Home » Мақалалар »    Қазақ тілін меңгертудің жолы – этнолингвистикалық атауларды оқыту

   Қазақ тілін меңгертудің жолы – этнолингвистикалық атауларды оқыту

Аманбаева Айжан Шәкірқызы
Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
Дарынды балаларға арналған мамандандырылған
«Дарын» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Ата-бабамыздан келе жатқан тіліміздегі халықтық атауларды бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Өткен тұрмысымызда болған, көбі әлі де қолданылып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік құқыққа байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атауларды, яғни этнолингвистикалық атауларды білу —  әр азаматтың міндеті.

Адам танымы қоршаған ортасына, өмір сүріп отырған ұлтына, мемлекетіне, айналасындағы табиғатына, дініне, діліне, ұлттық құндылығы мен ұлттық мәдениетіне, салт-дәстүріне тікелей байланысты. Осыдан келіп әр халықтың өзіне тән, тарихи-әлеуметтік даму ерекшеліктері мен өмір-тіршілігін, тұрмыс-салтын, дәстүрлеріне байланысты дүниетанымдық, рухани-материалдық, мәдени құндылықтарын этнолингвистикалық атаулардан іздестіру — бүгінгі таңдағы өзекті мәселе. Рухани жаңғыруға қарқынды бет алған тұста қазақтың ұлттық құндылықтарын меңгерту, соның ішінде тілдік жүйедегі этномәдени атаулардың мәні мен мағынасын түсіндіру, олардың бастапқы мағынасы қандай болғанын, бүгінгі күнге дейін қалай өзгергенін, тілімізде ұзақ жылдар бойы қай мағынада сақталғанын анықтау терең ізденісті талап етеді. Этномәдени бірліктердің дені материалдық және рухани мәдениет атаулары болғандықтан, қазіргі қолданыста жиі кездеспейді. Ал оқушылардың тілдік қорында күнделікті кездескен бұйымдары мен әрекеттері, жағдаяттармен шектеліп келеді. Оның үстіне ғылыми-техникалық прогресс легімен енген шеттілдік сөздермен толығып келеді. Ендеше әрбір қазақ баласы ошақ, бақыр, айтұяқ сияқты лексикалық бірліктердің көмескіленген мағынасын түсініп, абдыра мен сандықтың, бесті мен дөненнің айырмашылығын ажырата білуі тиіс. Сол үшін әсіресе қазақ тілі сабағында этнолингвистикалық атауларды оқытудың оңтайлы тәсілдері жіті зерттелуі қажет.

Академик Ә.Т. Қайдаров былай дейді: «Этнолингвистиканың негізгі зерттеу объектісі – этнографизмдер, кеңірек айтсақ, этнографиялық лексика. Бұл лексиканың құрамында өткен өмірді бейнелейтін сөздер мен сөз тіркестері көптеп кездеседі. Бірақ олардың бүгінгі ұрпаққа айқын бола да бермеуі мүмкін. Олардың арасында қолданыс аясы тарылып, о бастағы мағынасының күңгірттеніп, не мүлдем ұмыт болғандары да аз емес. Бұлардың этнографиялық мазмұнын, дәстүрлік қолданысын зерттеу этнолингвистиканың үлесіне тисе, тілдік табиғаты мен даму заңдылықтарын этнолингвистика деректеріне сүйене отырып, тарихи лексикология анықтайды» [1, 35 б.] Жалпы этнографизмдерді академик Ә.Т. Қайдари былай анықтайды: «Этнографизм дегеніміз – өткен тұрмысымызда болған, көбі әлі де қолданылып келе жатқан тұрмыстық бұйымдардың, белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа, салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге, баспанаға, киім-кешекке, ішер асқа, туыстық қатынасқа, ел билеу ерекшелігіне, заң тәртібіне, әдеттік правоға байланысты қолданылатын, халқымыздың тұрмыстық және тілдік өзіндік ерекшелігін көрсететін арнаулы атаулар мен сөз тіркестері» [1, 18-22 бб.].

Шын мәнінде, бастауыштан бастап жас балаларға этномәдени бірліктердің мәнін ашып түсіндіре бастаса, көптеген нәтижелерге жетеріміз анық. Алғашқы президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық баяндамасында осы мақсаттарды көздейді. Оның «Ұлы даланың жеті қыры» атты баяндамасында этномәдени тәрбие беру мәселесі көзделеді. Ол былай дейді: «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды. Бұл салт атты адамдардың ат құлағында ойнауына, ұрыс кезінде еркін қимылдауына мүмкіндік берді. Дала тұрғындары теріден, киізден, кендір мен жүннен, кенептен шалбар тікті. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Қазба жұмыстары кезінде табылған көне шалбарлардың қазіргі шалбардан еш айырмасы жоқ. Сонымен қатар, бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі» [2, 1 б.]. Этномәдени бірліктерді лексика-семантикалық жағынан топтарға бөлу дәстүрі сақталғандықтан, біз де осы жүйеде бөлуді жөн санадық. Қазақ тіліндегі этномәдени бірліктер «1) Ас-тағам атаулары; 2) Құрал-жабдық, бұйым, ыдыс-аяқ атаулары; 3) Киіз үй, оның жабдықтары атаулары; 4) Төрт түлік мал атаулары; 5) Уақыт, мезгіл атаулары; 6) Киім атаулары; 7) Салт-дәстүрлер атаулары; 8) Ұлттық ойын атаулары» деген семантикалық топтардан тұрады.

Қазақ тілінде қой жасына байланысты этномәдени атаулар жиі кездеседі. Мысалы: Қозы, бағлан, марқа, кепе, тоқты, тұсақ, қошқар, ісек т.т. Ал түйе атаулары да жастарына байланысты бота, тайлақ, қаймалша, атан, інген, бура деп қолданылады. Ал сиыр малына байланысты тана, өгіз, бұзау, бұқа, тайынша, баспақ сөздері жиі қолданылады. Жылқыға қатысты үйір, табын, айғыр, жорға, бие, байтал, құлын, жабағы, бесті, дөнен, құнан, жүйрік, тұлпар т.б. сөздер жиі қолданылады.

Уақыт, мезгіл атауларына бесін, екінді, дүрек, қас қағым, сүт пісірім, бие сауым, ет пісірім  деген атауларды жатқызсақ, киім атауларына мынадай шапан түрлері кездеседі: «Қара шапан, сары пай шапан, қаптал шапан, күпсер, күмпей шапан, қауыма – мақталы шапан, сырмақ – сырып тігілген шапан, қималы шапан, шеге шапан, шығыт шапан, шығыт шапан» [2, 275-276 бб.].

Салт-дәстүрлер атаулары. Тілімізде көптеген салт-дәстүрлерде этномәдени бірліктер қолданылып отырады. Академик Ә.Т. Қайдаров ол туралы былай дейді: «Мәселен, тіліміздегі ежеғабыл, барымта, әмеңгерлік, ерулік, қарулық, салбурын т.б. осы сияқты сөздер мен бес аспап, бес қонақ, жеті қазына, тоғыз төлеу сияқты жүздеген этнофразеологизмдердің тиісті сөздіктерде берілетін мағынасы мен шын мәнісіндегі этнографиялық мазмұны арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Бұлардың әрқайсысы ең аз дегенде қысқаша этнографиялық этюд көлемінде анықталуға тиісті ұғымдар» [1, 37 б.]. Бұл мәселеге қатысты еңбектерге этнографтар А.Қайдар, Р.Шойбеков, Ж.Бабалықұлы, А.Сейдімбеков, Б.Хинаят т.б. зерттеулерін жатқыза аламыз. Алғаш рет қазақ халқының саятшылық кәсібі туралы жеке ғылыми еңбек ретінде Ж.Бабалықұлы мен А.Тұрдыбаевтың авторлығымен жарық көрген «Саят» кітабы болды.

Қорыта келе, жоғарыда сөз болған этномәдени бірліктерді бастауыш мектептен бастап оқытудың тиімді жүйесін іздестірсек, жақсы нәтижелерге жеткізері сөзсіз деп санаймыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қайдаров Ә.Т. Қазақ тілінің тарихи лексикологиясы: проблемалары мен міндеттері // Қазақ тілі тарихи лексикологиясы мәселелері. – Алматы: Ғылым, 1988. – 7-15 бб.
  2. Манкеева Ж.А. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. – Алматы: «Жібек жолы» баспасы, 2008. – 356 б.
  3. Назарбаев Н.Ә. Ұлы даланың жеті қыры. Егемен Қазақстан. 21.11.2018.
  4. Тоқтағұл Б.С. Түркі тілдеріндегі төрт түліктің жасына қатысты атаулардың этнолингвистикалық сипаты: филол.ғыл.канд….автореф. – Алматы, 2005.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.