Әбдіманап Дана Қанатқызы
Абай атындағы Қаз ҰПУ-дың ІІІ курс студенті
Ұстаз атаулы — шәкірт шырағын жағатын, өмірлік ұстанымын жақсы жаққа өзгерте алатын құдіретті тұлға. Өмірде ұстаздан жолы болу — теңдессіз бақыт. Мен өзімді сол теңдессіз бақытқа кенелген жанмын деп есептеймін. «Ұстазың кім?» десе, жүзім бал-бұл жанып, жүрегіме білім мен тәрбиенің нәрін еккен ұстаздарым жайлы тебірене толғаймын.
Мені қиындығы мен қуанышы, ақ пен қарасы жарысқан өмірге дайындаған үш білім ошағы бар: бірі — Мұхтар Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін мектеп, екіншісі – Мұқағали Мақатаев атындағы №140 гимназия, үшіншісі — Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университет. Күллі қазақтың мақтаны, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің есімін алған, үш алыптың атындағы білім ошақтарында білім алудың өзі — мен үшін үлкен мәртебе. Мерейлі білім мекемелерінің түлегі ретінде жауапкершілік жүгін де сезінемін. Бұл жауапкершілік «шәкірт деген атқа кір келтірмеу», «түлек деген атқа лайық болу» деген ұлы мақсатпен астасып жатыр.
Қос бұрымын өріп, ақ бантик таққан оқушы көрсем, есіме бірден бал балағымның куәсі, бастауышта білім алған, алтын ұям — Мұхтар Әуезов атындағы №128 мектеп түседі. Алғаш әріп танытып, оқушылық өмірдің қыр-сырына баулығын қасиетті мекеннің әрбір оқу бөлмесі мен бұрышы, қоңырау сайын оқушыға толған асханасы, көркем әдебиетке толы кітапханасы, талай шара өткізген мәжіліс залы — бәрі-бәрі есімде. Есімде қалған тамаша сәттердің бірі — қазақ әдебиетінің классигі М.Әуезовтің туған күні қарсаңындағы дайындығымыз. Жазушының шығармаларын жарыса оқып, сол бойынша қойылым қойып, үзінділерін нақышына келтіре жатқа оқитынбыз.
Білім жолындағы қызу тіршілігінен танбай, уақытпен санаспай, үнемі еңбектеніп, ізденіс үстінде жүретін бұл мектептің ұстаздары мен үшін ыстық, ардақты, аяулы, құрметті. Менің ең алғашқы ұстазым – менің өмірлік ұстазыма айналды десем қателеспеймін. Алғаш Әліппе аштырып, білім әлемімен таныстырған ұстазым — Сәтпаева Нұрзат Кәкітайқызы да қазіргі мен білім алып жатқан ЖОО — Абай атындағы Қаз ҰПУ-ды 1990 жылы үздік дипломға бітірген, 30 жылдан астам еңбек өтілі бар, кәсіби шебер ұстаз. Ұстазымға қарап шабыттанатынмын, ұстазымыз мәнерлеп өлең оқығанда құлақ құршы қанатын. Ақындық қыры мен ораторлық шеберлігі мықты, төгілте сөйлегенде әр ақылы мен кеңесі жүрегімізге жететін.
Менің өмірімде Мұхтар Әуезов атындағы №128 мектептің кәсіби шебер ұстазы, үздік педагог Бертілеуова Клара Әлібекқызының да орны ерекше. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген Клара Әлібекқызы — бала күннен «ұстаз болсам деген» арманыма қанат бітірген жан. Өлең өнеріне деген құштарлығымды арттырған да, өмірдегі ұстанымды өзгерткен де, мектеп пен оқушылық өмірдің сәнін кіргізген де — осы ұстаздарым. Әрдайым мақтанышпен еске алып қана қоймай, ұстаздарыма деген құрметті болашақта «ұстаздардың ұстазы атану» арқылы білдіргім келеді.
