Жолдибекова Айзере Тауировна
Астана қаласы
Астана қаласы әкімдігінің
№2 өнер мектебі МКҚК
Қобыз сыныбының мұғалімі
Талант — жаратқанның сыйы. Өнер — адамзаттың бойындағы рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Біздің халқымыз ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтының өнерін ұлықтаған Ұлы тұлғаларымен бай.
Мен бүгін «Наз» мемлекеттік би театрының «Нұрғиса» атты би спектаклін тамашалай отырып, халқымның өнер деген қасиетті ұғымында терең парасат жатқанын ой елегімнен өткізіп, үлкен тебіреністе, толағай шабытта отырмын. Жалпы би өнері – халқымыздың тұрмыстық болмысын, өнер сүйгіштігін жан-жақты аша түсетін ұлттық сахна өнерінің бірегейі. Кезінде қазақ би өнерінің негізін қалап кеткен Шара Жиенқұлованың ізін жалғастырушы, би өнерінің дамуына үлес қосып келе жатқан «Наз» би театрының қомақты, мәнді, мағыналы «Нұрғиса» атты би спектакльі – «100 жылда бір жасайтын Алып тұлға» атанған Нұрғиса Тілендиевке арналған бимен қойылған ескерткішті тамашалай отырып, би қимылдары арқылы таланттың бойындағы асыл қасиеттерді кезең-кезеңімен сомдалуын, әсерге толы қойылымдарын өнердің Ұлы қасиеті деп қалай айтпасқа.
Дарынның «Дүниеге келуі», «Азан шақырып есімінің берілуі», дәстүр бойынша бата алуы, «Балғын балалық шағы», жүрген ортасында тартымды қалпы, «Жастық шағы», ержетіп, «Үлкен тұлға» ретінде танылуын байқайсың.
Есейген Нұрғиса әншіліктің ақиығы, Кененнен бата алған, жыр алыбы Жамбылдың шапанына жармасқан балғын еді. Он төрт жасында қазақ музыка өнеріне үлкен шапағаты тиген Ахмет Жұбанов бала Нұрғисаның бойындағы бұла дарынды танып, тік көтеріп, қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашылар тобына апарып қосқанын, тума таланттың «Отырар сазы» оркестрінде дирижер бейнесін бейнелі түрде көру, есту қандай бақыт!
Нұрғиса Тілендиевтың «Ата толғауы», «Әлқисса», «Көш керуен», «Саржайлау», «Алатау», «Ақ құсым», «Өз елім» атты қолтаңбаларын бимен өрнектелуінде халқымның ұлылығы, жерімнің кең жазирадай кеңдігі, шаттығы бәрі-бәрі қимыл мен музыканың сәйкестігінде тамаша үндестік. Хас таланттың «Жастық шағынан» әуезді, жүрек тербер махаббатқа толы «Куә бол», «Қыз Жібек» фильміне жазған «Аққу» атты туындыларын сахналау — көз алдына аққудың әрбір қимыл артына бұйра толқын тастап жүзіп бара жатып, кілт тоқтап бұрылып, төсімен айдынды өбіп, ауаны қақ жара көкке көтерілуі – ғажайып құбылыс, әдемі, тартымды көрініс, келісті қимыл.
Ән болып туып, ән болып өткен, музыка өнеріндегі үлкен құбылыс, күй құдірет– жылдар өткен сайын аты аңызға айнала береді. Құдіреттен, әннен, музыкадан жаралған қайран талант иесі.
Аталған қойылымды көре отырып, өнер саласында, соның ішінде қазақтың төл аспабы киелі де, қасиетті қобызды жаныма жалау, серігім еткен өнер маған ананың сүті, атаның қанымен берілгендігі кездойсықтық емес-ау деген болар едім…
Әлі есімде алты жасымда Қарағанды қаласында Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының ашылу салтанатына өнер саңлағы Асанәлі Әшімов атамыз келген болатын. Мен кішкентай болсам да қасына барып, мен сіз сияқты актер боламын дедім. Сол уақытта алдына алып, бетімнен сүйіп, «Бердім батамды, боласың» дегені есімде.
Міне, халқымның өнері, ұлы да, қасиетті сахна, талант иесінің өмірін бимен өрнектеген би өнерінің киелі екендігіне тағы да, тағы да көз жеткіздім және осындай құнды дүниені көріп, ойымды тебірене қағаз бетіне түсіруіме себеп болған өнердегі хас шеберлерге бас иемін.