Жәлімбетова Қарлығаш Жайлауқызы
Қызылорда облысының
Мәдениет және спорт басқармасының
Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлы атындағы
олимпиадалық резервтің облыстық
мамандандырылған мектеп интернат
колледжінің тәрбиешісі
Бүгінде білім және тәрбие қоғамның әлеуметтік-экономикалық, интеллектуалдық және рухани дамуының стратегиялық бағдары ғана емес, сонымен қатар қоғамымыздың даму көрсеткіші. Сол себепті адамзаттық капиталға, оның ішінде білім беру жүйесіне салынған инвестициялар экономика мен қоғам үшін маңызды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жолдауында «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек….» — деген болатын. Бұл мемлекеттің стратегиялық мақсаты болып табылады. Сондықтан да жеке тұлғаға білім ғана емес, тәрбие де маңызды. Тұлғаның қоршаған әлеммен табиғи үндесуі генетикалық процесс болса, ал оның ішкі дүниесінің құндылығы тәрбиемен тығыз байланысты.
Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымдары білім беру және тәрбие жүйесінен күн сайынғы экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге мейлінше бейімделуді талап етеді. Әлем қазіргі күні «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында. Бұл ауқымды мәселе туралы еліміздің көптеген нормативті құжаттарында айтылды. «Біз білім беруді және тәрбиелеуді одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс». Сондықтан өз шәкірттеріне сапалы нәтижелі білім беруді және тәрбиелеуді мақсат еткен әр ұстаз өз тәжірибесін жаңашылдық арнасына бағыттап, әр әдісін тиімді қолдануы шарт.
Енді біз тәрбие жұмысын ұйымдастырудың заманауи мүмкіндіктеріне тоқталып көрелік.
Сапалы терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы бар, себебі олар өмір жағдайлары барысында жаңа технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдаланады. Сол мүмкіндіктерді нәтижелі қолдану мұғалімнің біліктілігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты. Кәсіби дамуға ұмтылатын бәсекеге қабілетті маман өзінің негізгі қызметінен үзілмей жаңа білім алу жолдарын іздестіреді. Өз тәжірибесінде тәрбиенің жаңа формалары мен әдістерін іздестіреді.
Тәрбие әдістері – тәрбие мақсат-міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушінің өзара байланысты іс-әрекеті.
Тәрбие әдісі – тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің өзара байланыс іс- әрекетінде оқушылардың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына бағытталған педагогикалық жұмыс тәсілдері.
Тәрбиенің белсенді әдістері – тәрбиені қамтамасыз ететін әдістер жүйесі. Олардың қызығушылықтарын оятады және тәрбие мазмұнын жетілдіруге көмектеседі. Миға шабуыл, постер құрастыру, кейс-стади, дөңгелек үстел т.б. белсенді әдістер:
- оқушының жағымды мотивациясын қалыптастырады;
- танымдық іс-әрекетін дамытады;
- жеке жұмыс жасау қызметін белсендендіреді;
- оқу ақпараттарын тиімді қабылдауға көмектеседі;
- шығармашылық және сыни ойлау дағдысын меңгереді.
Интерактивті тәрбие әдістері өте тиімді, өйткені олар шығармашылық үшін кең мүмкіндіктер ұсынады, оқушылардың өзін-өзі жүзеге асыруына ықпал етеді. Бұл әдістер оқушыға білімді өздігінен іздеуге, шығармашылықпен айналысуға және тез шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
ДЖИГСО әдісі мектептің оқыту және тәрбие үдерісінде жиі қолданылады. Бұл әдісте тапсырмаларды орындау, сұрақ қою, шешім қабылдау т.б. мәселелер негізге алынады.
Белсенді әдістердің бірі конференция. Мысалы, ата-аналар конференциясында тәрбиеге байланысты өзекті проблемалар назарға алынады. Конференция барысында ата-аналар өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, баланы тәрбиелеудің тиімді жолдарын ұсынады. Тәрбиедегі келеңсіз жағдайлардың алдын-алуға көмектеседі.
Конференцияда әртүрлі тақырыптар қарастырылады. Атап айтсақ, «Бүгінгі отбасының құндылықтары», «Отбасына психологиялық көмек», «Баланы ғаламторға тәуелділіктен қалай құтқаруға болады», «Баланы тәрбиелеуде қолданатын жаңа әдістер» т.б.
«Біз шығармашыл жандармыз» атты ата-аналармен оқушыларға арналған көрме ұйымдастыру тәрбие жұмысының мазмұнын жетілдіреді.
Ата-аналармен және оқушылармен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың тиімді әдісі педагогикалық консилиум болып табылады. Консилиумға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі, педагог-психолог, әлеуметтік педагог, ата-аналар және басқа мамандар қатысады. Консилиумда тәрбиеге қатысты мәселелер қарастырылады. Консилиумның мақсаты- бала тәрбиесінде ата-аналарға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету.
Рөлдік, имитациялық және іскерлік ойындарды қолдану арқылы тәрбие мәселесіне қатысты сұрақтарды сараптауға болады.
