Қыстың көзі қырау. Солтүстік аймақты айтпағанда, Оңтүстіктің өзінде аяқ астынан ауа райы бұзылып, бірде боран, бірде қатты ызғар соғуы әбден мүмкін. Оның үстіне дәл қазір «бөрінің сырғағы» жүріп жатқан кез. Осындай қатерлі де қас қағым сәтке қарамай ауыл-аймақты аралап, ел жұртпен кездесу науқаны басталды. Жол қадірін жүрген біледі. Шалғайдан өтіп, таулардан асып, оппыны басып, алдыңа келген жолаушы беру үшін де, алу үшін де келетіні белгілі. Осынау «Мә, саған, мә, маған» заманда жайдан-жай ешкім жүрмейтіні белгілі ғой. Беру мен алуды тек бүгінмен байланыстыруға болмайды. Өткені қазақта жақсы сөз бар «АМАНАТ». Оған қиянат жасауға болмайтынын кез келген «қазақ» кіндікті өте жақсы біледі. Сондықтан сөз беруші де, алушы да мұқият болғаны дұрыс. «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе аспа» деген де осы қазақ.
Жер-жерде, аудан, қала, облыс, республика деңгейлерінде депутаттық мандатқа сайлау науқаны басталды. Жеке өзіне сондай-ақ қандай да бір партия атынан кандидаттығын ұсынушы азаматтар мен азаматшалар ауыл-аймақты аралап халықпен кездесіп жүр. Оны өздеріңізде көріп, бақылап отырсыздар деп ойлаймын.
Бұл оқиғаны көтергенде не айтқым келді. Біреуді мақтау үшін біреуді даттау міндетті емес. Заң «Закон» сол бұрынғы болғанымен заман басқа. Сөздің емес расында да істің уақыты келді. Бір кезде «екі шоқып, бір қара» деген ақылды сөз айтылса, қазіргі күні екі рет тыңдап бір жауап беру керек болар.
«Халық» – Алланың көркем есімдерінің бірі.
Халықтың – қулық-зұлымдық атаулыдан ада, бала сияқты сенгіш әрі саясатпен онша шаруасы жоқ. Бергенді алып, жетектесең ереді. Сөзі өзіне жақсы түсінікті болғанымен өзгеге түсініксіз болуы мүмкін. Десе де, мұқият, зер салып тыңдаса өзге де түсінеді. Оған көп нәрсе керек емес, жататын жері, ішетін тамағы болса болды. Анда-санда еркелеуі де мүмкін. Шын жақсы көретін үкімет (ата-ана) оны көтереді және сүйіспеншілікпен қарайды.
Осы тұста «мінберге» шығуға ниетті кісілер абай болу керек. Сөз өзімдікі, қаласам айтамын, қаламасам қайтып аламын деген түсінік болмайды. «Есегі судан өткенше уәде беріп», судан өткен соң уәдені суға тастау үдерісі қазір жүрмейді. Сондықтан да, кез-келген мәселеге кәсіби тұрғыда қараған дұрыс.
Біріншіден, зерттеу, зерделеу заңдылығы басты назарда болу керек. Екіншіден, уәде орындау тұрғысында қолданылатын ресурстарын есептеген жақсы. Үшіншіден, уәде орындалу уақытын ескергені дұрыс. Төртіншіден, қаржы шығынының шешілуін де естен шығармау керек. Ең болмағанда осы айтылғандарды ескере отырып уәде берсе жарасымды, орынды болады деп ойлаймын. Осы ұстанымды ұстанған барша үміткерлерге сәттілік тілейтінім рас.
Мен өзіме келсем, ешқандай партияда емеспін немесе ешқандай депутатты сайламаймын деп шет қалуыма болмайтынын жақсы түсінемін. Өйткені, болашаққа әр қазақ өз үлесін қосу керек. Сондықтан да жүрегі үлкен, білім-білігі жетілген, ой санасы толысқан, сөзі адал, ісі тиянақты, мақсаты айқын, қадамы нық кандидатқа дауыс беретінім анық. Сондай-ақ өзіне сенімді үміткерлермен сұхбат жасап, ой-пікірін насихаттауға да дайын екенімді сеніммен айта аламын.
Жолда жүрген жолаушыларға үміттері ақталсын деген ниетпен жазбамды аяқтаймын.
БІЛІМ АЙНАСЫ
Астана қаласы
Қуантай Амантайұлы