Алдиярова Тойдык Кенжегуловна
Жамбыл облысы
Т. Рысқұлов ауданы
Құлан мектеп гимназиясы
бастауыш сынып мұғалімі
Ұстаз жолы – ұлылықтың бастауы
«Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес,
ол – жаңадан жаңаны табатын өнер»
Ж.Аймауытов
Ұстаз! Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Алғаш «Әліппенің» бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Нағыз мұғалім, міне –осы, өйткені әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісіне тиері анық. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті ұстаз қолында деп білемін, себебі ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу – ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы – ұстаз.
Мен ұстазбын. Мен үшін не қымбат, не маңызды?
Мен үшін ұстаздық қызмет – үлкен мәртебе. Мен мектепке келмес бұрын бұрын өз таңдауымды жасадым және қазір де сол таңдауды дұрыс жасадым деп ойлаймын.
Менің педагогикалық ұстанымдарымның бірі – «бір қадам алға және тағы да алға». Не нәрсе болмасын барлығы да салыстыру арқылы көрінетіні баршамызға белгілі. Менің мектеп өміріндегі іс-тәжірибем осыған көзімді жеткізді. Бес жылдан бері оқушыларға жаңашыл бағытпен жан-жақты білім беруде оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі технологиясын жүйелі түрде қолданып келемін. Бұл технологияны пайдалану барысында ерекше қабілетті оқушыны саралауыма мүмкіндік берді. Оқушы бойындағы пәнге деген қызығушылығын әрі қарай дамытып, өз бетінше жұмыс жасауы үшін бағыт –бағдар бердім. Оқушыларым «іздедім — таптым», «ойладым-білдім», «үйрендім-жасадым» қағидаларын басшылыққа ала отырып, даралық қабілетін көрсете білді.
Менің педагогикалық екінші ұстанымым – «Өзің жалында, өзгелерді лаулат». Өзімнің ізденімпаздығым мен шығармашылық қабілетімнің арқасында мектепшілік және аудандық семинарларда өз іс тәжірибелеріммен бөлістім.
Үшінші принципім – «Үшеу ұшқыр болса, үштік бекем болар».
Отбасы – баланың алғашқы ұстазы. Ата-ана – баланың көмекшісі, тәрбиешісі, ақылшысы. Сондықтан ата-ана – бала – мұғалім арасындағы байланыс берік болуы керек. Мен сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру барысында осы принципті басшылыққа ала отырып, сыныптар арасында сайыстар өткізу дәстүрлі жұмыстарымның негізгі басқышына айналғалы қашан.
Төртінші принципім – «баланы еш уақытта бір-бірімен салыстырма» Жеңімпаз да, жеңілген де ешқашан болмауы керек, өйткені әрбір оқушы – жеке тұлға. Оқушы тек өзін өзімен салыстыруы керек, яғни «кеше қандай едім, бүгін мен қандаймын»
Мен оқушының өзіндік ерекшілігін жоғары бағалаймын. Оқушыны бақылай отырып, оның ой-өрісінің кеңеюінің негізгі жолын қолдаймын.
Менің осы барлық педагогикалық ұстанымым, ұзақ толғаныс пен жан қиналысымның нәтижесі.
«Егер мұғалім өз жұмысын жақсы көрсе, онда ол – жақсы мұғалім. Егер мұғалім өз шәкіртіне туған анасы мен әкесіндей қараса, онда ол барлық кітаптарды оқыған, бірақ өз ісіне, оқушысына деген махаббаты жоқ мұғалімнен артығырақ болады. Егер мұғалім өз ісі мен оқушысына деген махаббатын ұштастыра білсе, онда ол – нағыз мұғалім» Л.Н.Толстойдың осы сөзі менің негізгі педагогикалық ұстанымым.
Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.