Home » Ашық сабақтар » Сиқырлы С дыбысы

Сиқырлы С дыбысы

Есілбай Баян Сайлауқызы
Ақмола облысы Целиноград ауданы
Ы. Алтынсарин  ауылының
 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ
л
огопед 

Мақсаты: Дыбыстың айтылу артикуляциясымен таныстыру. Дыбыспен сөздер айту. Фонематикалық есту қабілетін дамыту. Жұмбақтар шешу. Ұсақ моториканы дамыту. Тілдің қимылын жетілдіру, тыныс алуын ретке келтіру. Тақпақтарын есіне түсіру. Ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамыту.

Сабақтың түрі: ойын түрінде.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, түсіндіру, танымдық ойлау, топтау, талдау.
Сабақтың көрнекіліктері: «С» дыбыспен байланысты суреттер, сағат, көбелектер, үй.
Ұйымдастыру кезеңі:

  1. Артикуляциялық жаттығу «Көңілді тіл ертегісі».
  • Балалар, бүгін бізге көңілді тіл қонаққа келіпті. Көңілді тіл өзінің үйшігінде тұрып жатады. Ол қандай үй? Дұрыс, ол – ауыз. Ол үйдің есігі ашылып-жабылып тұрады. Тіл үйінде отыра алмайды. Далаға шығады. (тілін шығару) Далаға шықса балалар футбол ойнап жүр. Ол да бірге футбол ойнады. Балалармен  тоғайға барып саңырауқұлақ терді. Саңырауқұлақтан тәтті сорпа жасады. Ол өте дәмді екен. Соңынан аула тазалады. Сағатқа қарады. Ұйықтайтын кез болды. Біз көңілді тілді еркелетіп ұйықтатайық.
  1. Тыныс алу жаттығу «қар жауды»
  • Педагог: Балалар, айтыңдаршы қазір қай жыл мезгілі?
  • Балалар: Қыс
  • Педагог: Дұрыс айтасыңдар — қыс мезгілі. Балалар қыста қандай құбылыстар болады? далада не жауады?
  • Балалар: Күн суық.Далада қар жауады,боран болады.
  • Педагог: Ондай болатын болса біз қазір боран болғанда қардың қалай ұшатынын бақылап көрейкші. Ол үшін мұрынмен демімізді алып, ауыз қуысына ауаны шығарып түтікшені үрлеп қарларды  ұшыруымыз керек.(дөңгелек ыдыстағы ақ жеңіл дөңгелектерді үрлеу)
  1. Ұсақ моторикаға арналған жаттығу:
    Қызыл, сары, көк моншақ
    Мен жасаймын көп моншақ.
    Күнде күн ашылады
    Түнде күн жабылады.

Негізгі бөлім:
1-тапсырма. «С» дыбысымен сөздерді дұрыс айту «Сиқырлы  гүл»
Педагог:  Балалар айта қойыңдаршы қыс мезгілінен кейін бізде қай жыл мезгілі келеді?
Балалар: көктем
Педагог:дұрыс көктем мезгілі болады.Көктемде қандай табиғатта қандай құбылыстар болады?
Балалар: көктемде құстар ұшып келеді,күн жылынады,қар ериді,гүлдер өседі.
Педагог: көктем мезгілінде біздің мектепте сиқырлы гүл өсіпті. Оның әр бір жапырағында «С» дыбысымен байланысты суреттер бар. Сөздерді  дұрыс айту үшін  «С» дыбысын есімізге түсіріп айтайық. Дұрыс айту үшін аузымыз сәл ашық, ерніміз күлімсірейді, тіліміз астыңғы тісімізге тірелген, мұрнымызбен демімізді алып «С» дыбысын ауыз қуысынан шығарып айтайық.

Гүлдің әрбір жапырағын ашып, «С» дыбысымен байланысты сөздерді дұрыс, анық айту:
Сағат, саңырауқұлақ, мысық, т.с.с.
Сауысқан сөмке сиыр
Сақина сәбіз сарымсақ
«С» дыбысына арналған жұмабақтар шешу.
Педагог: Балалар, ал мына жапырақтарды ашу үшін жұмбақтар шешуіміз керек.
Судан ол қорқады,
Азайып қалам деп
Көпіріп ашуланады. (сабын)
Шайнап-шайнап күнімен
Тауыса алмадым мұны мен (сағыз)
Сыртылдайды күнімен,
Сыртылдайды түнімен.
Білгің келсе уақытты
Көрсетеді тілімен. (сағат)
. Ойын – «Сиқырлы сағат»
Шарты: Сағаттың тілі екі суретті көрсетіп тұрады. Сағаттың тіліндегі суретте қайсында «С»  дыбысы бар соны балалар атау керек.
– Енді біз сиқырлы сағатпен ойын ойнайық. Сағаттың тілімен қай сөзде «С» дыбысы бар екенін табуымыз керек.
Сиыр –  бұзау
Сәбіз – қияр
Сабын – көйлек
мысық – тышқан
Сақина – моншақ
Саусаққа арналған жаттығу:
Есікте үлкен құлып тұр
Оны кім ашады екен.
Тарттық,
Тоқылдаттық,
Жұлқыладық.
Есікті аштық!

«Сауысқан» өлең жолдарын балалармен бірге айту
– Балалар, қараңдаршы бізге қандай құс ұшып келді?
– Дұрыс айтасыңдар Сауысқан деген сөзде де «С» дыбысы бар. «Сауысқан» туралы тақпағымызды есімізге түсірейік
Ала қанат сауысқан,
Құртты көрсе жабысқан,
Бір томардан – томарға
Секең-секең ауысқан.
 Ойын «Сиқырлы үй»

Шарты: Балалар жасырын суреттерді ашып, сөздерді дұрыс айту керек. Кейін логопед жасырған суретті балалар табу керек.
– Балалар, бұл сиқырлы үйде  «С» дыбысы бар жануарлар тұрады. Қане бірге  айтайықшы: жолбарыс, сиыр, барс, қасқыр. Бұл сиқырлы үй болғандықтан бір жануар жоқ болып кетті. Қане ойланып,  қай жануар жетіспейді екенін ойланып табайық.

 Қорытындылау
– Бүгін  біз қандай дыбыспен таныстық?
– «С»  дыбысымен байланысты қандай сөздер білесіңдер.
– Жұлдызшалар арқылы балаларды мадақтау

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.