Мен 2021 жылы түлеп ұшқан М.Мақатаев атындағы №140 гимназия – қаладағы ең үздік білім беру ұйымдарының бірі, ұлттық құндылықтың ордасы. Өмірімді тамаша естеліктерге толтырған оқушылық өмірім өткен қасиетті орда — арманшыл Дананың жасөспірім шағы мен бой жете бастаған шағының куәгері. Мен өткенімді М.Мақатаев атындағы №140 гимназиямен байланыстырмай елестете алмаймын, неге десеңіз, тап осы білім ордасының ұстаздары шығармашылығымды шыңдап, мені болашаққа дайындап, талантыма дем беріп, балалығым мен шалалығымды түзетіп, бағыт-бағдар беріп, түрлі ғылым әлеміне жетелеп, сахна өнеріне баулып, жаңа өмір жолына жолдама берді. Менің тұлға болып қалыптасуыма ықпал еткен аталмыш орданың барша ұстаздарына айтар алғысым шексіз. Осы орайда, ұстазым Сәния Өскенбайқызының еңбегін ерекше ықыласпен айта аламын. Әрбір оқушысының жұлдыздай жарқырауына мүмкіндік жасайтын Сәния Өскенбайқызы сапалы білім мен саналы тәрбие беріп қана қойған жоқ, адам атқа лайық өмір сүруді үйретті. Гимназиядан ұшқан түлектердің барлығы дерлік, ұстаздардың ұстазы Сәния Өскенбайқызын «ұстазым» деп, шәкірттік махаббатпен, ерекше құрметпен, мақтана айтады. Шәкірттердің ғана емес, ұстаздардың да бағын жандырған, кәсіби шебер ұстаз Сәния Өскенбайқызы да – тап қазір мен оқып жатқан Абай атындағы ҚазҰПУ-ды 1982 жылы үздік дипломмен тәмамдаған. Бұл мені тіпті қанаттандырады. Бәлкім, өзге үшін жай ғана сәйкестік болып көрінетін шығар, мен үшін Абай атындағы Қаз ҰПУ – бала күнгі арманның іске асқан, асқақ бейнесі. Бұл – ұстаздардың шәкірт үшін мәңгі үлгі–өнеге екенінің, тіпті оқушының өмірлік ұстанымын өзгеруге де қауқары жететінінің дәлелі.
Студенттік шақ мені кіл ғалым, әдіскер-ұстаздармен қауыштырды. Ұлы ойшыл, ғұлама Абай атындағы 90 жылдан аса тарихы бар ҚазҰПУ-дың студенті атану менің ғана емес, әр студенттің бақыты деп білемін. Тап осы ЖОО-да біз жаңашыл ұстаз болуға дайындалудамыз. Сөзсіз ол дайындық балалардың дүниеге келген күнінен бастап өсуі мен дамуындағы ерекшеліктерді зерттеуден басталады. Жас ерекшеліктеріне қарай мінез-құлықтарын, дағдыларын жіті зерттеп, соған қарай жұмысымызды жоспарлауға машықтанудамыз. Мен тап қазірден бастап мұғалімге жүктелетін жауапкершіліктің оңай емес екенін түсіндім. Университет қабырғасында әр ғалымның өзіндік ерекшеліктері, өзіндік әдістері, өзіндік көзқарастары бар екенін байқадым, әр ұстаз — түртіп кетсе, төгілте сөйлейтін, сөзге шешен, іскер, шексіз шығармашылық иесі, бір сөзбен айтқанда, ілімге толы ғылым әлемінің темірқазығы. Осындай ғалымдардан білім алып жатқан болашақ педагог, біздердің осал болуға құқымыз жоқ деп аянбай еңбектенуде тырысамын.
Ұстаздар мерекесі қарсаңында барша ұстаздарды төл мерекесімен құттықтай отырып, ұлық жолда шығармашылық өрлеу мен өркендеу, толағай табыстар мен дарынды шәкірттер тілеймін. Ел игілігі жолындағы әр қадамдарыңыз сәтті болып, жеңістерге жол бастай беріңіздер!
Балапан қанат қақты деген осы! Тек биікте самғай бер!