Заманауи мектеп мұғалімі тәрбиенің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгерген тұлға ретінде қалыптасып келеді, ал инновация мен технология қарқынды дамып келе жатқан ғасырда мектеп мұғалімінің ата-аналармен және оқушылармен жұмыс жасау барысында кеңес берудің пайдасы зор. Кеңес беру арқылы мұғалім ата-анаға және оқушыға әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсетеді. Кеңес беру әртүрлі педагогикалық және психологиялық тақырыптардың аясында жүргізіледі. Ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты мынандай тақырыптар ұсынуға болады: «Отбасындағы бала тәрбиесінің мәні», «Тәрбиенің заманауи сипаты», «Баланың психологиялық портреті», «Әлеуметтік желі және бала тәрбиесі», «Ғаламтордың пайдасы мен зияны», «Дін және тәрбие» т.б. Осы тақырыптардың аясында мұғалім ата-аналарға және оқушыға кеңес береді. Бұл тақырыптар ата-ананы ойлануға және талқылауға үйретеді.
Сонымен қатар жиі қолданылатын әдістердің бірі- тренинг.
Тренингтер қатысушылардың өзара әрекеттесе отырып, мәселені әр қырынан талқылауын қамтамасыз етеді. Тренинг ағылшын тілінен аударғанда «train»-жаттықтыру, жаттығу деген мағынаны білдіреді. Тренинг – өзін-өзі тануға, өзін-өзі реттеуге, тұлғааралық қарым-қатынасқа, коммуникативті және кәсіби біліктілікке бағытталған психотерапиялық, психокоррекциялық және тәрбие әдістерінің жиынтығы.
Тренинг барысында оқушылар көптеген сұрақтарына жауап іздестіреді. Сол арқылы шешім қабылдауға үйренеді. «Отбасындағы жылу», «Ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас», т.б. тақырыптарда тренинг өткізу педагогикалық қарым-қатынастың стилін өзгертуге мүмкіндік береді.
Тағы бір әдістердің бірі-коучинг. «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында коучинг ұйымдастыруға болады. Мақсаты: Ата-ананың бала өміріндегі орны мен рөлін айқындау, ата-аналардың педагогикалық-психологиялық білімін жетілдіру. Атап айтсақ, «Біздің топтың жүрегі» жаттығуы арқылы жүректің адам ағзасындағы маңыздылығы туралы мағлұмат беріп, ата-ана мен баланың жүрегінің тұтастығын дәлелдеу. «Отбасылық құндылық ағашы» жаттығуы барысында ата-аналар топпен жұмыс жасайды. Отбасындағы құндылықтарын бейнелеу арқылы ағаштың суретін салады. Бұл тапсырма ата-аналардың шығармашылығы мен креативті ойлау дағдысын қалыптастырады.
Тәрбие сағатын өту барысында оқушыларға Синквейн құрастыртуға болады. Белгілі бір тақырыптар беріп, оқушылар сол бойынша, қысқаша мәліметтер келтіреді. Синквей құрастыру оқушының коммуникативтілігін айқындайды.
Әлемдік білім беру мен тәрбие бағытында соңғы жылдары белсенді әдістерді қолдану аясы кеңейді. Білім алу және тәрбиені ұйымдастыру мүмкіндіктері артты: қашықтан білім алу және тәрбие іс-шараларын өткізу, виртуальды кеңістіктегі әртүрлі тренингтер, онлайн-курстар, тәрбие тақырыбына өткізілетін вебинарлар, вертуальды лабораториялар,вертуальды көрмелер, тәрбиеге байланысты бейнедәрістер, мобильді оқу, электрондық және цифрлық білім алу ресурстары, оқыту мен тәрбиені ұйымдастырудың әртүрлі платформалары т.б.
Демек, қоғамдағы қарқынды даму қадамдарының жыл сайын жаңа өмір салтын құруына орай, мектеп мұғалімдері де орын алған өзгерістерді дұрыс қабылдап, өз әлеуетін көтеруге ұмтылуы қажет. Мектептің тұтас педагогикалық үрдісі осы мүмкіндіктерді дамытуға септігін тигізеді.
Бүгінгі күні бәсекеге қабілетті білім кеңістігін құруға бағытталған қазақстандық білім беру реформасының басты мақсаттарының бірі инновациялық технологияларға сүйене отырып, оқушының ақпараттық құзыреттілігін дамытуға мүмкіндік жасау. Бұл мүмкіндіктер тәрбие үрдісі арқылы жүзеге аспақ. Себебі, тәрбие жеке тұлғаның әлеуетін дамытатын құндылық.
Пайдаланған әдебиеттер
- Н.Ә.Назарбаев Елбасының Назарбаев Университеті студенттері алдында сөйлеген сөзі. 5 қыркүек, -2012.
- В.А.Сластенин Педагогика -М:Образование, -2009.С165
- І.Ж.Ізімғалиева Ата-анамен жұмысты ұйымдастырудың тиімді формалары http://www.zkoipk.kz/kz/ss2/896-conf.html
- Коучинг ата-аналар жиналысы: Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі https://infourok.ru/kouching-