жеткізді.
Бала, ата-ана, тәрбиеші — осы
“үштік одақ” мықты болған жерде ұрпақтың да алғыр болары анық.
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы