Home » Мақалалар » Сандар әлемінің сұлтаны

Сандар әлемінің сұлтаны

 

 

 

 

 

 

 

 

Ахметбекова Анар Сакеновна
Алматы қаласы
№172 мектеп- гимназия директорының

оқу ісі жөніндегі орынбасары

№172 мектеп-гимназиясы шәкірт тәрбиелеу мен білім нәрімен сусындату жолында ешқашан аянбай, кез-келген мәселенің оңтайлы шешімін тауып отыратындығы белгілі. Осы орайда мектеп өміріне, оның ішінде бар болмысын шәкіртінің білім кемесімен еш кедергіге ұшырамай, еркін жүзуіне сабақтастық танытып келе жатқан мамандарымыз жетерлік. Соның бірі әрі бірегейі физика пәнінің мұғалімі, гимназиядағы жас та болса өз ісінің нағыз шебері атанып жүрген  – Сейткерім Нұрсұлтан Нұрдаулетұлы.

«Менің масатым – оқушыларды  бәсекеге қабілетті, ХХІ ғасыр дағдысын меңгерген, елге аянбай қызмет ететін, шығармашыл, функционалды сауатты, өз ісінің шебері болатын ұлы тұлға ретінде қалыптастыру. Oсы мақсатқа жету үшін, ең алдымен, оқушылармен ұлы тұлғалармен қарым-қатынас жасағандай мәміле жасау үстіндемін»,  – дейді Нұрсұлтан.

Нұрсұлтандай азаматтың білім жолына келуі мен жеткен жетістіктеріне тоқталуды жөн санадым. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін еді ғой халық даналығында.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін ойдағыдай тәмамдаған соң, бар білгені мен жиғанын өскелең ұрпаққа, жас буынға үйрете алсам деген арман мен мақсатқа толы сезімі Нұрсұлтанды мектеп қабырғасына алып келді. Физика сынды қиыны мен қызығы, формуласы мен есебі қатар келетін ғылым саласына оқушыны қызықтыра білу, қызықтырып қана қоймай, оны түсінікті түрде санасына сіңіре білу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық еді. Үйрене  жүріп, үйретуді мақсатты түрде қолға алып,  өз саласы бойынша түрлі курстар мен жобалардан да тыс қалмады. Жігітке тән сабырлылығы мен салмақтылығын қоса отырып, алған марапаттары мен мақтауларына көз сүрінуге болатындығын да байқадым. Соның ішінде,

  1. 2020 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, Қазақстан Республикасының Қашықтықтан білім беру жүйесін дамытуда «Еліміздің үздік педагогі» байқауының 2-тоқсанға арналған бейнесабақтарды әзірлеуге және түсіруге белсене қатысып, жоғарғы көрсеткіштерге жеткені үшін «Құрмет грамотасы»;
  2. 2020 жылы «Цифрлы ғасыр педагогі» байқауына белсенді қатысқаны үшін Алматы қаласы, Медеу ауданы «Ұстаз» кәсіподағының  «Алғыс хаты»;
  3. 2021 жылы «Елбасы Медалі» жобасының Қола медаль иегері;
  4. 2022 жылы «Білім әлемі» Республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық мерзімді басылымында жаңартылған білім мазмұны бойынша мақаласы жарияланды;
  5. 2022 жылы «Сенімен болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты республикалық форумына белсене қатысқанын растайтын куәлік.

 

  1. 2022 жылы Қазақстандық интеллектуалды олимпиадалар сайтының ұйымдастыруымен, педагогтердің білімін тексерумен біліктілігін арттыру мақсатында өткен Физика пәнінен халықаралық интеллектуалды олимпиадада жүлделі орын алғаны үшін III дәрежелі дипломмен марапатталды;
  2. «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық педагогикалық олимпиадасының аудандық кезеңінің жүлдегері, II дәрежелі дипломды айтар едім.

Саф  алтынның су түбінде жатпайтыны тәрізді, білімі мен білігі жарасқан шын маманның алар асулары көп екендігіне тағы да көзім жетті. Сонымен қатар физика ғылымының сиқырына еліте білген әр оқушының жүрек түбіндегі кілтін тауып, тылсымға толы салаға қызығушылықтарын оятып, олардың да аудан, қала көлемінде мыңнан оза шауып, жүлдегер атануларына жағдай жасады. 2021 жылы жалпы білім беретін мектептерге арналған «Ақбота» зияткерлік олимпиадасының жеңімпазы Миятқызы Мереке I дәрежелі дипломмен марапатталса, жалпы білім беретін мектептерге арналған «Ақбота» зияткерлік олимпиадасының жеңімпазы Дүйсен Томирис I дәрежелі дипломды қанжығасына байлаған еді. Оқушысы Қайратұлы Мұстафа Алматы қаласы білім басқармасы «Алматы Дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының дипломымен марапатталып, мерейімізді үстем етті.

Баланың білім алуға деген құштарлығын өшіріп алмау үшін Сингапурдағы «Teach Less, Learn Morе» («Аз оқытып, көп білу») оқу материалын аз қамтып, алайда оны тереңірек қарастыру керек екендігін тілге тиек еткен Нұрсұлтанның жоспарларын оқи отырып, таңғалмасқа амалым қалмады. Қазіргі заман талабына сай жаңа технология мен техниканы да сауатты меңгеріп, білім беру жолында қолдана білген ерекше дүниетанымына іштей қол соққандай болдым. Әр шәкіртіне асқан ұқыптылық танытып, мейірім шуағын шаша отырып сандар сырын түсіндіріп жүрген Нұрсұлтанға, қанатың талмай шарықтай бер сандар әлемінің Сұлтаны дегім келеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.