Home » Мақалалар » Мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамытуда ойынның маңызы

Мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамытуда ойынның маңызы

Суримбаева Гулзат Серікқызы
Алматы қаласы Жетісу ауданы
№162 бөбекжай — балабақшасы

Қазіргі заманның ерекшелігі қоршаған ортаның қарқынды өзгермелі болуында. Орын алып жатқан өзгерістер бұрын-соңды болғандарға мүлдем ұқсамайды, ол адамзаттың өмір сүру саласының барлық деңгейіне өз ықпалын тигізуде. Бұл өзгерістердің негізгі сипаты — үздіксіздік, үдемелілік, жылдамдық және жаһандық.  Аталған факторлардың барлығы қазіргі үздіксіз білім беру саласына, соның ішінде баланы мектепке дейінгі ұйымдарда оқыту мен тәрбиелеу мәселесіне үлкен талаптар жүктеп отырғаны белгілі.

Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси амалы атты Қазақстан халқына Жолдауында – «Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы ретіндегі мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн. Және бұл сатыны олардың шығармашылық және интеллектуалдық, қабілеттерін дамытуға арналған тиімді бағдарламалармен қамтамасыз ету қажет. Әрбір балалардың білім алуға, еңбекке және қоршаған ортаға бейімі, қарым-қатынасы нақ осы кезеңде қаланатынын естен шығармауымыз керектігі» − деп атап өткен болатын.

Бүгінгі қоғамның шығармашылықпен әрекет ете алатын құзыретті тұлғаға мұқтаж екенін күнделікті өмірдің өзі дәлелдеп отыр, сол себепті  мектепке дейінгі білім берудің басым бағыттардың бірі – жеке тұлғаға бағытталған тәрбие мен білім беру.   Баланың қайталанбас дара тұлға ретінде өзін-өзі тануын, өзін-өзі жетілдіруін қамтамасыз ететін педагогикалық іс-әрекеттің инновациялық мүмкіндіктерін пайдалану.

Мектепке дейінгі жас, баланың қарқынды даму кезеңі,  уақытында дұрыс сөйлеуді меңгеру, соның ішінде оны белсенді пайдалану баланың қалыпты психофизикалық дамуының, толыққанды тұлғаны қалыптастырудың, мектепке дайындаудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.

Осы орайда, баланың шығармашылық, зияткерлік, танымдық қабілетін дамыту тілден басталмақ. Себебі, тіл – адамдардың бір-бірімен пікір алысып, қарым-қатынас жасайтын негізгі құралы.

Тілді дамыту отбасында, бала-бақшада және мектепте әртүрлі пәндердің интерграциялық байланысы негізінде жүзеге асады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрдастарымен   белсенді түрде сөздік қатынас жасайды.

Баланың тілін дамытуда ойынның маңызы ерекше. Баланың қоршаған ортаны тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады.

Ойын — мектепке дейінгі жастағы  бала қызметінің жетекші түрі, тиімді әдісі және балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыратын оқыту мен тәрбиелеудің бір түрі болып табылады.

Ойын балалар үшін айналаны танып-білу тәсілі. Ойын кезінде бала өзін еркін ұстайды. Дидактикалық ойындар арқылы балалар қоршаған ортадағы заттармен танысып, қасиеті мен сапасын ажыратуға, әртүрлі құбылыстардың ерекшеліктерін білуге талпыныс жасайды, өзіне қажетті көптеген мәліметтер жинайды және олардың сөздік қорлары кеңейеді. Л.С.Выготскийдің айтуы бойынша,  «Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы».

Ойын кезінде баланың психологиялық ерекшелігі байқалады. Олар ойланады, белсенділігі артады, ерік қасиеті, қиял елестері дамиды, мұның бәрі – баланың шығармашылық қабілеті мен дарындылығын ұштайды. Мектеп жасына дейінгі балалар көргендерін, байқағандарын, айналасынан естігендерін ойын кезінде қолдануға тырысады. Ойын айналадағы болмысты бейнелейді. Ойын барысында балалар дүниені тани бастайды, өзінің күш жігерін жұмсап, сезімін білдіруге мүмкіндік алады, адамдармен араласуға үйренеді.

Мектеп жасына дейінгі баланы дамытатын, өсіретін, әрі тәрбиелейтін де негізгі іс – әрекет ойын. Ойын арқылы бала қоршаған ортамен, адаммен, олардың еңбегімен, қарым – қатынасымен танысады. Ойын арқылы олардың ой-өрісі дамиды. Ойын үстінде балалар әртүрлі рөлде жолдастарымен қарым – қатынас жасауға, ойын үстінде ойлана отырып жауап беруге, қиялдауға, елестетуге үйренеді. Сөздік ойындары балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін дамытады.

Мектеп жасына дейінгі бала заттармен және ойыншықтармен іс-әрекет жасау арқылы өзінің сөздік қорын дамытады. Мысалы: «Не өзгерді»  ойынында бала қандай заттың жоғалғанын, бөлмеде қандай өзгерістер болғанын, сондай-ақ  ол затты көрмесе де  негізгі белгілері бойынша сипаттайды.

«Неден және қалай жасалды»  атты дидактикалық ойындарда балалар ағаштан, мақтадан және басқа да материалдардан не істеуге болатынын нақтылайды. Бұл ойынның мәні суреттерді шебер таңдауға байланысты. Бұл ойын баланың логикалық ойлау қабілетін ғана дамытып қоймай, сонымен бірге  дидактикалық ойындары балалардың тілін дамытуға, сөздікті нақтылауға және бекітуге, дұрыс дыбыс айтуды қалыптастыруға бағытталған. Баланың тілін дамытуда сюжетті-рөлді ойынның алатын орны ерекше.  Балалар рөлдерді ойнау арқылы кейіпкерлердің бейнесіне еніп, сол іс-әрекеттерді қызығушылықпен орындауға тырысады. Мысалы, «Дүкен» ойынында сатушы және   сатып алушы рөлдерін бейнелеу негізінде баланың қарым-қатынас мәдениеті, коммуникативті дағдысы, ойлау қабілеті дамиды.

Оқыту және тәрбие процесінде  ойын әдісі арқылы баланың төмендегі  мүмкіндіктерін ескеру қажет:

  • баланың табиғи қызығушылығына мән беру;
  • өзінің қабілетін көрсету үшін балаға мүмкіндік беру;
  • жарыстарға баланы қатыстыру;
  • ойын арқылы жаңа білімді қабылдау, білімнің қол жетерлік болуы;
  • баланың еңбегін мадақтау.

Қорыта айтқанда,  балалардың жас ерекшелігіне, қызығушылықтарына байланысты ойындарды ойнау, драмалық қойылымдарды сомдау, кейіпкерлер рөліне ену балалардың тілін  дамыту  үшін өте қажет.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауы. — 2012, 12 желтоқсан.
  2. Мектепке дейінгі жастағы балалардың тілін дамыту http://bilimdiler.kz/balabaksha/11275-mektepke-deyingi-zhastagy-balalardyn-tilin-damytu.html
  3. Тунгатарова Н.А. Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиешінің сөйлеу мәдениетінің мәні // Молодой ученый. -2015. №6,  С. 56-59

4.  Выготский Л.С. Психология развития ребенка — М: Издательство. 2010, С.328

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.